Жазда халық санағы басталады
Халық санағы – белгілі бір уақыт шеңберінде бүкіл ел азаматтарының немесе оның бір бөлігінің демографиялық, экономикалық, әлеуметтік сипаттағы ақпаратын жинау, өңдеу, жариялау, тарату мақсатындағы жалпымемлекеттік статистикалық есеп саналады. Тұрақты 5 немесе 10 жыл мерзімде бір жүргізіліп отыратын санақ қорытындылары бойынша халықтың табиғи және миграциялық қозғалысын нақтылауға болады. Жалпы халық санағын отбасына және үй шаруасына жүргізеді.
Осыған орай биыл ұлттық халық санағы өтеді деп жоспарлануда. Қазір «Қазақстанда әркім маңызды!» атты девиз бен логотип бекітілді. Санақ екі кезең бойынша өткізіледі. Бірінші кезең 1-30 маусым аралығында тұрғын жайлар нақтыланады. Аралау нәтижесі бойынша санақ учаскелеріне бөлінеді. Екінші кезең, яғни 1 қыркүйек-30 қазан аралығында санақ жұмыстары жүргізіледі.
Осы жылдың халық санағы алдыңғы науқанмен салыстырғанда электронды форматта өтуімен ерекшеленеді. Санақ барысында ақпараттық технологиялар кеңінен қолданылады. Ғаламтор желісі арқылы онлайн түрде және қолайлы есептеуіш құрылғы (планшет) пайдаланылады. Сондықтан да бұл жұмыстарға планшетпен жұмыс істей алатын адамдар тартылатын болады.
– Бірінші кезеңде тұрғын үйлерді түгелдеу бойынша санақ жүргізетін құрам кент, қала және елді мекендердегі тұрғын үйлерді тіркеп, сұқбат жүргізу арқылы әлеуметтік-экономикалық жағдайды анықтайды. Алынған ақпаратты уәкілетті тұлға өткізеді.
Екінші кезең, санақтың өткізілу барысы, яғни негізгі кезең болып табылады. Бұл кезеңге аудан көлемінде нұсқаушылық учаскелері ашылады. Оның әрбірінде мамандар компьютер және интернет желісімен қамтамасыз етіледі, – дейді Қазалы ауданының Статистика басқармасының басшысы Бақытжан Әлімбай.
Оның айтуынша, алғашқы 45 күндікте санақ интернет желісі арқылы онлайн түрде жүргізілетіндіктен ауылдық елді-мекендердегі халық сол учаскелерге келуі қажет. Азаматтар Sanaq.gov.kz арқылы жүйеге тіркеліп, санақ парақтарын толтырады. Оны сақтап, одан өткендігі жөнінде ұялы телефон арқылы смс қорытындысын алады. Аталған шара жоспарлы түрде атқарылғаннан кейін жинақталған барлық мәлімет ақпараттық жүйеге топтастырылады. Бақылау, мекенжай деректерін анықтау мен түзету интервьюерлердің көмегімен жүзеге асады.
Қазіргі кезде алдағы халық санағына дайындық жұмысы үшін кент, қала және әр ауылдық округ мамандары көше, квартал, тұйықтардағы тұрғын үй, тұрғын емес үй санын түгендеу жұмысын жүргізуде.
Бұл шараға 4 адам нұсқаушы ретінде тартылған. Енді 2 адам нұсқаушы бақылаушы және 13-і сұқбатшы ретінде алынбақ. Олардың жұмыс істеу мерзімі 1,5 айға созылмақ. Екінші кезеңге келісімшартпен 95 адам уақытша жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Айта кетейік, 2009 жылы жүргізілген санақ қорытындысымен Қазалы ауданында 74500 адам болса, жедел түрде жүргізілген алдын ала мәліметтерге сүйенсек қазіргі таңда тұрғындар саны 77800-ге жеткен. Мамандардың пайымдауынша, негізгі санақ кезінде бұдан да жоғары көрсеткіш болуы мүмкін. Нақтысын уақытында білетін боламыз.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА