Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тасбақа тағылымы

Тасбақа тағылымы

Фото: ЖИ көмегімен жасалған
Қамсыз-қарекетсіз балалық шақ. Інім Сәкен бір күні үйге тасбақа алып келді. Балалық қой, бәріміз жарыса қаумалап, қызықтай жөнелдік. Қабыршағы күнге шағылысып, баяу қозғалған кішкентай жан иесінің бір сәттік тіршілігі бізге ертегі әлеміндей көрінді. Кітаптан оқығанымыз есімізде – тасбақа киелі жануар, оған тиісуге болмайды. Бірақ бала көңіл кейде ұғымнан бұрын қызығушылыққа ерік береді ғой.
Дереу оны дәліздің бұрышына қойып, бақылап тұрдық. Тасбақа болса, өз үйіне – тас қабығына кіріп алып, бізден тығылды. Қызығушығымыз одан сайын артты. Күні бойы біріміз сығалап, біріміз шошып, үйдің кішкентай «қонағын» айнала бердік.
Кешкісін әкем жұмыстан келді. Дәлізден өте бере, көзі жердегі жыбырлаған қозғалысқа түсті. Бір сәт үнсіз тұрды да, дауысы зілмен шықты:
– Қайсың мынаны алып келген?
Бәріміздің үнсіз қалғанымызда, інімнің түрінен-ақ бәрі белгілі болды. Әкемнің жүзі қатуланып, қатқыл үнмен:
– Мынаны алған жеріңе апарып қой. Онымен ойнауға болмайды. Киесі барын білемісің өзің? – деді.
Сол сөздің астарын ұқпадық. Әкем де ол жайды тарқатып айтпады. Біз де сұрауға батпадық. Өйткені ол кезде «болмайды» деген сөз – бұлжымас заң еді. Сол күні тасбақа да, балалық қызық та, үнсіз күйде үйден кеткен.
Жылдар өтті. Біріміз ержетіп, біріміз бойжетіп, өмірдің әр қиырына тарадық. Сол оқиға да жадымыздың терең түбіне түсіп кеткендей еді.
Бір күні студент күнімде Орал қаласындағы Киров паркіне құрбылармен серуенге шықтым. Күн шуақты, көк майсаға алаша төсеп, күлкі мен әңгімеге толы бейқам сәт. Кенет жанымнан бірдеңе жыбыр ете қалды. Зәрем ұшып, орнымнан атып тұрдым. Қарасам, баяғы таныс бейне, баяу қозғалып бара жатқан тасбақа екен.
– Тасбақадан қорқып неге селк еттің? – деп күлді қыздар.
Бірі: «Ол киелі ғой, тимеңдер оған», – деді.
Сол сәтте балалық шақтағы әкемнің «Онымен ойнауға болмайды. Киесі бар» деген сөзі жаңғырып, құлағымда қайта тірілді. Неге киелі? Неге онымен ойнауға болмайды? Сол сауал менің ішімде сол күннен бастап қозғалып, жауап іздеуге жетеледі.
Ғаламторды ашып, түрлі деректерге үңілдім. Сөйтсем, талай халықтың танымында тасбақа – өмірдің, тұрақтылық пен даналықтың нышаны екен. Ал қазақ сенімінде ол – Жер мен Су иелерінің бірі, әлемді арқалап тұрған киелі жаратылыс ретінде суреттеледі. Кей өңірлерде оны «жердің күзетшісі» деп те атаған. Баяу қимылы – сабырдың, ұзақ ғұмыры – шыдамның, қабыршағы – қорғанның, ішке тығылған кейпі – тылсым дүниенің белгісі іспетті.
Сол сәтте әкемнің үнін іштей қайта естігендей болдым. Ол бізге қорқыныш емес, құрмет ұғындырмақ болыпты. Тіршілік атаулының әр бөлшегінде жаратылыс иесінің ізі барын меңзепті.
Тасбақа баяу жылжып бара жатты. Мен оның соңынан ұзақ қарап тұрдым. Көк шалғын арасымен сырғып бара жатқан кішкентай жануар маған өмірдің сабағын үйреткендей еді: «Әр жаратылыстың өз сыры бар. Тек сабырмен қарасаң, ол сырдың үні естіледі».
Адам баласы көбіне үлкен даналықты қарапайым нәрседен байқамайды. Бір қара тасбақа – табиғаттың үнсіз ғибраты. Ол – баяулықтың емес, байсалдылықтың, қорғанның емес, терең даналықтың бейнесі. Әкем айтқан «кие» деген ұғым – сол табиғат пен адам арасындағы көрінбес байланыс екен. Кейде өткеннің бір сәті ғана бүкіл өміріңе сабақ болып қалады. Маған сол сабақты баяу жүрген тасбақа үйретті.
Арайлым ЖҮСІПОВА
18 қазан 2025 ж. 176 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031