Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тіршілік тіні мәдениеттен басталады

Тіршілік тіні мәдениеттен басталады

«Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы болмайды» дейді Ғабит Мүсірепов. Иә, адамзат даму кезеңінің ұшар басында сол елдің мәдениеті мен руханияты, әдебиеті мен саф өнері тұрады. Ал бұған ерте заманнан-ақ ілім мен білімді бойына терең сіңірген қазақ халқы кенде емес. Десе де өнер мен мәдениетті, қоғамдық ортаны қалыптастырушы – тұлғалар.

Бүгінгі таңда Қазалы ауданының дамуына ерекше үлес қосып жүрген азаматтардың бірегейі – Білім саласының үздігі, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, бірнеше ұжымдық жинақтардың авторы Болат Жолтаев десек жарасымды. ­Жуырда осы кісімен еркін әңгіме құрып, түрлі сұрақтарға жауап алудың сәті түскен болатын.
– Болат Әбенұлы, «қоғамдық көзқарас» деген мәселеге қалай қарайсыз?
– Бұрын «Отан – отбасынан басталады» деуші едік, бүгінгі заманда «Өсек – отбасынан басталады» дейтін болдық. Өйткені, қоғамдағы болып жатқан оқиғалардың барлығын бала-шағамызбен отырып айтып, пікір білдіреміз. «Ол дұрыс емес», «Пәленшенің баласы», «Жеп қойған ғой» деген әңгімені айтамыз. Оны тыңдап отырған баланың да ойы сол арнаға бұрылады. Өзі танымаса да әңгіме бағытталып отырған кісіге деген ойы өзгереді. Былай шыға «Оны қойшы, ол дұрыс емес адам екен» дейді. Міне, жел сөз қай жақтан шығады? Соны естіген басқа адам желге айдайды. Қоғамдық пікір осылай басталады.
Адамның жақсы жақтары бар екенін айтатын болсақ, қоғамда да сондай ой қалыптасады. Қазірден бастап үй-ішінде жөні түзу әңгіме айтсақ, өмір сүріп отырған орта сол кезде түзеледі.
– Сіз ауданда көптеген қызметтердің тізгінін ұстадыңыз. Оның ішінде аудан әкімінің орынбасары, білім бөлімінің басшысы, бірнеше мектептің директоры сынды жауапты қызметте жүрдіңіз. Айтайын дегенім, осыдан 5 жыл бұрынғы адамдардың көзқарасы мен қазіргінің айырмашылығы бар ма?
– Бар. Аспан мен жердей деп айтуға болады. Бірде Қырымбек Елеуұлы «Леонардо да Винчидің кезінде өркениет кезең-кезеңімен ауысса, қазіргі таңда күнделікті өзгеріп жатыр» деп айтқан. Сол секілді бір айдың ішінде адам танымастай технология, жұрт естімеген жетістіктер орын алуда. 5 жыл бұрын тұтынбаған телефон, смарт-телевизор, ол кездегі мәліметтер басқаша. Адамның сұранысы ерек, талғамы да бөлек болып кетті. Екінші, адам оңай келетін дүниеге жаман үйренді.
Тәуелсіздік бізге көп нәрсені берді. Киім кию мәдениеті, сөз бостандығы, ой еркіндігі, тағы басқа дүниелерді сыйлады. Десе де аш адамға тойдырып тамақ берсең, соны көтере алмай өзегіне түсіп, жарылып өлуі мүмкін. Бізде де соны көтере алмау бар. Себебі оны белгілі мөлшерде пайдаланып отырған жоқпыз. Біз үшін оңай келген нәрсенің қадірі болмай тұр.
– 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарыққа шықты. Осы бағдарламаның қаншалықты жемісін жеп, игілігін көріп келе жатырмыз?
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы дегенде менің есіме «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген әл-Фарабидің сөзі түседі. Мұны мектептен бастауымыз керек. Мысалы, бала білім шаңырағынан аттағанда оған алдымен; асық ату, ләңгі тебу, аударыспақ секілді ұлттық ойын түрлері үйретілсе, өсе келе шешендік сөздер, ұлы тұлғалардың айтқандарын бойына сіңірсе, одан кейін барып домбыра, қобыз сынды аспаптарда ойнауды үйретсек қандай керемет?! Кейін ет, қазы, жент сияқты ұлттық тағамдарды таныса, жоғары сыныпқа жеткенде кәсіптік бағдарға қарай бейімделсе, оныншы сыныпқа барғанда отбасылық дәстүрді құлағына құйсақ, сонда ғана ұлттық рух пен салт-дәстүрді бойына сіңірген ұрпақ қалыптасатындай.
Тәуелсіздіктің әдепкі жылдарында «Алдымен экономика!» деген саясат жүрді. Қазір экономиканы жақсарттық. Осы бағдарламаны жалаң ұран, бір реттік науқан түрінде ғана емес, толыққанды жүзеге асыратын кезең жетті.
– «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 5 бабына сәйкес жуырда үлкен дау болды. Мәселенің мәнісі осындағы бала құқына байланысты болып отыр. Осы жөнінде не айтар едіңіз?
– Бала құқығын қорғау туралы конвенция 1989 жылдан бері бар. Сол бойынша ата-ана баласына «Сен!» деп қолын шошайтуға болмайды. Әйтсе де әр халықтың ғасырлар бойғы салт-дәстүрі қалыптасқан. Қазақ халқының тілін, дінін қабылдамаған, мойындамаған халық онымен бірге тұруы мүмкін емес. Ол үлкен шиеленіске алып соғады. Менің ойымша, заң қазақ халқының діліне негізделу керек. Бізде ата-әженің, нағашының тәрбиесі бар. Елдегі заңдарда қандас туысқандық жолды қайта қарау керек секілді. Әке-шешесі тәрбиелей алмады ма, онда ата-әженің ырқына беру қажет. Сондықтан ұлттық менталитетке назар аудару керек деп есептеймін.
– Жуырда парламенттегі халық қалаулылары қазақ тіліне байланысты қоғамда үлкен сынға ұшырады. Жалпы қазақ тілінің дамуына тікелей жұмыс істейтін сала басшысы ретінде ана тілдің қоғамдағы мәртебесін көтеру үшін қандай қадамға баруымыз керек?
– Батпандап кірген ауру мысқылдап шықпаса, оңайлықпен шықпайды. Бәріміз қазақ тіліне бірден көшіп кеткенді жақсы көреміз. Іргемізде Ресей тұрғанда, жанымызда Байқоңыр барда, қойын-қолтық араласып жатқан орыс тілін бірден алып тастау қиын болады. Бір ғана мысал айтайын, бала бұрын «дәптердің беті» деп сөйлейтін, қазір «дәптердің парағы» дейміз. Сондай-ақ халықаралық терминдерді аударып, артық қыламыз деп бүлдіріп алып жатамыз. Жалпы қазақ тіліне деген талап, сұраныс болуы керек. Әрі оны өзімізден бастау қажет.
– Әңгімемізді Сіз басқарып отырған мәдениет саласына қарай ауыстырсақ. Қазір жанды дауыста ән шырқаудың талабы күшейтілуде. Осыған орай бұрын фонограммамен ән айтып қалған өнерпаздар бұған қаншалықты дайын?
– Бұрын бір кісінің тойы болып жатса, немересі фонограммамен ән айтса, сый-сияпатымызды беретін едік. Ол дұрыс айтсын, бұрыс айтсын дауысын ақша беріп әрлетіп, «плюс» қосып қоятынбыз. Осылайша, кішкентай баланы өтірікке тәрбиелейміз. Жалпы әр нәрсені дәл өзінің бейнесінде қабылдап үйренуі керек. Жаман әдеттен арылу – ең қиын нәрсе. «Ауру қалса да – әдет қалмайды» демекші, жеңіл жағын көп қолданамыз. Қазіргі таңда аудандағы әндердің түгелге жуығы жанды дауыста айтылып жүр. Бұған да өнерпаздар төселіп келе жатыр.
– Жақында Сіздің «Ауылдың айтқыштары» деген кітабыңыз шықты. Әр кітаптың өзінің көтеретін жүгі болады. Бұл кітапты шығарудағы мақсатыңызды білсек...
– Негізі бұл кітапты баста үлкен ауқымда шығаратын болғанбыз. Мен өз бетімше жинағанмын. Әйтеке, Жетес би сынды тұлғалар болмаса, біздің замандастар ұмытылып барады. XX ғасырдың аяғы мен жаңа заманның басындағы азаматтардың ұтымды, тапқыр сөздерін естен шығарып алдық. Мысалы, Балтабай ағамыздың айтқанын Атырауда біреу «мен айттым» деп жазып қойыпты. «Қазалының фольклоры», «Қазалының бір айтары бар екен» деген мәселені көтергім келді. Бұл өз қаражыммен шығарылған.
– Қазір күлкіміз дарақы, әзіліміз дөрекі болып кеткендей. Жеңіл дүниені көп қызықтап, соған күлеміз. Осы жайында не айтасыз?
– Абай «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» дейді. Шынымен де бүгінгі таңда жеңіл дүниеге күле беретін болып алдық. Сөзде саралық, ойда салмақ жоқ. Орыстар өздері-өздеріне күледі. Кемшіліктерін әжуалайды. «Бірінші адам айнасына қарап түзелу керек» деп Байназар Өтепов айтпақшы, алдымен өзімізге қарап күлу қажет. Сонда бойымыздағы мін мен сынды түзетеміз.
– Байқасақ, сахнада көбіне мәдениет саласында бұрыннан қызмет жасайтындар жүреді. Неге жастар, ел ішінің тума таланттары жоқ?
– Былтыр мамыр айында Халық ұжымдарының фестивалін өткіземіз деп жоспарладық. Карантинге байланысты тоқтап қалды. Ол жерде балабақша, теміржол саласы, тағы басқа ұжымдар өнер көрсетеді деп күтілген. Негізі таланттардың барлығы халық ішінде. Кейбір басшылардың мәдениетке деген көзқарасы дұрыс емес.
Не үшін «Беғазы-Дәндібай мәдениеті», «Андронов мәдениеті» деп аталады? Тіршіліктің барлығы мәдениеттен басталады. Мекеме басқаратын басшылардың барлығы бірінші рухани бай болуы керек. Ұжымындағы өнерге жақын жандарға қолдау білдіріп, қоғамға араласуына ықпал етсе, ел ішіндегі талантты жандар танылады деген сенімдемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Есет ТАБЫНБАЕВ

09 ақпан 2021 ж. 836 0

Байқауда бағы жанғандар

11 желтоқсан 2024 ж. 268

Білім туралы құжаттарды тану

11 желтоқсан 2024 ж. 156

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031