Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Туған жердің түтіні де тәтті

Туған жердің түтіні де тәтті

Қасиетті Қазалы жерінен түлеп ұшып, еліміздің түкпір-түкпірінде еселі еңбек етіп, тәуелсіз мемлекетіміздің нығая түсуіне аянбай атсалысып жүрген абзал азаматтар аз емес. Солардың бірі Алматы қаласындағы «ВЕАГ» құрылыс компаниясының басшысы Ербоздақ Өтеуов.
Сәлемнің де сәті бар. Біз жақында Ерекеңмен тілдесіп, туған жерге сүйіспеншілік, рухани жаңғыру төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.
– Барлығы таныстықтан басталады. Алдымен өскен ортаңыз бен өмір жолыңызға байланысты қысқаша айтып өтсеңіз.
– Менің кіндік қаным Қазалы ауданындағы Сарыкөл ауылдық округінің орталығы – Абай ауылында тамып, дүниеге келгенмін. Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектебінің бірінші сыныбына барып, оқушылық күндерімнің барлығын сонда өткіздім.
Білім шаңырағындағы ұлағатты ұстаздарыммен бірге отбасындағы ата-анамнан алған тәлім-тәрбиемнің мәні зор. Бұл ретте әсіресе шаңырағымыздың тірегі, аяулы әкем – Өтеудің берген бағыт-бағдары айрықша. Ол Қазалы ауданының бұрынғы Микоян, Жаңатұрмыс колхоздарында қауын-қарбызбен қоса бақша дақылдарын өсіре жүріп, бақшашыларға басшылық еткен. Сондай-ақ, балықшылар бригадасын басқарған. Ұлы Отан соғысының от-жалынға толы сұрапыл жылдарында колхоз төрағасы міндетін мойнына алып, жерлестерін Жеңіс тойын жақындатуға жұмылдырған.
Талай тауқыметті басынан өткеріп, шарболаттай шыңдалған жан біздің бала кезімізден еңбекке құштар болып өсуімізді қалады. Соның арқасында бойымда әр нәрсеге төзімділік көрсете білетін, жігерлі мінез қалыптасты.
Мектептен соң Совет Армиясы қатарындағы азаматтық борышымды өтеп келіп, аудандық ішкі істер бөліміне милиция қызметіне орналастым. Кейін Алматы қаласына көшіп, қоғамдық тәртіп саласындағы жұмысымды жалғастырдым.
1990 жылы Алматыдағы Өскемен жол құрылысы институтының филиалын бітіріп, республикалық автомото-техникалық қызмет көрсету базасында істедім. Арада біршама уақыт өткесін сол мекемені басқардым. «Алатау» сауда орталығында дүкен меңгерушісі болдым. 1993 жылдары жеке кәсіпкерлікпен де айналыстым.
Бұл күндері «ВЕАГ» құрылыс компаниясына басшылық жасаймын. Ынтымағы мол, іргелі ұжымымыз жаңа технология­ны өндірісте қолдану арқылы тұрғындар тұрмысына қажетті көптеген нысандарды салуға белсене қатысып келеді. Сондай көрнекі құрылыстар қатарында Жамбыл облысының Меркі, Қордай аудандарындағы су, жел және Отардағы күн электр стансаларын, Алматыдағы «Байтал» тұрғын үй кешенін, «Самал» мөлтек ауданындағы көп қабатты тұрғын үйлерді атап айтсақ орынды. Мұның бәрі де Елбасының рухани жаңғыру идеясына қосып жатқан үлесіміз.
– Туған жерге деген сезіміңіз... Ел Президентінің «Туған ел» бағдарламасының жас ұрпақтар тәрбиесіне тигізер пайдасы жөніндегі ойыңыз қандай?
– «Әркімге туған жері – Мысыр шаһары» деген айна қатесіз ақиқат. Кімге болса да кіндік кесіп, жөргек жуған өңірі оттан да ыстық, аса қадірлі көрінеді.
Өзім дүние есігін ашқан Қазалы өңірі батысында Арал ауданымен, солтүстігінде Қарағанды облысымен, шығысында Қармақшы ауданымен, оңтүстігінде Өзбекстанның Бұқара облысы және Қарақалпақстанмен шектеседі. Осындай кең де қасиетті жерде бүкіл түркі әлемінің данышпаны Қорқыт ата және Жалаңтөс баһадүр, Әйтеке би, Бекарыстан би, Жанқожа батыр, Ақтан батыр сияқты бабаларымыз өмір сүрген. Ұлы Отан соғысы жылдарында Үрмәш Түктібаев, Мақаш Балмағанбетов, Владимир Михайлович Счастнов, Яков Данилович Михайлюк, Геннадии Фадеевич Шляпиндер жау жендеттерімен арыстанша алысып, Кеңес Одағының Батыры атанды. Сонымен бірге Ғанидай Қазақстан мен Орта Азия жастарының жалынды көшбасшысы, Роза мен Мәдинадай күміс көмей әншілер, тағы басқа да есімдері алты Алашқа белгілі көптеген асыл тұлғалар түлеп ұшқан.
Осындағы Оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкент шаһары, Үлкен күйік, Кіші күйік қалашығы сияқты архиологиялық нысандар мен жүзден астам тарихи-мәдени ескерткіштер халықтың қазынасына айналып отыр.
1941-1945 жылғы екінші дүние жүзілік соғысқа алынған ағаларымыздың бірі бір шымшым топырақты шүберекке түйіп, қалтасына салып алады. Оны көрген біреулер: «Мұны қайтесің?», - дейді. Сонда ол жанындағыларға: «Бұл маған алыста жүргенімде күш береді. Бойымдағы туған жерге деген сағынышымды басады» - депті.
Туған жер топырағының киесі ме әлде көрер жарығы болды ма сол ағамыз сұрапыл майданнан аман оралып, балалы-шағалы болып, өмірден озыпты. Осы айтылғандай мен де туған жердің топырағын айрықша қадірлеймін. Тамыры – терең, тарихы – кенен Қазалымды әрдайым мақтаныш етемін. Кеудемдегі оған арналған перзенттік сүйіспеншілігім мәңгілік өшпей, жүрегімнің төрінда бойтұмардай сақтала береріне кәміл сенімдімін.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген «Туған жер» бағдарламасы дер шағында орынды қолға алынған бастама. Мұнда жас ұрпақ арасында өлкетану жұмыстарын жандандыру, экологиялық жағдайға жанашырлық таныту, елді мекендерді абаттандыруға көңіл бөліп, тарихи жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтау мәселелері айтылады. Халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін дамытуға жаппай атсалысу ескертілді.
Тағы да «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобалары да келешек жеткіншектерге арналған таптырмас құндылық. Өйткені, еліміздегі қасиетті жерлердің тарихы мен шежіресін біліп өскен жастардың бойында жалпыұлттық патриотизмнің өзегі нығая түсері белгілі. Сондықтан Елбасының ұсыныстарын қызу қолдап, ондағы міндеттерді жүзеге асыруға көп болып көмектескеніміз дұрыс.
– Сіздің Қазалы ауданы көлемінде болып жататын түрлі іс-шаралардан қалыс қалмай, жанашырлық пейіл танытып жүретіндігіңізден хабардармыз. Осы мәселеге де тоқтала кетсеңіз.
– Жоғарыдағы бір сөзімде туған ауылымның топырағын ерекше қасиет тұтатынымды айтып өттім. Тіпті маған кейде туған жерімнің түтіні де тәтті көрінеді. Олай дейтінім қазір Жетісу жерінде жүріп жатқаныма қырық жылдай уақыт болды. Сонда да Қазалы жаққа бүйрегімізді бұрып, құлағымызды түруден жаңылмаймыз. Жақсы жаңалықтар естісек марқайып, жайсыз жағдайларға жабырқап отырамыз.
Ел ішіндегі өткізілетін үлкенді-кішілі шараларға қолдан келген көмегімізді көрсетуге тырысамыз. Осы орайда жерлес халық батыры Жанқожа бабаның 240 жылдығы тұсында жазушы Молдахмет Қаназдың «Ел қорғаған – ер Жәкем» кітабының баспадан шығуына демеушілік жасадым. Ас беру рәсіміне 2 млн теңге аудардым.
Кемеңгер қолбасшы Жалаңтөс баһадүрдің туған жері Қарашеңгел ауылдық округінде баба ескерткішін тұрғызуға, оның өмірі мен ерлік жолы жайлы деректі фильмнің түсірілуіне де қаржылай көмек бердім. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында аудан орталығы – Әйтеке би кентінен Тәуелсіздің аллеясы мен Жалаңтөс баһадүр мавзолейінің бой көтеруіне 11 млн теңге аударып, ортақ шаруаға азаматтық үлесімді қостым. Бүгіндері бұл сәулеттік нысандар аудан тұрғындары мен сырттан келген қонақтардың көңілінен шығуда.
Елбасының «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады.» деп атап көрсеткеніндей әрбір ұрпақтың тамыры өсіп-ержеткен жерінен ажырамайды. Сол үшін де қасиетті Қазалымызға жасар жақсылықтарымыз келешекте де жалғаса берері сөзсіз.

Әңгімелескен,
Сахи ҚАПАР.
08 желтоқсан 2017 ж. 3 853 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 73

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 68

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930