Таным тұңғиығындағы терең ұғым

Қазақтың тілі мен танымында «қазан» сөзі тек тұрмыстық заттың атауы ғана емес, берекенің, бірліктің, өмірдің, тіпті тағдырдың символы болып орныққан.
Қазақ ұғымында қазан – үйдің ең қасиетті бұйымы. «Қазан орнында болса, ас кетпес» дейді дана халық. Яғни, қазан – отбасының берекесі мен тұрақтылығының нышаны. Көшпелі өмірде де қазанның орны бөлек болған. Әр шаңырақтың өз қазаны бар, ол мұра ретінде ұрпаққа қалдырылған.Тіпті, көне дәуірлерде елді «бір қазаннан ас ішкен қауым» деп сипаттау дәстүрі бар. Бұл – ортақ несібенің, ынтымақтың, татулықтың бейнесі. Қазақ даласында қазан төңкерілді десе, ол тек ыдыс емес, береке кетіп, шаңырақ шайқалды деген ұғымды білдірген.
Қазан айына тән ерекше дәстүр – «қазан шегелеу». Бұл – елдің бір-біріне әзіл-шыны аралас барып, көңіл көтеріп, достық қарым-қатынас орнататын әдеті. «Қазан шегелей келдік» деген сөзбен ауыл адамдары қонаққа барып, бір дастархан басында жиналған. Бұл дәстүр тек көңіл көтеру емес, қоғамдық байланыс пен бірлікті сақтау тәсілі болған.Мұндай сәттерде ауылдың жастары ән айтып, үлкендер бата беріп, өмірдің сәнін кіргізген. Сол арқылы суық күздің өзі жылылыққа айналған.
Қазақтың танымында қазан тек тұрмыстық құрал емес, өмір мен тілек арасындағы дәнекер. Аяғы ауыр әйелдің толғағы келгенде ауыл әйелдері «жарысқазан» деп қазан асып, ет пісіріп, тілеу тілеген. Бұл ырым –өмірдің жалғасуын, ананы қолдау мен сәбидің амандығын тілеген ізгі дәстүр.«Қазан қайнаса, бала да жарысып жетеді» деген наным – қазақтың өмірге, аналық мейірімге, табиғатқа деген құрметінен туған.
Қазан айына келгенде «қазан ұрды» деген сөз жиі естіледі. Бұл тіркес суықтың, қыраудың, қыс хабаршысының келуін білдіреді. Көшпелі өмір кешкен қазақ үшін мұндай табиғи белгілер өте маңызды болған. «Қазан ұрды» десе, ел қамданған, қыстың беті бері қарамайтынын сезген.Сондықтан бұл ай – қазақ өмірінде уақыт межесі, табиғаттың ауысу кезеңін білдіретін нышан ретінде қалыптасқан.
Қазақ кей өңірлерде қазан айын «ақырап» деп атаған. Бұл атау араб тілінен енген «ақраб» сөзінен шыққан зодиактағы Скорпион шоқжұлдызының атауы. Көнеден келе жатқан қазақ күнтізбесі аспан әлеміне негізделген. «Ақырап туса, күн суытады, мал тебінге қарайды» деген сөз– сол дәуірден жеткен халық даналығы.Демек, қазақ ежелден табиғат пен астрономияны қатар танитын өркениетті халық болған.
Қызығы, «қазан» сөзі тек тұрмыстық және ай атауы ретінде ғана емес, тарихи реңкке де ие. Орта ғасырларда Орталық Азия мен Еділ бойындағы кей мемлекеттер мен тайпалар арасында «Қазан» атауы жиі кездескен. Мысалы, Қазан қаласы мен Қазан хандығы — түркі халықтарының мәдени тарихында ерекше орын алады.Кей зерттеушілер «қазан» сөзінің түбі «қазы» – «орталық», «негіз», «тұғыр» деген мағыналармен байланысты дейді. Демек, қазан –тұрақтылық пен орталықтанудың белгісі болған.
Қазақ үшін қазан – отбасылық өмірдің өзегі. Қай дәуірде болмасын, ас піссе, қазанның қақпағы ашылады, ел жиналады, әңгіме айтылады. Қазанның түбінде қайнаған ас – елдің ырысы. Сол себепті «қазан түбінде қайнаған сорпа – елдің бірлігімен тұзданған» деп айтылатын сөз бекер емес.
Қазан – қазақ танымында уақыт пен тағдырды, береке мен бірлікті, табиғат пен тіршілікті жалғап тұрған қасиетті ұғым. Бір жағынан күздің соңы, екінші жағынан өмірдің жалғасуын білдіретін рухани көпір.
Қазақ қазанды қадірлеген, себебі онда өмірдің өзі қайнап жатады. Сондықтан дана халықтың мына бір сөзі мақаланың түйіні іспетті. «Қазан қайнаған үйде береке бар, қазан орнында болса – ел орнында». Қазан– тек ай емес, ол – қазақ рухының, тұрмысының және танымының шынайы символы.
Бекзат АСАН