Миллионер Мұратбек
Жергілікті халық арасында «екінші Түркістан» атанған Қазалы ауданында кәсіпкерлік кең қанат жайған. Мұны жаңадан кәсіп бастаған азаматтар салып жатқан әсем ғимарат пен нысандардан байқауға болады.
Қызылорда қаласында жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылының қорытындысы бойынша өткен кеңесте шағын және орта бизнесті дамытуға қосқан үлесі үшін кәсібін жаңадан бастаған үздік кәсіпкерлер марапатталып, оларға қомақты сыйақы берілді. Қазалы ауданынан бұл марапатқа Жанкент ауылындағы жеке кәсіпкер Мұратбек Жартыбаев лайық деп танылып, аймақ басшысының қолынан 1 миллион теңге алды.
2017 жылы «Бастау Бизнес» жобасы арқылы оқу курсын аяқтаған Мұратбек Әріпбайұлы өткен жылы наубайхана жұмысын бастап, нан және оның өнімдерін шығара бастаған. Өз кәсібін бастау үшін «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ ЖШС арқылы 1,4 миллион теңге көлемінде несие алған. Қазіргі таңда Жанкент ауылымен қатар, Бірлік ауылдық округіне қарасты «Қарлаң» елді мекенінің тұрғындарын да нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.
– Менің негізгі мамандығым байланысшы болатын. Біраз уақыт мамандығым бойынша туған ауылым Кәукейде еңбек еттім. Мұнан кейін Жанкентте ауыл шаруашылығы дақылдарын егетін шаруа қожалығында механизатор болып та көрдім. Бір жылдары етікшілікпен де айналыстым. Кейін отбасыммен ақылдаса келе жеке кәсіпкерлікке бет бұрдым. Қолдан келетін шаруға барлық ынта-ықыласымызды салдық. Осылайша арнайы аппараттарды алдырып, белгіленген істі бастап кеттік. Қазіргі таңда екі адамды тұрақты жұмысқа алдым, – дейді жаңадан кәсібін бастаған Мұратбек.
Әңгіме барысында миллионер кәсіпкер қиын шақта қол ұшын созған жандарға алғысын айтуды да ұмытпады. Облыс басшысының кәсіпкерлерге деген қолдауы, аудан әкімінің қамқорлығы болмағанда мұндай жетістікке жетуі екіталай екен.
Кәсіпкерлік саласы бойынша жылқы жылындағы қол жеткізген жетістіктерді білмек болып, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақовқа хабарласқанымызда:
– Өткен жылы жаңадан 820 кәсіпкер тіркеліп, 847 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 1,4 есеге немесе 247 кәсіпкерге артық. Кәсіпкерлікті қолдау шараларына келер болсақ, жыл ішінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында 220 адам оқу курстарынан өтті. Оның ішінде бүгін облыс әкімінің қолынан марапат алған жеке кәсіпкер Мұратбек Жартыбаев та бар, – деген жаңалықтарымен бөлісті.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ