Жауапты науқанға жауапкершілікпен жұмылдық
Қазіргі таңда елімізде ұлттық халық санағы жүргізілуде. «Қазақстанда әркім маңызды» ұстанымын ұран еткен саяси науқанның аудандағы ахуалы қандай? Бұл туралы Қазалы ауданы статистика басқарамасының басшысы Бақытжан Әлімбайдан сұрап білдік.
– Бақытжан Қасқырбайұлы, жалпы халық еліміз бойынша санақ өтіп жатқандығынан хабардар. Алайда сауалнама алып, деректі тіркейтін саяси шараның мақсаты неде?
– «Балапанды күзде санайды» дейді. Бастапқыда 2020 жылдың 1-30 қазанына жоспарланған халық санағы Covid-19 пандемиясына байланысты 2021 жылдың күзіне қалдырылды. Соған қарамастан, оның қажеттілігін асыра бағалау қиын. Халыққа жүргізілген жалпыұлттық сауалнама барысында әртүрлі практикалық мақсаттарда қолданылатын деректердің үлкен жиынтығын жинау жаңарту мақсаты тұр.
БҰҰ 2020 жылғы Дүниежүзілік халық санағы мен тұрғын үй санақ шеңберінде жарияланған саяси науқанның құндылығы Қазақстан Республикасының халқының нақты жағдайын білумен бірге елдің әкімшілік-аумақтық бөлінуі бойынша республика тұрғындарын сипаттайтын демографиялық және әлеуметтік-экономикалық ақпаратты алуға жол ашады. Аталмыш мәліметтер экономикалық болжам жасау, жұмыспен қамту саясатын анықтау, басқа да әлеуметтік бағдарламаларды құру, сондай-ақ мемлекеттік органдардың функцияларын орындау, ғылымды және бүкіл қоғамды ақпараттық қамтамасыз етуге пайдаланатын болады. Халық саны туралы статистикалық ақпараттың сапасын жақсартады және санақаралық кезеңдегі халықтың жас және жыныстық құрылымы туралы нақты ақпарат алуға, бірінші кезекте, ЕАЭО бойынша серіктес елдердің санақтарының деректерімен салыстырмалы деректерді жиюға мүмкіндік береді. Халықтың саны мен жыныстық-жас құрылымын бағалау үшін бастапқы база қалыптастырылуына көмектеседі. Қазақстандықтардың әралуан әлеуметтік-демографиялық топтарының жағдайын сипаттайтын ақпарат жиып, демографиялық және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді есептеуге мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибе өзге елдерге де ортақ. БҰҰ-ның мәліметтеріне сүйенсек, 2021 жылы 61 елде халық санағы жүргізіледі деп жоспарланған.
– Сұхбатшылар азаматтардың маңызды жеке ақпараттарын сұрайды. «Өз-өзіңе бекем бол. Көршіңді ұры тұтпа» деп алаяқтық жайлаған қоғамда біреуге сенім арту мүмкін емес. Жеке мәліметтердің қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі?
– 2021 жылғы Ұлттық халық санағының негізгі жаңашылдық – заманауи цифрлық технологиялар мен процестерді автоматтандыруды енгізуде. Олардың алғашқысы, Сіз айтып отырған «sanaq.gov.kz» мамандандырылған сайтында интернет-сауалнама жүргізу. Бұл виртуалды көмекшінің көмегімен респонденттерге тұрған орнына қарамастан, өздігінен санақтан өтуге және өзі, отбасы мүшелері үшін санақ парақтарын толтыруға мүмкіндік береді. Сайт 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 15 қазаны аралығында тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді.
Екінші әдіс, дәстүрлі жаппай сауалнама. Ағымдағы жылғы 1-30 қазан аралығында интервьюерлермен электронды планшеттерді пайдалана отырып жүргізіледі. Санитарлық талаптар барынша сақталуда. Сұхбатшылар вакцинациялаумен барынша қамтылған. Олар үшін жеке қорғаныс құралдары: медициналық маска, пульверизаторы бар спрейлер және антисептиктер қарастырылған. Сауалнаманы электронды планшетпен жүргізу де тиімдігін танытуда. Санақ кезінде мәліметтерді жинау үшін сәйкестендіруші ақпарат ретінде сауалнама жүргізілетін тұлғаның ЖСН-і пайдаланылады. Бұл мәліметтердің қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді.
Санақ кезеңінде ақпараттар орталық серверге шифрланған түрде беріледі. Егер сұхбатшы желі қамту аймағында болса, ұялы байланыс операторының қауіпсіз желісі арқылы планшеттен онлайн режимде жібереді. Байланыс желісі нашар аумақта жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз еткен көлік арқылы орталық серверге офлайн режимде жүзеге асады. Аталған байланыс түрі барлық деңгейдегі қала, аудан және ауылдарға қолжетімді. Сондай-ақ ақпаратты барлық аумақтық статистика органдары қосылған IP VPN желісі арқылы жіберу мүмкіндігі қарастырылған.
Азаматтардан алынған барлық мағлұмат Ұлттық статистика бюросының орталық серверіне қауіпсіз байналыс каналдары арқылы жолданады. Ақпараттар сауалнама аяқталған сәттен бастап шифрланады және сол формада орталық серверге жіберіледі.
Онлай санақтың (sanaq.gov.kz) үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету барысында резервтік сайт (QazCloud) ұйымдастырылған.
– Ақпараттық кеңістігі артқан санақтың мазмұнында қандай өзгерістер бар? Санақ санды біліп қана қоймай, көптің көкейіндегі мәселелерді тануға мүмкіндік береді. Әлеуметке қандай бағыттағы сұрақтар қойылады?
– Халық санағын өткізу үшін 91 сұрақтан (69 сұрақтан және 22 нақтылаушы сұрақтан) тұратын санақ парақтары әзірленген. Олардың қатарында бірге тұратын отбасы мүшелеріне, тұрғынүй жағдайына, жеке басына қатысты сауалдар бар.
Біз мұнда уақытша тұрған азамат қай елден және қандай мақсатпен Қазақстанға келгенін анықтайтын боламыз. Респонденттерге пандемияның олардың кірісіне әсері, Covid-19 ауруы және осы ауруға қарсы вакцинация туралы сұрақтар қойылады.
Кейбір бөлімдер қосымша сұрақтармен толықтырылған. Мысалы, көші-қон бөліміне республикадан тыс жерлерге саяхатты жоспарлау мәселесі, бұл шешімнің негізгі себептері мен күтілетін уақыт кіреді. Қосымша сұрақтар неке, жұмыспен қамту, бала туу, тілдерді меңгеру дәрежесі, діни ұстанымы, табыс деңгейіне де қатысты.
– Ақпаратты тікелей жинайтын интервьюерлер таңдалғанда қандай талаптар қойылады? Оларды өзге мақсатты көздеушілерден қалай ажыратуға болатынын тағы да айтып өтсеңіз...
– Дұрыс айтасыз. Жұмысқа Covid-19 қарсы вакцина алған жасы 18-ден жоғары, бастамашыл, жауапты, тез тіл табысатын, компьютермен жұмыс жасай алатын Қазақстан Республикасының азаматы қабылданады. Жұмыс өтіліне және кәсіби біліміне талаптар қойылмайды. Аудандық Статистика басқармасында арнайы комиссия әңгімелесу арқылы қабылданады. Санақ персоналдарымен ақылы қызметтер үшін шартқа отырған. Сонымен қатар, азаматтардың құпия деректерін үшінші тұлғаларға жарияламау туралы келісімдер жасалады. Бұл талапты бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған.
ҚР халық санағын өткізу кезеңінде санақ персоналына куәлік (бейдж үшін қосымша бет) берілді. Куәлікте сұхбатшының немесе нұсқаушы-бақылаушының суреті болады, сонымен қатар мынадай деректемелер: тегі, аты, әкесінің аты, берілген күні және оның жарамдылық мерзімі, аумақтық статистика органының қолы мен мөрі көрсетіледі. Халық санағының белгісі бар көк түсті мойынорағыш, портфелі бар.
Күмәнді жағдайлар орын алса, интервьюердің жеке басының куәлік номері www.sanaq.gov.kz сайты арқылы анықталады. Егер азаматтардың сұрақтары болса, 1446 тегін бірыңғай call – центр орталығына хабарласа аласыз.
– Санақ туралы толық мағлұматты біле аламыз ба? Қорытындысы жария етіле ме?
– Ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша 2021 жылдың желтоқсанында халықтың жалпы саны бойынша жедел деректер дайындау жоспарлануда. 2022-2023 жылдар аралығында 10 тақырыптық жинақ (қысқаша қорытынды, халық, ұлттық құрам, көші-қон, білім беру, неке және отбасы, үй шаруашылығы, жұмыспен қамту, табыс және өмір сүру көздері және тұрғын үй сипаттамалары) әзірлеу жоспарланған. Олар 386 кестеде көрсетілген көрсеткіштерді қамтиды. Сондай-ақ өңірлік жинақтар қалыптастырылып, электрондық форматта жарияланады.
– Санақ науқанын қарсаңында аудан тұрғындарына айтарыңыз...
– Барлық азаматтарды ел үшін стратегиялық маңызы зор шарада белсенділік танытуға шақырамын. Әр 10 жыл сайын өткізілетін санақ мемлекеттік басқару мен жоспарлауда шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады. Мәселен, кәсіпкерлер үшін бұл оның тұтынушылар туралы базасы. Яғни санақ нәтижесі бойынша белгілі бір кәсіпкерлік субъекті өз бизнесін одан әрі дамыту жолында кеңес ала алады. Мемлекеттің болашағы біздің азаматтардың жауабының шынайылығына байланысты. Сондықтан ешкімнің шет қалмағаны жөн.
Бізге ақпарат жинауға ниет білдіргендердің ішінде жастармен бірге сала ардагерлері барын да үлгі етіп, ауыз толтырып айтуға болады. Қазір аудан әкімдігімен бірлесе отырып жұмыс жасаудамыз. Жауапты науқанға жауапкершілікпен жұмылудамыз. Жақсы нәтижеден көрінеміз деген ойдамыз.
Сұхбаттасқан Алтын ҚОСБАРМАҚОВА