Мәжілісте жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері қаралды

Басқосуда аудан басшысы халықтың әлеуметтік көмекпен қамтылуы, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екендігін айтып, аталмыш сала бойынша көрсеткіштердің орындалу барысына тоқталды.
Аудан әкімі жиын барасында бірқатар ауылдық округтердің «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы, түрлі жобалар үшін мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттар сынды мүмкіндіктерді пайдаланбай белгіленген көрсеткіштерді мүлде орындамаған округ әкімдеріне қатаң ескерту берді. Сонымен қатар аудандық «Мансап» орталығының директоры Болатбек Баймахановқа кент, қала және ауыл әкімдерімен бірлесе отыра жастар тәжірбесі бойынша көрсеткіштің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Мәжілісте аудан әкімі 2025 жылға арналған индикаторларының бекітілген жоспарын өз деңгейінде орындап, мемлекет тарапынан берілген қолдауды тиімді пайдаланып, тұрғындарды, әсіресе, жастарды жұмыспен қамту мәселесін басты назарда ұстау қажеттігін ескертті.
Аудан басшысы аппарат мәжілісінің күн тәртібіндегі екінші мәселе - кәсіпкерлік саласын дамытуға қатысты да тиісті сала басшылары мен кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Аудан бойынша бүгінгі күнге тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5371 бірлік, өткен жылмен салыстырғанда 92,8 пайызды құраған. Жыл басынан 1027 кәсіпкер тіркеліп, жабылған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1269 бірлікті құрап, яғни жыл басынан бері 242 бірлікке азайып отыр.
Алмасбек Әбілқасымұлы 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларына жоспарланған кәсіпкерлік саласы бойынша негізгі көрсеткіштер толық көлемде орындалмағынан қатаң сынға алып, тиісті сала басшылары мен жауапты орынбасарына жылдың қорытындысымен көрсеткіштердің барлығын толық орындауды қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысына аудан орталығындағы кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбетіне сырлау, әктеу және жарнамалық билбордтарын жаңалау бойынша бірқатар тапсырма беріп, 10 күн мерзім ішінде кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбетін қалыпқа келтіру жөнінде тапсырма берді.