Мақсаты анық Жақсат
Студенттік кезімде мамандығыма байланысты Google, Youtube сияқты ірі компаниялардың басты офистеріне барып, білім алуды армандайтын едім. Ол жай қиял емес-тін. Аталған порталдардың жұмыс барысымен танысуға қол жеткізер болсам, біріншіден шетел көремін. Басқа халықтың мәдениетімен танысып, шет тілін оңай меңгеруге болады деп ойладым. Виртуалды әлемнің үздіктерімен жүздескесін бос қайтпасым да анық еді. Яки, мол тәжірибе жинап алуға мүмкіндік бар. Бірақ, тағдыр менің басқа адам болғанымды қалаған болса керек. Есесіне жақында бірнеше елде білім алған қазалылық Жақсат есімді жігітпен жүздесудің сәті түсті.
Жақсат Басен 7 сыныпқа дейін Жанқожа батыр атындағы №70 мектепте білім алды. Бұдан кейін Ақтөбе қаласындағы “Сымбат” мектебіне ауысып, оны 2014 жылы Алтын белгімен бітірген. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 125 ұпайдың 122-сін жинайды. Осылайша Алматы қаласындағы КИМЭП Университетіне АҚШ үкіметі қаржыландыратын “US-CAEF” стипендиялық бағдарламасы негізінде грантпен оқуға қабылданды. Жақсат оқуға түскен уақытын: “Бұл кезеңді мен алғашқы сынақтардан сүрінбей өтіп, үлкен өмірге қадам басқан шағым деп санаймын. Себебі, осы уақытта шетел аралап, тың дүниелерді меңгеруге деген құлшынысым оянды”, – деп еске алады.
Жастайынан білімге құштар Жақсат оқу ордасын қызыл диплом иегері ретінде тәмәмдайды. Осы тұста “Алматының ең үздік 100 студенті” сайысының жеңімпазы атанады. Алып мегаполис жастарының арасынан үздік шығу кім көрінгеннің қолынан келе бермейтіні анық. Бұл да болса Жақсаттың ғылым-білімге деген ынтасын көрсетсе керек.
Адам баласының бір биікті бағындырғаннан кейін, келесісіне тәуекел етуі – заңдылық. Сол сияқты Жақсат та оқу ордасын ойдағыдай аяқтаған соң шетел асып, білім алуды ойға алды. “Сабақты ине сәтімен” келіп, SELP бағдарламасы арқылы АҚШ мемлекетіне жолдама бұйырады. Онда Сиэтл және Чикагодағы компанияларды аралап, басшыларымен сұқбаттасады. Google, Microsoft, Boeing, Amazon сияқты әлемдік ірі компаниялардың жұмысымен танысудың ыңғайы да осы тұста түседі.
– Әрине, елімізде бұлар сынды компаниялар аз болғандықтан мен үшін олардың жұмыс барысымен танысу жіберіп алуға болмайтын мүмкіндік еді. Қазір Қазақстанда ІТ технологияға ерекше көңіл бөлінуде. Ондағы технолог мамандардан алған тәжірибемді келешекте ел игілігіне жарата аламын деп ойлаймын, – дейді ол.
Біз біле бермейміз, Еуропа одағының қаржыландыруымен талай жас өренге демеушілік көрсететін “Erasmus+” деген стипендия бар екен. Біздің Жақсат 2016 жылы сол степендияны жеңіп алып, күзде Чехия елінде Tomas Bata University in Zlin университетінде бірнеше ай білім алып қайтқан. Ал былтыр “Capstone” стипендиялық бағдарламасы шеңберінде Вашингтон қаласында орналасқан Atlas Corps компаниясында тәжірибе жинаушы ретінде қызмет істеп, елге оралды. Қазіргі таңда отандық белді компаниялардың бірі PwC Kazakhstan-да аудитор маманы болып жұмыс істейді.
Жарқын келешегін білім алумен ғана елестетін Жақсат Басен бос уақытында өлең жазғанды ұнатады. Өзін дамытуға шын кіріскен жанның кітап оқуға деген құмарлығы оқырман қауымды таң қалдыра қоймас. Сондай-ақ, бос уақытында достарымен тауға шығып, шаңғы тепкенді жаны сүйеді. Ғылым қуған жас пен кәрінің арманына айналған Гарвардтан білім алу Жақсаттың да алыс-жақын жоспарында бар екен.
– Соңғы кездері бос уақытымның барлығын арман-мақсатыма жетуге күш жұмсап жүрмін. Кімде кім алға талпынса, ойлағанына міндетті түрде қол жеткізеді. Ол үшін тек жалықпай еңбек ету керек, – дейді ағынан жарылған Жақсат.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ