Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мәдениет пен өнер – болашақтың бастауы

Мәдениет пен өнер – болашақтың бастауы

Қай кезеңде де, қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Мәдениеттің өсуі – елдің өсуі, ұлттың өсуі, дейді qazaly.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Тәуелсіздігіне тәубе етіп, кемелді ел болуды мұрат тұтқан халқымыздың рухани бай дүниесінің өлшемі мен өресі де осы мәдениет пен өнер шоқтығында жатыр. Ендеше осы саланы ұршықша иіріп, дарынды жандардың талабын шыңдап жүрген Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы Болат Жолтаевпен өрбіген сұқбатты оқи отырыңыздар.
– Бүгінде мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты мәдениет орталығы, кітапхана және кент, қала, ауылдық округ әкімі аппараттарына қарасты мәдениет үйі мен клубтарымен қосқанда 50 мекеме халыққа қызмет көрсетеді екен. Халықты қуантатындай жаңалықтарыңыз бар ма?
– Кәукей ауылына 100 орындық ауылдық клуб құрылысын бастадық. Сонымен қатар, Майдакөл, Шәкен ауылдарына да 100 орындық клуб салу үшін жергілікті бюджеттен мемлекеттік сатып алу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлінді. Енді тиісті шаруалары жүргізілуде.
Материалдық техникалық базаны нығайту мақсатында Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығына дыбыс күшейіткіш аппаратурасы алынды. Р.Бағланованың 100 жылдығына орай ардагерлерге арналған және «Ән әлемінің падишасы» атты кітабы шығарылды.
Мәдени шараларды өткізуге барлық мәдениет ошақтарына жергілікті бюджеттен қаражат қаралды. Соның арқасында жоспарға сәйкес 10 айда 1219 мәдени шара өткізілді.
– Керемет. Біршама жұмысты атқарыпсыздар. Тарқатып айтып өтсеңіз...
– Атап айтқанда, КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы, әнші Р.Бағланованың 100 жылдығына, Шығыстың жалынды жетекшісі Ғ.Мұратбаевтың 120 жылдығына, кемеңгер, қоғам қайраткері А.Байтұрсыновтың 150 жылдығына, Кеңсе одағының батыры, Ү.Түктібаевтың 105 жылдығына, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын Ж.Макеналының 70 жылдығына, жазушы М.Қаназдың 80 жылдығына және басқа да атаулы мерекелер мен мейретойларға байланысты мәдени шаралар ұйымдастырылуда.
Жыл басынан бері қалалық мәдениет үйінде Ғани Мұратбаевтың 120 жылдығына орай «Шығыстың сенсің өрен ері» атты тарихи-танымдық онлайн іс-шарасы, Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған «Ақсұңқарым» атты аудандық онлайн әншілер байқауы, Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Өнер алды – қызыл тіл» атты аудандық концерт жүргізушілер конкурсы өтті.
Сонымен қатар, «Жігіттің сұлтаны» атты аудандық жігіттер сайысы, «Бізбен бірге» сұқбатты кеші, ауданымыздағы клуб – кәсіпорындарының жұмысын жақсарту мақсатында халықтық ұжымдар мен әдіскерлер арасында «Мәдениетті-өркендету заман талабы» атты аудандық семинар болды.
Мұнымен қоса, «Қазалы аруы» сұлулық байқауы, Бозкөл ауылында зергер, ұста Жәлен Ерімбетұлының 120 жылдығына орай «Ұлттық қолөнер – ұрпаққа аманат» қолөнер шеберлерінің байқауы, Бекарыстан би ауылында «Ауылым алтын бесігім» облыстық ақындар айтысы жоғары деңгейде жүргізілді.
Басықара ауылында Ұлы Отан Соғысының ардагерлері Ағжап Өтемұратов пен Түрікпен Мұсабаевтың 110 жылдығына орай «Ақтілеуі атаның, орны бөлек батаның» атты ата мен немерелер арасындағы облыстық батагөйлер сайысы өткізілді. Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтың 120 жылдығына орай «Мен Ғанимын» атты облыстық ақындар мүшәйрасы, «Замана заңғары – Ғани» атты облыстық әншілер, қылқалам, қолөнер шеберлерінің фестивалі ұйымдастырылды. Халық ақыны Ібайдулла Қалниязов атындағы «Жақұт жырдың шайыры» атты облыстық жас ақындар айтысы, күйші, ұстаз Әбен Жолтаевтың 85 жылдығына арналған «Күй – қазына, терме – тәлім» атты аймақтық күйші-домбырашылар мен термешілер байқауы болды. Тізе берсең көп, осы сынды тағы бірнеше шаралар өтті.
– Әрине, мұндай ауқымды шараларды өткізу оңай емес. Қаншама еселі еңбек пен ұйымдастырушылық қабілет қажет екендігі шындық. Бір күніңізді жоспарсыз өткізбейтін талапшыл жан ретінде жақсы білеміз. Осы күні қандай істерді жүзеге асырудасыздар?
– Қазір ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар жанынан барлығы 139 үйірме жұмыс жасаса, оларға 1632 қатысушы тартылған. Оның ішінде, 8-халықтық ұжым, терме, би, ән, домбыра, қобыз, драма, ақындар, әжелер ансамблі, вокалдық аспаптар ансамблі, «Қазалы қалжыңы» ойын-сауық отауы, №1 және №2 жылжымалы мәдени-демалыс кешендері, Әжелер ансамблі, «Қазалым – наз әнім» үгіт керуені, қуыршақ балалар театры, «Ақжелең» бишілер, «Сейхун» этно-рок тобы және тағы басқа үйірмелер жұмыс істейді.
Сонымен қатар, халықтық атағы бар Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығы жанындағы Ж.Тұрсынов атындағы, Қазалы қалалық мәдениет үйі жанындағы және Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйі жанындағы халық театры, «Мырза» атындағы халық оркестрі, «Қорқыт сазы» фольклорлық, «Әуезовтер отбасы», «Мелодия» орыс ұлттық аспаптар, Әйтеке би кенттік клубы жанындағы «Атамұра» ардагерлер халықтық ансамблдері ауданымызда ұйымдастырылатын іс-шараларда өнерпаздар мәдени көпшілік қызмет көрсетіп келеді.
Жәдігер Тұрсынов атындағы халықтық театрының 60 жылдығына орай «Театр – өмір айнасы» атты театр-драма ұжымдарының аудандық фестивалі, Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінің халықтық театрының 30 жылдық мерейтойына орай С.Жүнісовтің «Сабалақ Абылай» спектаклі, Қазалы қаласында Ғани Мұратбаевтың 120 жылдығына Халықаралық театр күніне орай «жас Ғани» атты аудандық Ғани Мұратбаевтың өмірінен сахналық қойылымдардан аудандық драма ұжымдар арасында байқауы өткізілді.
– Биыл «Балалар жылы» деп жариялануына байланысты қолға алынған дүниелер көп деген ойдамын.
– Әрине, балалар және жасөспірімдермен жұмысты жандандыру және балалар шығармашылығын қолдау мақсатында мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындары жанынан балаларға арналған түрлі үйірме ашылды.
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бойынша 26 кітапхана халыққа рухани қызмет көрсетеді. Осы жылы тиісті ақша бөлініп, 715 дана кітап сатып алынды. Оның ішінде, балаларға арналған оқулықтар да бар.
Кітапхана саласы бойынша 578 шара өткізіліп, 343 көрме ұйымдастырылды. Кітап қоры осы күні – 565554-ке жетті. Түскен кітап саны – 770, оқырман саны – 21796, келуші саны – 195276, кітаптың берілімі – 386431 болып тұр.
– Аудан көлемінде тарихи-мәдени ескерткіштер жетерлік. Мемлекеттік маңызы бар көне жәдігерлердің жайы қалай реттелуде?
– Қазіргі таңда Қазалы ауданында республикалық маңызы бар мемлекет қорғауына алынған – 6, 55 жергілікті дәрежедегі және 41 алдын-ала есепке алынған, барлығы 102 тарихи-мәдени ескерткіш бар.
Бүгінгі күнге дейін 102 ескерткіштің 21-нің қорғау аймағы белгіленсе, 93-не қорғау тақталары орнатылды. Төлқұжаттары жасалып, теңгерімге алынған.
2022 жылы тарихи-мәдени мұра объектілерін алдын-ала есепке алу тізіміне Сарбұлақ ауылдық округіндегі «Моншақ кесенесі», Әйтеке би кентіндегі «Бегім ана» және «Асандар көтерілісі» ескерткіштері де есепке алынды. Әйтеке би кентінде жаңадан орнатылған Жалаңтөс баһадүр ескерткіші теңгерімге алынып, мемлекеттік тізімге алу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, 18 сәуір ескерткіштер күніне орай Жанкент қалашығына тарих жанашырлары және мектеп оқушыларымен бірге ауданда орналасқан ескерткіштерге саяхаттар мен түрлі мәдени-шаралар ұйымдастырылды.
Қазалы қаласында орналасқан Ғанибай мешіті ғимаратына жай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаз мезгілінде Қазалы қалалық «Жастар үйі» атауымен пайдалануға берілді.
Биыл аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға тарихи-мәдени сараптама жасату, тарихи-мәдени ескерткішті жергілікті маңызы бар дәрежеге көтеру мақсатында 6 және 2 тарихи-мәдени ескерткішке қорғау тақта орнату жұмыстары жүргізілді.
– Мемлекеттік тіл саясатын іске асыруда қиындықтар жоқ па?
– «Қазақстан Республикасындағы Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Қазалы ауданының іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Қазалы ауданы әкімдігінің екі жыл бұрын қаулысы бекітілді.
Биыл тіл саясатын іске асыру үшін аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, бүгінгі күнге 9 мәдени көпшілік іс-шара өткізілді.
2022 жылдың 9 айы бойынша аудан әкімі аппараты, қала, кент, ауылдық округтер мен дербес бөлімдерде 26660 хат мемлекеттік тілде шығысталса, 59362 хат мемлекеттік тілде, 413 хат орыс тілінде кірістелді.
Көрнекі ақпарат мәселесі: «AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалының жанынан құрылған «Таза тіл» тобының жылдық жоспарына сәйкес «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы заңының 21-бабына 2021 жылы енгізілген өзгерістерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Көрнекі ақпараттар көп шоғырланған Әйтеке би, Жанқожа батыр, В.Счастнов, Қ.Пірімов көшелері мен базар, вокзал маңындағы дүңгіршектерге кәсіпкерлік нысан иелеріне заң талаптарын түсіндіру барысында барлығы 85-ге жуық кәсіпкерлік объектіні аралап, оларға «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 21-бап талаптары жазылған парақшалар таратылды. Әдістемелік көмек көрсетілді. Жоғарыда аталған кәсіпкерлік ғимарат иелеріне заңға қайшы жарнамаларды ауыстыру қажеттігі ескертілді.
Сондай-ақ, халыққа қызмет көрсету орталығына, аудандағы банк филиалдары мен нотариустарға «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» ҚР заңдарына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Аталған субъектілер өз кезегінде мемлекеттік тілді қатаң басшылыққа алып, жұмыс жасайтындықтарын білдірді.
– Ауданның ономастикалық жағынан ақсаңдап тұрған тұстары бар. Бұл мәселелер қалай шешілуде?
– Қазалы ауданы бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген, мән-мағынасыз атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы бекітілді.
ІІ жартыжылдық бойынша аудандық ономастика жұмысшы тобының 1 отырысы өткізіліп, онда 1 елді мекен, 3 көшеге атау беру жұмыстары қаралды.
Облыстық ономастика комиссиясына Қазалы ауданынан 2 объекті, 21 көше, 1 саябаққа атау беру және қайта атауға ұсыныстар беріліп, 1 көше қолдау таппады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
21 қараша 2022 ж. 80 0

Бүгінгi жаңалықтар

Руханият

Қорғанды қамал

Қорғанды қамал

08 желтоқсан 2022 ж.
Құнды мұра

Құнды мұра

08 желтоқсан 2022 ж.
Қойнауы сырға толы мекен

Қойнауы сырға толы мекен

08 желтоқсан 2022 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2022    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
  • Қытайда екі миллиардтан астам вакцина салынды