Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ғани ДАРМАҒАМБЕТ: Мәдениетіміз биік болса, мәртебеміз биік

Ғани ДАРМАҒАМБЕТ: Мәдениетіміз биік болса, мәртебеміз биік

Қай уақытта болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. "Мәдениеттің өсуі – елдің өсуі, ұлттың өсуі" деген дана халқымыз – рухани бай дүниесінің өлшемі мен өресін де осы мәдениетпен ұштастырған. Қазалы ауданының арман-мақсаты бір осынау өнер саласының жампоздары тоғысқан орта – аудандық мәдениет орталығы. Жақында орталық директоры Ғани Дармағамбетпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Ғани Хайруллаұлы, жыл басында су жаңа мәдениет үйіне орналастыңыздар. Қонысы құтты болсын! Жаңа ғимараттың құрылымы, мүмкіндігі, жайлы һәм жайсыздығы жайлы айта отырсаңыз...
– Мәдениетіміз биік болса, мәртебеміз биік. Мәдениетті дамыту арқылы біз келешегімізді бағдарлай аламыз. Рухани бай дүниенің өлшемі мен өресі де осы мәдениет пен өнер шоқтығында жатыр. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады. Қазалы ауданы үшін 2024 жыл жақсы жаңалықпен басталды. Қаңтар айының 11 күні жаңадан салынған 600 орынды Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығының жаңа ғимаратының ашылу салтанаты облыс әкімі Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлы және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Әбенов Мұрат Абдуламитұлы, Жайымбетов Мархабат Жайымбетұлы, Ергешбаев Мұрат Нәлқожаұлы қатысуымен өтті. Жаңа мәдениет орталығының биік еңсесі алыстан көз тартады. Заманауи талаптарға сай бой көтерген ғимаратта 600 орындық концерт залы, конференция залы, кітапхана, сонымен қатар 231 мүшесі бар әртүрлі 15 үйірме бөлмелері және аудан тұрғындарының мәдени демалысына қажетті мүмкіндіктер қарастырылған.
– Жалпы мәдениет үйіне тәжірибелі, жас мамандар тарту жағы қалай жүріп жатыр?
– Қазалы – өнер қонған өлке. Тәжірибелі маман мәдениетке деген жаңаша көзқарас керек дегенді айтады. Көпшіліктің көз алдына "Мәдениет" десе ән айту мен күй тарту келері сөзсіз. Негізгі мағынасы өте кең. Жалпы ауданымызда мәдениет пен өнерді дамыту саласында атқарылып жатқан игі істер көп. Осы игі істерді ұйымдастыруда басы-қасында жүрген, талай тәжірибелі, өнерлі жастарымыздың еңбегі де бар. Жастарды мәдениетке тарту жағы жоғары. Жыл сайын тәжірибелі жас мамандармен жұмыс жасап келеміз.
– Құбылған заманда құбыладан жаңылмас үшін құндылықтар қажет екені белгілі. Аудан жастарын мәдени ортаға бейімдеп, руханиятымызды сіңіруде қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Қазалы топырағынан атағы жер жүзіне мәлім болған батырлар мен ақын-жазушылар, мемлекет, қоғам қайраткерлері, өнер шеберлері де шықты. Қазақстан мен Орта Азия жастарының жалынды жетекшісі – Ғани Мұратбаев, Қазалының қызы, қазақ елінің бұлбұлы, «Халық Қаһарманы» – Роза Бағланова, Мәдина Ералиева және тағы басқа мақтауға да, мақтануға да тұрарлық дарабоздар, қаламы қарымды ақын-жазушылар Қазалы топырағының даңқын асырды. Кезінде Қорқыт бабамыз күңіренте тартқан  күй сазы заман ағысымен бірге бүгінгі ұрпақтардың да жүрегіне жыр болып құйылған. Осы өнер турасында сөз болғанда ойымызға алдымен әншілер түсетіні ақиқат. Қазалы топырағы ән өнерінің тума таланттарын Роза апамыздың ізін жалғастырушы жастарымыз жетерлік. Ауданда соңғы жылдары жұлдыздай жарқырап шыққан, дәстүрлі  әндерді шырқап, ел жүрегінен орын алған Өмірзақ Жанболат, Елмұра Мәдиқызы. Халықаралық байқаулардың лауреаты Сәкен Қуантқанұлы, Гүлдана Мұратбай, Айнұр Қарлыбай, Ұлбосын Кемал, Серік Мадияр, Аман Мәдина  және тағы басқа да өнерлі жастарды мақтанышпен айта аламыз.
Қазіргі таңда ауданымыздағы мәдениет саласының және өнерпаздардың шығармашылығын дамыту мақсатында түрлі аудандық, облыстық, республикалық байқаулар жаңа «Бізбен бірге» жобалар өткізіп жатырмыз. Жүйелі түрде атқарылып жатқан жұмыстарымыздың ең бастыларына тоқталар болсақ, аудандық әншілер, бишілер, қолөнер, қылқалам шеберлері арасында конкурстар өткізілуде. Ұмыт болған салт дәстүрлерімізді ғұрыптық жанрда дәріптеу мақсатында республикалық халықтық отбасылық ансамбльдер байқауы, «Жайлаудағы ауыл келіні» ауыл келіндерімен байқау, әжелер байқауы, ақындар айтысы өткен болатын. Ал біз мәдениет саласындағыларға халықтың қошеметі, еткен еңбегіміздің жемісі деп білеміз. Сонымен қатар жас жеткіншектердің де өнерін шыңдау назарымыздан тыс қалған емес. Жастармен тығыз байланыста жұмыс жасау барысында «Жайдарман» ойыны аудан жастары арасында ұйымдастырылып өткізілді.
– "Қазалы" дегенде сырттағы жұрттың көзіне найзасына жауын түйреген Жанқожа батыр мен Жанкентте туған қобыздың атасы Қорқыт елестейтіні сөзсіз. Қос тұлғаның есімін ұлықтап, келер ұрпақ жадында жаңғырту үшін жыл сайын түрлі жобалар ұйымдастырылып, шаралар өтетінін білеміз. Биыл қандай жоспар бар?
– Ұлтымыздың әдет-ғұрпын, туған ел, туған жеріміздің тарихын насихаттау біздің  мақсатымыз.Өткен жылы Қазалы ауданының 95 жылдығы аясында өткізілген «Туған өңір, тұнған өнер» атты көркемөнерпаздар фестивалі жалғасын табуда. Осы өңірде туылып, алты алашқа өнерімен, батырлығымен, ақындығымен, әншілігімен, жыршылығымен танылған Ұлы тұлғаларға биыл мерей той. Атап айтар болсақ, қазақтың аса көрнекті мемлекет қайраткері, атақты шешен, би Әйтеке Бәйбекұлына – 380 жыл, Ұлы қолбасшысы, батыр Жанқожа Нұрмұхаммедұлына – 250 жыл, Жырау Әмитжан Бөріқұлақовқа – 100 жыл, Қоғам қайраткері Елеу Көшербаевқа – 95 жыл, Көрнекті қаламгер, публицист жазушы  Әлмәмбет Әлішке- 85 жыл, Режиссер, сахнагер, қылқалам шебері Жәдігер Тұрсыновқа – 85 жыл, Драматург, ақын  Рүстем Ідірұлы Жанайға – 80 жыл, Қазақтың Ақбаяны атанған, күміс көмей әнші Мәдина Ералиеваға – 70 жыл, Жергілікті сазгер Батырхан Нұрымбетовке – 60 жылдығына орай «Туған өңір, тұнған өнер» атты аудандық өнер фестивалі екінші рет өткізілуде. Фестивальдің мақсаты – отанымыздың төл мәдениетін дәріптеу арқылы ұлылардын ұлы ісін ұлықтау.
Қазіргі уақытта азаматтарды жан-жақты дамыту, күнделікті үдеріске және өзгеріске бейімдеу барысында мәдени құндылықтарымыз бен ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттау мақсатында «Адал адам» мәдени-тәрбие орталықтарын құру облыс басшысының тапсырмасымен жаңа жобасы іске асырылуда. Осы жоба аясында «Кино-time», «Креативті орталық», «Сұхбат тайм», Еріктілер тобы, «АРТ уақыт» бағдарламалары арқылы көпшілік мәдени шаралар атқарылады деп жоспарлап отырмыз.
– Аудандық мәдениет орталығының тындырымды жұмыстарын көз көріп жүр. Жалпы мәдениет, өнер саласының мамандарына мемлекет тарапынан қаншалықты көңіл бөлінген?
– Мәдениет мамандарына мемлекет тарапынан көптеп көмек берілуде. Атап айтар болсақ, соңғы бес жыл бойына мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысы көтерілуде. Сонымен қатар мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдікпен тұрғын үй бағдарламалары арқылы баспаналы болып жатыр. Әріптестерімізге қосымша бизнес ашуға рұқсат етілген. Жыл сайын сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі тойланады. Бұл да мемлекет тарапынан мәдениетке қолдау деп білемін.
– Ескі жыл аудан мәдениеті үшін қандай жағымды жаңалықтар мен жетістіктер әкелді?
– Қызу мәдениет саласында сапырылысқан жұмыс еш уақытта толастамайды, бірін болдың дегенде екіншісі кезекте тұрады. Соның бәріне баға беру көп адамның қолынан келе бермейді. Ал әрбір мәдени шараның ұлтымыздың руханиятына қызмет жасайтыны, таным көгін таразылайтыны айқын. Өзім Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында үш жылға жуық жұмыс жасап келемін. Мен келгелі халықаралық, республикалық, облыстық конкурстар, мерейтойлар аясында ауқымда шаралар атқарылуда. Атап айтар босақ, 2022 жылы Роза Бағланованың 100 жылдығы аясында үлкен республикалық көлемінде көпшілік мәдени шаралар өткізілсе, 2023 жылы Қазалы ауданының 95 жылдығына орай түрлі ауқымда шаралар ұйымдастырып, "Қазалы – қара шаңырағым" атты мағынаға толы дүбірлі мерекелік той өтті. Бұл шараның өткізудегі басты мақсаты – ауданымыздың мерейтойы аясында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, төл тарихымызды таразылап, дәстүрлі мәдениетімізді, бабаларымыздың рухты жігерлерін жас ұрпақтарға насихаттау болатын. Қазалының өнерлі өлке екенін паш ету.
Осы мақсатта Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығының ұйымдастыруымен Қазалы ауданының тарихынан сыр шертетін театрландырылған қойылым ұсынылды. Қойылым барысында – ежелгі Жанкентте өмір сүрген Оғыз қыпшақтарының көсемі Қорқытты, Жанкент шаһарының сұлулықпен пәктіктің үлгісі болған, аңыз ана – Бегім ананы, Орта Азия мен қазақ халқына ортақ батыр болған- Жалаңтөс баһадүрді, жау -жүрек – Жанқожа батырды, қазақ халқының үш арысының бірі, айыр тілді шешен- Әйтеке би, Қазақстан мен Орта Азия жастарының жалынды жетекшісі – Ғани Мұратбаев, Шығыстың бұлбұлы, қаһарман қыз – Роза Бағланова, күміс көмей әнші, қазақ елінің бұлбұлы – Мәдина Ералиеваны, жергілікті композитор – Кеңес Дүйсекеевтер туралы сахналанды. 100 домбырашы «Балбырауын» күйін орындаса, 100 биші Қазалы ауданының 95 жылдығын бейнелеп қойылым биін халыққа ұсынды. Түрлі көрмелер ұйымдастырылып көсрсетілді.
Әрине, осы аталған  мәдени шараларды аудан әкімінің қолдауымен өткізіп келеміз. Осындай үлкен қолдауларды сезінген біз секілді мәдениет қызметкерлері алдағы уақытта да халыққа сапалы қызмет ұсына береді.
– Сұхбатыңыз үшін рахмет!
Әңгімелескен
Серік АҚМЫРЗА
10 ақпан 2024 ж. 684 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031