Жұмыссыз жастар жайы ойлантады
Бүгінде көп жастар шет ел асып білім жолын қуғанды құп көреді. Осыдан соң өзге елдің мәдениеті, тұрмыс-тіршілігімен танысып келген жастың ойлау қабілеті де қарымды болары сөзсіз. Кез келген ортада ерекшеленіп, ойын ашық айтып, көпшілікпен тіл табысып кетуі де тез. Әрі «Жат жердегі қазақтың білімге құштар баласы елге оралған соң жұмыссыз қалыпты» дегенді де естімейсің. Бір жағынан бұл бөгде елдің білім беру сапасының деңгейі биік екенін растайды. Сонымен қатар бізде шетел университетінің дипломымен оралған жас жоғары бағаланады. Сол арқылы кез келген мекеменің, төрінде отыруға мүмкіндік алады. Десек те қынжылтатыны біздің елдегі көп жастың жұмыссыз жүруі. Ал олар тұрақты қызмет табу үшін шетелде білім алып келуі қажет пе?
Расында жоғары білім – жұмысқа тұрудың жолы екенін анық. Мұны түсінгендер бір емес, бірнеше оқу орнын аяқтағанымен артынша өзі таңдаған мамандық иесі атануды ойламай, қаражат мәселесін шешу үшін басқа кәсіпті ширатуға мәжбүр болады. Бұған себеп тұрақты жұмыстың болмауы.
Екі қолға – бір күрек табу қиынға соққан мына заманда қандай жұмысқа болсын жегіле кету – бүгінгі күннің шындығы. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Өйткені сандық түбінде шаң басқан дипломнан үміт үзген жас осы амалды арқау етеді.
Негізінен университетте оқуды мақсат тұтқан студент мамандық таңдауға салғырт қарамауы қажет. Ал қазіргі жастар сұранысқа ие маман болудың орнына, ата-анасы таңдаған жолға түсіп немесе көпшілік көз тіккен орталардан табылғанды құп көреді. Оның үстіне мұғалім, заңгер, медицина саласына таңдау жасайтын жасөспірімдер саны жетіп артылады. Дегенмен олардың барлығы дерлік диплом жемісін көріп жүрген жоқ. Осыған сәйкес төрт жылдық білім алып, заңгер мамандығымен жұмыс таппай жүрген Әділет Шараппен тілдескен болатынбыз.
– 2018 жылы «Қызылорда» қаласындағы «Болашақ» университетін бітіріп, диплом алдым. Алайда әлі күнге дейін тұрақты қызметте емеспін. Заң саласына маман қажет деп естіген бойдан бірнеше мекемеге барып, түйіндеме тастап кеттім. Қазір қол қусырып жатпас үшін қолымнан келген жұмыстың бәріне бас сұғып, ақша тауып жүрмін. Бірақ дипломмен тұрақты жұмысқа тұрғанға жетпейді. Қалай дегенмен оқыған мамандығымның нанын жеймін деп, 4 жыл оқып, қаржысын төледім емес пе? – деді.
Төрт жыл бойғы білімді растайтын құжат құнсыз деп айта алмаймыз. Тиісінше бір мамандықты алып, мансабы жоғары қызметте еңбек етіп жүрген азаматтар да ел ішінде жүр. Бірақ барлығы адамның тікелей өзіне байланысты. Қыруар қаржыны университет бюджетіне салғаннан кейін жүрдім-бардым, келдім-кеттім жағдайда білім алып, кешті болдыруға асығатын маманның келешегі болмайды. Керсінше, қабілет-қарымды қамшылап, мамандықты толық меңгеріп алған дұрыс. Себебі алдағы уақытта айыңыз оңынан туып, бір кәсіптің майталманы бола қалсаңыз барлығы алдыңыздан шығуы ғажап емес.
Жұмыссыз жастар қатарының жыл санап артып келе жатқаны жақсы емес әрине. Сондай-ақ «Мамандық таңдаған өзің» деп кінәнің барлығын оларға артып қоюға да болмайды. Бала күнімізде «Өскенде кім боласың?» деген ұстаздың сұрағына, кім болатынымызды жарыса айтып, армандадық емес пе?! Бұл да сол секілді ғой. Бүлдіршін кезінде армандады, бірақ қайдан білсін, ержеткенде ол саладан жұмыс табылмай қалатынын. Демек әр бала мамандықты мектеп қабырғасынан дұрыс таңдауы қажет болып отыр.
Заманауи білім сұранысында дипломның қызыл не көк болуы емес, сапасы һәм маманның бәсекеге қабілеттілігі маңызды. Олай дейтініміз, бүгінгі еңбек биржасында жұмыс берушілердің жас маманға көңіл толмаушылығы айқын аңғарылып келеді. Бұл жыл сайын ақысын үстемелеп келе жатқан оқу орындарына сын. Бакалавр дәрежесін алып шыққан маманның қабілеті жұмысшылардың талабын толық көтере алмауда. Мұның басты себебін сарапшылар оқу сапасының тым жоғары еместігімен байланыстырады.
Қос дипломды құшақтап табанынан таусылып, әуре-сарсаңға түсіп, жұмыссыз адам қатарынан көрініп жүргені есіне түссе көп жастың өкініші көп. Сарғайған дипломды қолына алып, мекеме есігін жағалап жүргендер отбасы қамын ойлап, жалдамалы жұмысқа жегілуге мәжбүр болады. Сонымен қатар, құжаттың пайдаға аспайтынын білгендер, жеке кәсіп ашып ісін дөңгелентіп жүрсе, енді бірі табыс тауып бала-шағасын асырауға түрлі қалаға жол тартып, бір айлық қызметке орналасады. Әрине ауылдың айналасында болып, өз үйіңнің табалдырығынан кіріп-шыққанға ештеңе жетпейді. Амал жоқ жергілікті жерде жұмыс табылмағандықтан сыртқа кетуге тура келеді.
Балық, мал шаруашылығы, егін саласына ағылып жатқан жастардың қатары аз. Мүмкін осыдан да болар көп жастың мекеме есігін тоздырып жүргені. Осындайда егер өзгелерден ерекшеленіп, болашағын ойлап, өзіне қажеттісін табатын болса, олай болмас та еді? деген пікірге келесің. Бірақ агросалада білім алып, жұмыс таппай жүрген Бақытхан Әлібеков бұған келіспейді.
– Жасым 25-ке келсе де әлі күнге дейін 2016 жылы алған агрономдық дипломды құшақтап жүргенім есіме түссе мазам қашады. Кейде «бұл мамандықты неге таңдадым?» деген ой келеді. Қазір қалтаңда қаржы болмаса қызмет табу қиын. Өйткені заман талабы осы. Дипломның жарамсыз екенін түсіндім. Ендігі жерде қара жұмысқа жегілуге тура келеді. Бүгінге дейін осылай да күн көріп келдім, – деген жанайқайын жеткізді.
Нарыққа қажет білімді меңгермеудің кесірі сырттан маман жалдатып, өз азаматтарымызды жұмыссыз қалдырып барады. Мұндайда елдегі ірі компанияларды басқарып отырғандардың көпшілігі шетелдің азаматтары екенін көріп өкінеміз. Университетте диплом алуға асыққандар бүгініне шүкіршілік жасап, ертеңіне атүсті қарайды. Шындығында жыламаған бала нансыз қалуы бек мүмкін. Сонымен қатар қазіргі көптеген жастың жұмыссыздықтан түрлі жағдайға тап болып, тура жолдан тайып бара жатқаны мәселені одан әрі қоюлатып тұр.
Түптеп келгенде кез келген қазақ баласы дипломын құшақтап жер кезіп жүруін құп көрмейміз. Анығында қыруар қаржы кеткен құжаттың өмірлік кәдеге жарап, нәпақасын табуға септігін тигізуі қажет емес пе?!
Абзал ЖОЛТЕРЕК