Саланың сапасы санмен өлшенбейді

Мәжілісте аудан әкімі Алмасбек Есмаханов ұлттың зияткерлік әлеуетін арттырып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі тетіктерінің бірі саналатын қос сала маңыздылығына тоқталды. Жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов, аудандық көпбейінді орталық аурухананың бас дәрігері Қадірбек Алипов пен «Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС-нің директоры Ернар Ршымбетов салада атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жайында хабарлама жасады. Баяндамашылардан кейін аудан басшысы білім саласы бойынша жұмыс жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын, аудандағы білім сапасы мен саладағы жетістіктердің көңіл қуантатынын жеткізді. Алайда бұл салада күрделі мәселелердің жоқ емес екенін де тілек тиек етті.
Мәселен, білім бөлімінің басшысына бүгінде бірқатар ауылдардың мектеп директорлары қатынап жұмыс жасап жүргенін сынға алып, 3 күн мерзім ішінде директорлардың тұрғылықты жерге көшіп баруын қатаң ескертті. Сонымен қатар аудандағы бірнеше балабақшада меңгеруші жоқ екенін айтып, бұл мәселені шұғыл шешуді тапсырды. Бұдан бөлек, қазіргі таңда жасөспірімдердің, оның ішінде оқушылар арасындағы құқықбұзушылық оқиғалары жиі орын алуы, білім беру ұйымдарының қысқы жылу беру маусымына дайындығы, көгілдір отын жеткізілген ауылдардағы мектеп, балабақшалардың бу қазандықтарының әлі күнге дейін табиғи газға қосылмауы, мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің тазалығы мен санитарлық-гигиеналық жағдайы және басқа да өзекті мәселелерге байланысты аудандық білім бөлімі мен тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Мәжілісте Алмасбек Әбілқасымұлы аудандағы техникалық және кәсіптік білім беру бағытындағы 3 колледждің жұмысына тоқталып, ондағы білім сапасына қатысты тапсырмалар берді. Жиында бұдан әрі аудандағы денсаулық сақтау саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар қаралды. Бұл бойынша аудандық аурухана мен Қазалы теміржол ауруханасының басшыларына денсаулық сақтау саласындағы барлық көрсеткіштердің 100 процентке орындалуын қамтамасыз ету, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету, кент, қала және ауылдық округ әкімдері мен мекеме-кәсіпорын басшыларымен бірлесіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға байланысты жұмыстарды жандандыру, медициналық мекемелердің тазалық жұмыстарына байланысты тапсырмалар берілді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі мәжілісте екі салаға байланысты берілген әрбір тапсырманың жүйелі орындалуын салаға жауапты орынбасары Дәурен Тілеумбетовке қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Айнұр ӘЛИ