Бүгінгі күннің бастамашыл тобы
Кәсіпкерлік елдің өмір сүру сапасын көрсететін маңызды көрсеткіш. Тәуелсіздік алған жылдары батыл қадамға барып, бизнестің алғашқы баспалдағын басқан азаматтар қаншама. Аудан әлеуетін жақсартуда кәсіпкерлік саласының орны бөлек.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, қиын кезеңде тұрғындарға қолында барымен қайырымдылық танытқан қазалылық кәсіпкер, 2021 жылдан бастап аудандық мәслихаттың депутаты Райымбек Бөлебаевпен сұқбаттасудың сәті түскен еді.
– Райымбек Болатбекұлы, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары елде шешілмеген мәселе көп еді. Біраз жұмыс орындары жабылып, қалғаны қызметкерлеріне айлық бере алмай қалғанын естіп жатамыз. Кәсіпкерлік саласында қандай қиындықтар болды?
– 1984 жылы Бозкөл ауылында дүниеге келдім. Төрт ағайынды боп, ағаларым мен әкемді үлгі етіп өстім ғой. 1987 жылы Қазалыға көштік. Содан N 226 К.Мергенбаева атындағы гимназияда 9 жылдық білім алдым. Ары қарай N 216 мектепте екі жыл оқып, 11-сыныпты бітірдім. Арман қуып, жоғарғы білім алу үшін Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата атындағы университетінен «Мұнай-газ» мамандығын игеріп шықтым. Әкеміз бізге өмірлік ұстаз болды. Еңбекке ерте араласып, шаруаның жайын білуге себепкер сол кісі. Ауылдағы ағайын егінді жинағаннан кейін артынан қалған масақты теріп, диірменнен өткізіп, күріш алатын. Әкем жұрттың жиғанын диірменнен өткізіп, азды-көпті несібеміз содан бұйыратын. Міне, осыны көріп өскен мен 16-17 жасымнан бастап кәсіпкерлікке кірістім. Дүкен сияқты шағын кәсіптің түр-түрін байқап көрдік. Ағаларым бастаған отбасылық күріш ақтау кәсібі де жандана түсті.
Тәуелсіздік алған жылы мен бар жоғы 7 жастамын. Әлі кішкентай баламын. Бірақ отбасылық кәсібімізді бастап, ел іші енді ғана есін жиып келе жатқан кез еді. Әкеміз бастаған істі жалғастырып, 2000 жылдары күріш ақтауға ИП ашқанбыз. 2000 жылдары мен жалындаған жастың бірімін. Сол кездері үйдегі ересектердің ақша айналымы жағынан қиналғанын білемін.
Қазір екі қолға бір күрек алып, кәсіп бастаймын деген жанға мемлекеттен берілетін қолдау бағдарламалары көп. Несие түрінде қолдау берілсе де, оның өзі көмек. Мүмкін, мен кішкентайлау болған соң сол жылдары мұндай бағдарламалар болды ма, жоқ па білмейтін шығармын. Алайда мемлекеттен несие берілмейтін еді. Тәуелсіздік жылдары кәсіп бастағандардың бәрі де – тәуекелдің жел қайығына мініп, ақылы мен қайратын таразыға салғандар.
– Жасөспірім шағынан кәсіпке қызыққан Райымбектің кәсіпкер ретінде қандай жобалары бар?
– Қазіргі таңда «Сарым-Құрылыс» ЖШС және «Сарым» шаруашылығының жұмысы жоспарлы түрде іске асуда. Мал шаруашылығын қолға алғанымызға биыл 10 жыл болыпты, ірі қараның санын арттыруды мақсат етіп бастаған едік. Мал бағу үшін 2 адамды тұрақты жұмысқа алып, түліктің де, малдың жайын білер жанның да жағдайын жасауға ұмтылып келеміз.
Ал «Сарым-Құрылыс» ЖШС 2011 жылы ашылып, әлі күнге дейін конкурс арқылы ұтып құрылыс, жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Мәселен, осы жылы Жанқожа батыр көшесін тротуарлап, қала сыртындағы қорымдарды қоршау іске асырылды. Компания керекті техникалармен жабдықталып, 5 адамды тұрақты кадр ретінде алған. Ал жаз кезінде 20-25 адамды уақытша жұмыспен қамтиды. Отбасылық күріш ақтау ісі де 2000 жылдан бері жалғасып келеді. Арнайы кәсіпкерлік саласын оқып, аға-көкеміздің арқасында бастамасақ та, бұл саладағы жиған-терген біліміміз тәжірибемен толысқан секілді.
– Көпті қызықтыратыны да осы шығар, депутаттыққа келуіңізге не түрткі?
– Жас кезімнен кәсіпке үйір болып, елмен, қоғаммен тығыз байланыста болдым. Арасында қайырымдылық жасап, қарапайым халықтың батасын алып жүрдік. Қайырымдылықтың үлкені, кішісі жоқ қой. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. «Депутаттыққа барсаң қайтеді, сенің қолыңнан келеді» деген елдің сөзін естіп жүрдім. Осы бір сөздер, маған артатын сенімі түрткі болса керек. Депутаттыққа өзімді ұсынып көрейінші деп ойладым. 2021 жылы 10 қаңтарда Қазақстанда Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Соған өзімнің бағдарламамды ұсынып, праймеризге қатыстым. Аудандық «Нұр Отан» партиясының депутаты ретінде сайландым.
– Сайлауалды бағдарламаңызбен таныспын. Маңызды болса да көзге іліне бермейтін инфрақұрылым мен кәсіпкерлік бағытын қолға алмақ екенсіз...
– Иә, бағдарламамда аудандағы жаяу жүргіншілер жолын салу, көпқабатты үйлердің уақытылы сапалы жөндеу жұмыстары мен күрделі жөндеу жұмыстарын жасау, балаларға арналған спорт алаңдары мен мәдени нысандарының құрылысына жағдай жасауды алғашқы орынға қойдым. Аудандағы көшелерде жаяулар жолының салынуы – қоғам үшін жол мәдениетінің жақсаруы, балалар өмірінің қауіпсіздігі. Жарықтандыру да сондай. Әрқайсысының маңызды обьект екенін білеміз.
Кәсіпкерлер бүгінгі қоғамның және ел экономикасының бастамашыл тобы болғандықтан кәсіпкерлікті қолдау, шағын және орта бизнесті дамытуға арналған бағдарламалар белсенділігін арттыруды ұйымдастырғым келеді. Бағдарламадан тыс халықтың талап-тілегін тыңдап, сол бойынша басқа да жобаларды іске асырамыз.
– Сұқбат үшін рақмет!
Әңгімелескен
Дина БӨКЕБАЙ