Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада "Алтын күз - 2025" салтанатты шарасы өтті

Қызылордада "Алтын күз - 2025" салтанатты шарасы өтті

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Өнер орталығында «Алтын күз-2025» салтанатты шарасы өтті.
Оған Абай облысының әкімі Берік Уәли, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның Еңбек Ерлері, ғалымдар, өнер майталмандары, республиканың барлық өңірінен келген облыстық мәслихат төрағалары арнайы қатысты.
Аймақ басшысы ауыл шаруашылығында атқарылған жұмыстарға, агросаланың алдағы бағыт-бағдарына тоқталып, қамбаны толтырып, береке мен бірліктің үлгісін көрсеткен диқандарды құттықтады.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек» деген болатын.
«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын ұрпақ санасына сіңіру, насихаттау, қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу – біздің басты мақсатымыздың бірі! Сыр елінің даңқын асқақтатқан дала академигі Ыбырай Жақаев бастаған 102 Социалистік Еңбек Ерінің және тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның Еңбек Ерлерінің жетістіктері аңызға айналды. Саналы ғұмырында туған жеріміз үшін аянбай еңбек еткен ардақты ардагер ағаларымыз бүгін ортамызда. Облысымыздың дамуына қосқан орасан зор үлестеріңіз үшін Сіздерге барша Сыр жұртшылығының атынан шынайы алғысымды білдіремін. Ел үшін жасаған ерен еңбектеріңіздің жемісін, бейнеттеріңіздің зейнетін көріңіздер!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Абай облысының әкімі Берік Уәли Сыр елінің еңбекқор жұртына ризашылығын білдіріп, екі өңір арасындағы байланыстың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
«Қазақ халқы тағдырының тайғақ кешулі кезеңдерінде жағасына келіп тыныс тапқан, суына бетін жуып, үмітін ертеңге жалғаған қасиетті Сырдарияның бойында, ежелгі Ақмешіт, бүгінгі Қызылорда төрінде өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма бек қуаныштымын!
Біз бүгін аймақтарыңызға үлкен делегациямен өнер жұлдыздарын, зиялы қауым өкілдерін және жақында ғана республикалық байқауда бас жүлде алған театрымыздың арнайы қойылымымен келіп отырмыз. Бұл өңіраралық рухани-мәдени байланыстарды нығайтып, бізді бауырластыра түседі деп сенеміз», – деді Берік Уәлиұлы.
Мерекелік шарада Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды. «Жан Арай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бақдәулет Махашовқа «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Ол басқаратын серіктестік тәулігіне 80 тонна құрама жем өндіру, күріш өңдеу зауыттарын іске қосқан, өнімдерін экспортқа шығарады. Өткен жылы 4 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасын ашып, 100-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтыды.
Еңбек адамдары мен сала үздіктеріне «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін», Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медальдары, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хаттары берілді.
Салтанатты шарада ауыл шаруашылығы саласында үздік жетістіктерге жеткен озат аудандар анықталып, «Балық шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» номинациясымен Арал ауданы, «Су үнемдеу технологиясын қолдану бойынша озат аудан» номинациясымен Жаңақорған ауданы, «Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша озат аудан» номинациясымен Жалағаш ауданы, «Мал шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» номинациясымен Қармақшы ауданы, «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы бойынша озат аудан» номинациясымен Қазалы ауданы, «Егін шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» номинациясымен Сырдария ауданы марапатталады.
Ал «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда биылғы жылы ең жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізген үздік аудан» номинациясын Шиелі ауданы жеңіп алды.
Жылдағы дәстүр бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген «Абзал және К» ТС, «Мағжан және К», «Абай-Дәулет» ЖШС еңбек озаттарына автокөлік кілттері сыйға берілді.
17 қазан 2025 ж. 49 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031