Қазақ мультфильмі, қандайсың?

Есеп комитетінің биылғы дерегі шымбайға батады. Соңғы төрт жылда 1,3 миллиард теңгеге 47 мультфильм түсірілген, алайда солардың басым бөлігі көрерменге жетпеген. YouTube-та қаралымы – 200 не 1000 ғана...
Қаржы бар, көрермен жоқ
Мемлекет жыл сайын «балаларға арналған анимациялық контент» деп қомақты қаржы бөледі. Бірақ нәтиже қайда? Мультфильм түсіріледі, бірақ оны ешкім көрмейді. Балаларға арналды делінген туындыны халық іздеп таба алмайды.Мәселе – жүйесіздік пен маркетингтің жоқтығында. Мемлекеттік студиялар көбіне «тапсырысты орындап, есеп беру» үшін жұмыс істейді. Ал шын мәнінде, мультфильм – нарықтық өнім. Оған өміршеңдік пен танымалдық керек. Онсыз ол экранға шықпай жатып ескіріп қалады. Жасыратыны жоқ, «Қазақфильмнің» өнімдері кинотеатрда бір-екі апта ғана айналып, кейін үнсіз жоғалып жатыр. YouTube-та жарнама жоқ, тартымды атау жоқ, көрерменмен байланыс жоқ. Бірақ есеп бар. Осы орайда, сонда бұл өнер ме, әлде ведомстволық есептің «жоспары ма?» сауал ойға еріксіз оралады?
Балалар контентінің беталысы
Қазір әр баланың қолында – смартфон. Онда кім сөйлейді? Қазақ тіліндегі мульткейіпкер ме, әлде ағылшынша немесе орысша сөйлейтін анимациялық қаһармандар ма? «Cocomelon», «Peppa Pig», «Bluey», «Paw Patrol»... Бұлар – қазақ баласының санасына таңбаланып жатқан жаңа «достар». Қазақша сөйлейтін кейіпкердің, өз мәдениетімізге жақын образдың жетіспеушілігі ұлттың танымын әлсіретіп жатыр.
Бала қай тілде мультфильм көреді, сол тілде ойлайды. Бала қай кейіпкерге елігеді, соның мінезін бойына сіңіреді. Психолог Айгерім Мұратқызы бұл туралы былай дейді:
«Бала 4-5 жасында көрген мультфильм кейіпкерінің мінезін бойына сіңіреді. Егер ол кейіпкер өзге мәдениеттің үлгісі болса, баланың ұлттық түйсігі әлсірейді. Сондықтан қазақ баласы қазақша сөйлейтін, өз тамырынан шыққан кейіпкерді көруі керек».
Қазақ платформасының жайы қандай?
Қазір бар деп жүрген «Balapan», «Ozge», «Kaztube kids» сияқты жобалар жүйелі платформа емес, эпизодтық бастама деңгейінде ғана. Контент аз, жарнама жоқ, ал көркемдік сапа – әркелкі.
Шын таланттар бар, бірақ оларды қолдайтын тұрақты орта, кәсіби продюсерлік база жоқ. Жеке студиялар өз бетінше анимация жасайды, бірақ қаржы тапшылығынан тоқтап қалады. Ал мемлекеттік қолдау тек ірі студияларға бөлінеді, сол себепті бәсеке жоқ, ізденіс те бәсең.
Қазақ анимациясы түбегейлі жұтаң деп тағы айта алмаймыз. Болашаққа сенім ұялататын жаңа толқын аниматорлар легі өсіп келеді. Олар әлемдік деңгейдегі графика мен қазақы мазмұнды ұштастырып, өз қолтаңбасын қалыптастырып жатыр. Бірақ оларды жүйе қолдамаса, бұл өріс те ұзаққа бармайды.
Сарапшы мамандардың сөзіне сенсек, болашақтың анимациясы – жас буынның рухани қауіпсіздігі. Алайда, оларды қорғайтын жүйе болмаса, ұлттың мәдени иммунитеті әлсірейді дейді мамандар.
Ата-аналар не дейді?
«Балам қазақша мультфильм көргісі келеді, бірақ таба алмайды. Бар болса да, қызық емес...» Бұл – елдің ашық базынасы. Ата-ана баласының санасын шетелдік кейіпкермен емес, өз рухындағы образбен толтырғысы келеді. Бірақ оған мүмкіндік аз. Қоғамдық пікір де осыған саяды. Бізге заманауи формадағы, ұлттық мазмұндағы мультфильмдер керек. Көрермен бар, тек оған жол табу керек.
Әйтеке би кентінің тұрғыны, 4 баланың анасы Айсәуле Қазбекқызы:
«Балам қазақша мультфильм көрем деп іздейді, бірақ таба алмайды. Бар болса да, қызық емес. Тілі құрғақ, кейіпкерлердің эмоциясы жоқ. Баланы ұстап тұратын оқиға мен музыка қажет» дейді ата-ана.
Баланы немен тәрбиелеп жатырмыз?
Баланы немен тәрбиелеп жатырмыз? Бұл сұрақ – ең ауыр сауал. Бүгінгі мультфильм – ертеңгі азаматтың көзқарасы. Егер экраннан «батыр» емес, «әзілқой қуыршақ» сөйлесе, бала да сондай болмақ. Егер кейіпкер «ерлік емес, күлкі» арқылы бағаланса, ұлттың мінезі өзгереді. Біз баланы мультфильммен емес, дүниетаныммен тәрбиелеуіміз керек. Мультфильм соның құралы болуы тиіс. Бірақ, өкінішке қарай, бүгінде ол құрал шетелдің қолында тұр.
Психолог маман Нарқыз Әзімбектің айтуынша, «Бала мультфильмдегі кейіпкер арқылы өзін таниды. Егер сол кейіпкер рухсыз, мақсатсыз болса, бала да сондай болмақ» дейді ол.
Не істеу керек?
Тәуелсіз сарапшы мамандардың пікірінше, бұл жүйесіздікті жоюдың тек бір жолы бар. Олардың айтуынша, мультфильмге жұмсалатын қаржының әр тиыны ашық болуы тиіс. Халық білгенде ғана сенім пайда болады дейді олар. Сондай-ақ YouTube, Netflix, TikTok сияқты платформалармен серіктестік орнату қажет.
Бір сөзбен айтқанда, баланың көзі қайда, мультфильм сонда болуы керек. Балабақша мен мектепке ұлттық контент енгізуіміз тиіс. Қазақ мультфильмі – оқу бағдарламасының бір бөлігіне айналса құба-құп. Жеке студияларға грант, салықтық жеңілдік беріп, шығармашылық еркіндік пен бәсекені арттыру керек. Сонымен бірге мультфильм сапасына қоғамдық сараптама енгізген жөн. Өйткені, бұл сала те шенеуніктің емес, қоғамның да жауапкершілігі.
Түйін: Мультфильм – ұсақ дүние емес, ұлттың болашағын бояумен сөйлететін өнер. Бала оны көреді, ертең соның көзқарасымен өмір сүреді. Қазақ мультфильмі бүгін сүрініп тұр. Бірақ қайта тұрып, рухы мен мазмұнын табуға мүмкіндігі бар. Қазір қаржы бар, бірақ рух жоқ. Ал рухсыз туынды – тек есеп қана. Есеп – өнерді емес, ұлттың жадын өлтіреді.
Сондықтан бүгінгі ең басты сұрақ – «Біз балаларды немен тәрбиелеп жатырмыз?». Сол сұраққа жауап бермейінше, ешбір мультфильм шынайы табысқа жетпейді.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ