Аманат арқалаған ақсақал

Түбін білу, тегін білу әр қазақ азаматы үшін маңызды. Осындай ұзақ жылғы сағынышпен жеткен жан Рамазан Құттымұрат.
Азамат өз тарихы жайлы мәлімдеді.
««Сұрай, сұрай Меккеге де барасың» дейді бабаларымыз. Бұл бір сәлемнің сәті болған күн болды. Ертеректе дәл осы Лақалы топырағында туып, өсіп-өнген атам Құттымұрат Көшпенов пен оның жары әжеміз жастай қайтыс болыпты. Менің әкем Ібайдулла осылайша он жасында жетім қалады. Жас баланың жайына қам жеген туыстары Қарақалпақстан жаққа алып кетеді. Бұл 1930 жылдардың зобалаңды кезеңі болса керек. Содан тағдыр оларды өз сүрлеуімен әр бағытқа тарта берген», – деп толқыныспен сөз бастады.
Ібайдулла Ұлы Отан соғысына қатысыпты. Майданнан аман-есен оралған соң Қазақстанға қоныс аударады. Рамазан Қарағанды қаласында дүниеге келіпті. Бірақ, ата-бабаларының бастапқы мекені Лақалы ауылының туралы балалары білмейтін болып шықты.
Бүгінде Рамазан Алматы қаласында тұрса, онан кейінгі екі інісі Манас пен Дәулетмұрат Таразға қоныстанған.
Рамазан Ібайдуллаұлының тұңғышы қазір алыстағы Америка құрама штаттарында тұрады. Венгрияда елшілік қызмет атқарған. Тарих саласы бойынша ғалым. Сол көп жылғы ізініс жұмыстарының нәтижесінде ата-бабаларының бастапқы мекені Лақалы екенін анықтайды. Өткен ғасырда таспаланған үнжазбадан туыстарының бірінің ауыл туралы айтып жатқандығын естиді. Әкесіне: «Әке, елге барған соң, сол ауыл әлі бар ма екен, соны сұрап-анықтаңызшы. Бар болса, Қазақстанға барғанда, сонда арнайы барамыз», – деген өтінішін де айтады.
Ақжолтай хабарды естіген Рамазан аға ол сәт туралы былай дейді.
«Сонау мұхиттың арғы жағында жүргенде жыл құсындай жеткен жылы хабарды естіп, ата қонысымыздың интернеттегі суреттерін көріп, жүрегім шымырлап кетті. «Менің атам, әкем, туыстарым жүрген соқпақтар қандай екен?..» деген ой маза бермей, осы жерге жетуге асықтым».
Жол қиындығын еңсерген құдайы қонақ алдымен ол ауыл орталығындағы «Құрмет Алаңына» барды. Сол жерде елге еңбегі сіңген арда азаматтардың есімдерін көріп, үнсіз тағзым етті. Оның: «Осы топырақтан талай нар тұлғалар түлеп ұшқан екен ғой» деген шынайы пікірі көпті сүйсінтті. Мұнан соң ауылдық клубқа барып, әдеби, тарихи, мәдени өмірмен танысты. Тақтайшалардағы Лақалыдан шыққан өнер иелері, қаламгерлер, еңбек адамдары туралы тың деректер естіп, жүрегін шаттық кернеді.
Сапар барысында ауылдың ең үлкен тұрғыны Алтынбек Жұбаниязовтың шаңырағына сәлем беріп барып, өткен күннің естеліктерін тыңдады. Әрбір сөзі тарихтың тірі үніндей, ұмыт болған жылдар, ел бастаған ерлер, қарапайым халықтың қажырлы еңбегі көз алдында қайта жаңғырғандай күйге енгізген ұлағатты сөзі үшін алғысын айтты. Көнекөз қария сұрастыра келе, қонақтың шыққан тегі туралы өзі білетін дерекпен қуантты.
Бұл күні жақында ғана құрылысы аяқталған жаңа мешітке барып, елдің рухани жаңғыруының белгісін көрді. Имандылық үйінде өмірден өткендер рухына құран бағыштап, жарқын болашаққа тілек тіледі.
Адам өмірінде түрлі жолдар болады. Бірақ соның ең қасиеттісі – туған жерге апарар жол екендігін осы оқиға ұғындырды. Сағынышты сапар – тек бір адамның ғана емес, тұтас ұрпақтың өз тамырына қайта жалғануындай болды. Лақалы – ол үшін жай ғана ауыл емес, жүрек тереңіндегі естелік, ата-баба рухының мекені, мәңгілік сағыныштың тұғыры болып қалды. Алыста жүрсе де, жүрегім әрдайым осы ауылда болып келгендей сезіммен табан тіреген ол туған жердің иісін, әрбір көрінісін ішкі сезімімен қабылдап, жүрегіндегі сағыныш пен іңкәрлікті жаңғыртып қайтты.
«Кезінде Лақалы қараған Бозкөл ауылдық кеңесінде жинақталған мұрағаттық қор жоқ болып шықты. Аудандық музейден де кедергілерге кезіктім. Әзірше ата-бабаларым туралы нақты дерек қолымызға тимеді. Бірақ сең бұзылды, алыс жақындады. Енді арманымызға жетер күн де қашық емес деп білемін», – деп қимастықпен қоштасты.
Айнұр МЕЙРАМБАЙҚЫЗЫ