Театр - өмір айнасы
21 наурыз – Халықаралық театр күніне орай Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында ҚР Мәдениет қайраткері,
сценарист, режиссер Насыр Баекеевті еске алуға арналған «Сахна мен өнері ұштасқан Накең» атты аудандық драма ұжымдарының байқауы өтті. Байқау басталмас бұрын мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев өнер иесінің өнегелі жолына аз-кем тоқталып, талапкерлерге сәттілік тіледі.
Мәдениет әлемінің майталманы, өнері де өмірі де тәлім мен тәрбиеге толы Насыр Баекеев режиссер ретінде Т.Ахтановтың «Ант», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай», С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр», «Ең әдемі келіншек» спектакльдерін сахналады. Шара кезінде өмірін өнердің өркендеу жолына арнаған талантты режиссер туралы әріптестері естеліктерімен бөлісіп, оның адамгершілік қыры мен шығармашылық жетістіктері жайлы тебірене әңгімеледі. Насыр Баекеұлы өнерпаздардың облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар мен конкурстарға және мәдени шараларға қатысуын қамтамасыз етіп, өзіне жүктелген міндеттерді уақытылы және тиянақты орындауымен әріптестер арасында құрметке бөленді.
Ауыл, қала, аудандағы драма үйірмелеріне қатысушылардың орындаушылық шеберліктерін арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқауға он екі драма ұжымы мен жекелеген талапкерлер қатысты. Олар белгілі драматургтердің шығармаларынан қойылым қойып, монолог оқыды. Қатысушылардың өнерін бағалаған театр ойыншысы, ардагер ұстаз Ұлжан Ахметова, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ғалия Оспан, театр ойыншысы Жантұрған Тоқмамағамбетовтер «Үздік монолог» номинациясына Лақалы ауылдық клубының драма үйірмесінің мүшесі Мейіржан Нағашыбай, «Үздік орындаушы» номинациясына Қазалы қаласы №17 мектеп ұжымын лайық деп таныды. Бозкөл ауылдық драма үйірме мүшелері үшінші, Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінің режиссері, жас маман Арнұр Әлжан екінші, Қазалы қалалық халық театры бірінші орын иеленді. Бас жүлдені №170 мектеп жанынан құрылған драма үйірмесі мүшелері жеңіп алды. Насыр Баекеев атындағы арнайы жүлде Ғ.Мұратбаев ауылдық мәдениет үйінің драма үйірмесінің мүшесі Динара Нұғмановаға бұйырды.
Ұлболсын ЕРБОЛҚЫЗЫ