Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Білікті маманға жұмыс қай кезде де табылады

Білікті маманға жұмыс қай кезде де табылады

Бүгінде көп жастар шет ел асып білім жолын қуғанды құп көреді. Осыдан соң өзге елдің мәдениеті, тұрмыс-тіршілігімен танысып келген олардың ойлау қабілеті де қарымды болары сөзсіз. Кез келген ортада ерекшеленіп, ойын ашық айтып, көпшілікпен тіл табысып кетуі де тез. Тіпті шет елде сапалы білім алып, білікті мамандар қатарын толықтыруы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Қазірдің өзінде әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандықтар қаншама?! Мұндай жастар қатары Қазалы ауданында да бар. Жуырда Түркияның Нийде қаласында орналасқан Омер Халисдемир университетінде білім алып жатқан жерлесіміз Айсәуле Қаржаубаймен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Айсәуле, өзге елде білім алу туралы ой қайдан келді? Әлде Түркияда оқу туралы ұсыныс жасағандар болды ма?
– Нақты біреу жол көрсетті деп айта алмаймын. Өйткені шет ел көру менің бала күнгі арманым болатын. Алып мемлекеттерді аралап, олардың тұрмыс-тіршілігімен танысып, саяхаттауды қалайтынмын. 2020 жылы №266 мектеп-лицейді бітіргеннен кейін Түркияның Нийде қаласындағы Омер Халисдемир университетіне құжат тапсырдым. Бағыма орай осы білім ордасының студенті атану бұйырды.
Шынында шет елге кетіп білім жолын қуамын деген адамға мүмкіндік өте көп. Оған елдегі бағдарламалар дәлел. Соның арқасында талай жас өзге мемлекеттерде болып, өзін шыңдап келді. Бірақ мен бағдарламамен емес, тікелей осында келдім. Ал Түркиядағы білім ошақтарына «Түркия бурслары» деген бағдарламамен де түсуге болады.
– Бүгінде шет елде білім алған қазақстандықтардың көпшілігі сол жақта қызметте қалуды көздейді. Сізде мұндай ой жоқ па?
– Рас. Жат елге жеткен жеткіншек әуелгіде онда үйренісе алмағанымен, кейін сіңісіп кетеді. Сосын ондағы мүмкіндіктің көп екенін, жұмыс орындарда жалақының жоғары екенін айтып тұрақтап қалады. Мүмкін ол да дұрыс шығар. Алда не күтіп тұрғанын білмейміз. Мен де нақты ештеңе айта алмаймын. Барлығы уақыттың еншісінде. Бірақ әрбір жат жердегі қазақ баласы сол жақта алған тәжірибесімен Қазақстанға келіп жұмыс жасауы қажет.
– Түркияға барған бастапқы уақыттағы өзгерістерді қалай қабылдадыңыз? Тіл мәселесі қаншалықты қиындық туғызды?
– Әрине ол уақыт алды. Бірақ мәдениеті мен тілімізде ұқсастық болғаны үшін аса қатты қиын болмады. Түріктер өте қонақжай халық. Мұнда «қазақпын» десеңіз, жылы қабақ танытып, өздеріне жақын тартады. Күлімсіреп, ашық әңгімелерін айтады. Бастапқыда сөйлесу, түсінісуді білгеніммен өз мамандығымдағы терминдер қиындық тудырғаны рас.
Айтпақшы, мұнда шет елден келген студенттер бірден оқуды бастап кете алмайды. Ол үшін сіз арнайы 1 жыл тіл курсынан өтіп, сертификат алғаннан кейін ғана сабақты бастап кете аласыз.
– Түркияны сипаттап берсеңіз? Сол жақтағы жерлестер жиі бас қосып тұрасыздар ма?
– Қонақжайлылығынан қазақтан кем түспейтін түрік ұлты үйіне келген қонақты жоқ дегенде бір кесе шай ішкізбей жібермейді. Қазақтармен бірге өскен түріктер арасында нан ауыз тию салты да қалыптасқан. Алғыс айту, кешірім сұрау қарапайым түрік ұлтына тән қасиет.
Жалпы мұсылман қауымның әдет-ғұрыптары бірдей болмаса да, ұқсас келеді ғой. Мысалы, түріктер де туыстық жақындықты әке жағынан есептейді. Қазақтар сияқты құда түсу салты да бар. Мұнда жаңа жыл немесе туған күн деген жоқ. Көбіне тойлана бермейді. Сосын біз білетін «Тутамас» әнін Түркияда айтуға болмайды. Білуімше, осы әннің әсерінен сәтсіз махаббатқа ұшыраған жасөспірімдер әннің сөзін қағазға жазып, өмірімен қош айтысқан. Сондықтан бұл туындыны орындауға қатаң тыйым салынған.
Түркияда білім алып жатқан Қазақстандықтар аз емес. Көбіне сабақтан босай бермейміз. Дегенмен ара-тұра мерекелерде, демалыстарда бас қосып тұрамыз.
– Білуімізше, архитектор мамандығын алып шығасыз. Неге бұл мамандықты таңдадыңыз? Алдағы уақытта елден осы салада жұмыс таппай қаламын деп қорықпайсыз ба?
– Жаныма жақын болғаны осы мамандық. Бұл сала ешқашан өз маңыздылығын жоғалтпайды. Яғни, құрметті мамандық деп толықтай айта аламын. Архитекторлар болмаса қала жобалары көріксіз болар еді. Мұнда суретшілік өнерің болмаса барлығы қиын болады. Әртүрлі құрылыстың дизайндарын ойластырып, үздіксіз шығармашылық жұмыстарын жасап жүруің қажет.
Елде осы салада еңбек етіп жатқан жандар жеткілікті. Оның үстіне, білікті маман кез келген жерден жұмыс таба алады. Мен де өз саламның үздігі болу үшін қазіргі таңда көп ізденіс үстіндемін.
– Қазақстанда сәулет-құрылыс өнері қандай деңгейде? Біздің елдегі осы тұрғыда жасалған жұмыстар туралы не айтасыз...
– Қазақстанның тарихи және заманауи архитектурасы өте бай. Біздегі бір ерекшелік – жаңа туындыларда заманауи архитектураны ғана қолданып қана қоймай, тарихи сәулетімен ұштастырып ерекше туынды шығаруы. Сондықтан да сәулет-құрылыс өнерінің деңгейі жоғары.
Маған Нұр-Сұлтан қаласының архитектурасы қатты ұнайды. Сондай-ақ ондағы осы саладағы мамандар әр уақытта әлем назарын аудартар жаңа туындылармен таң қалдыруын жалғастыруда. Өз басым алдағы уақытта сәулет өнерін дамытуға үлкен үлесімді қосқым келеді. Көптеген елдің сәулет өнерімен танысып, ерекше туындылар жасағым келеді.
– Ашық әңгіме өрбіткеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Абзал ЖОЛТЕРЕК
10 наурыз 2022 ж. 625 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 65

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 60

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930