Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » “БОЛАШАҚТА” БЕРЕКЕЛІ БІЛІМ БАР

“БОЛАШАҚТА” БЕРЕКЕЛІ БІЛІМ БАР





«БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ ЕЛІМІЗДІҢ ДАМУЫНДА ЗОР РӨЛ АТҚАРДЫ. ЕҢ АЛДЫМЕН, ОЛАР – ЭКОНОМИКА, БІЛІМ, ҒЫЛЫМ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ, ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨНЕР САЛАЛАРЫ ҮШІН ЖАҢА КАДРЛАР. БАҒДАРЛАМА ТҮЛЕКТЕРІНІҢ ӘРБІР ЕКІНШІСІ БҮГІНДЕ ЖЕКЕМЕНШІК ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК СЕКТОРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН КОМПАНИЯЛАРЫНДА ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ».

ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІ Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ «БОЛАШАҚ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ
БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ФОРУМЫНДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІНЕН.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Абзал Жандәулетұлы Іскендір – 1984 жылы 30 мамырда Қазалы ауданының Басықара ауылында дүниеге келген. Ауылдағы №182 мектепті бітірген соң Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Физика пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын туған ауылындағы №182 мектепте физика пәнінің мұғалімі болып бастаған. Бірлік ауылындағы №102 мектепте де бірнеше жыл оқушыларға сабақ берді. Отбасылы, бір ұл, бір қызы бар. Зайыбы Анар Исаева да Ж.Жабаев атындағы №234 мектепте технология пәнінен сабақ береді.

Тәуелсіздігінің баға жетпес жетістігінің бірі — «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асырылған бұл жоба аясында оқып келген мамандар бүгінде мемлекеттің дамуына өз үлестерін қосып жатыр.
Біздің ауданымызда алғашқылардың бірі болып, Әйтеке би кентіндегі №234 мектептің мұғалімі
Абзал Іскендір халықаралық «Болашақ» стипендиясын иеленген болатын. Бүгін біз Ұлыбритания мен Жапонияда білім алған Абзалмен сұхбаттасып, әңгімелескен едік.

– Абзал Жандәулетұлы, жақында ғана Осака университетінен алған дипломыңыз құтты болсын! Шетелде алған біліміңізді ел игілігіне жаратуыңызға тілектеспіз. Алдымен «Болашақ» бағдарламасымен шет елдерде білім алуға қалай қол жеткіздіңіз, осы жөнінде айтсаңыз?
– Рахмет. Бұйырса бар үйренгенімізді мектепте пайдаланамыз деген ойдамыз.
Әлі есімде, алғаш рет білім бөлімінен «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түсуге құжаттар жиналып жатыр деген хат келген болатын. Мен де бағымды сынап көрмек болып құжаттарымды тапсырып, Қызылорда қаласында сынақтан өттім. Онда Астана қаласынан келген мобильді топ өкілдеріне ағылшын, қазақ тілдерінен және IQ тест тапсырып, әңгімелесуден өттім. Сәті түсіп сынақтан сүрінбей өтіп, шекті балды жинадым.
Осылайша, 2014 жылдың қаңтар айында Англияға аттандым. Ол жақта алдымен Норвич қаласындағы Шығыс Англия университетінің тілдік орталығында ағылшын тілін үйрене бастадым. Алғашқы уақытта қиын болғаны да жасырын емес. Қанша ағылшын тілін білемін дегенмен, бәрібір үйренісіп кету қиындық туғызды. Сабақты академиялық тұрғыда оқып, ағылшын тілінде қалай диссертация жазу керектігін үйрендім. Мұғалімдерім берген тапсырмалардан бөлек, өз жоспарымды бекітіп алдым. Онда бір күнім басынан аяғына дейін өлшеулі еді. Жос¬пар бойынша бір уақытты ағылшынша кітап оқуға жұмсасам, тағы бір кезде құлаққаппен музыка тыңдап, кино қарауға көңіл бөлдім. Әрине, адам болған соң бір уақыт демалып та тұрдым.
Менің бір байқағаным, ағылшын тілін теория жүзінде қанша үйренгеніңмен біреумен сөйлеспесең, ешқашан одан әрі дамыта алмайды екенсің. Ал мен мұнда біреумен ағылшынша сөйлесейін десем, тұманды Альбионда бір танысым жоқ. Сондықтан мен бір қулыққа көштім. Өзім тұратын ауданда жүретін көше қаңғыбасымен (бомж) келісіп, бір мезгіл ағылшынша әңгімелесіп жүрдім. Әрине, тегін емес. Әр сөйлескен сайын ыстық тамағын алып беруге келістім.
Мұның бәрін мен тегіннен-тегін істегенім жоқ. Тәуекел етіп үлкен қадамға барған соң, мойнымда зор жауапкершілік тұрды. Сондықтан күндіз-түні еңбектеніп, көп уақытымды жұмсадым.
Он бір ай Норвич қаласында оқыған соң, Шеффилд қаласында тағы да бес ай білім алдым.
– Ағылшын тілін жетілдіріп болған соң, шетелде өзіңіз оқитын оқу орны қалай таңдалады? Сіздерге бағдарлама бойынша белгілі бір университет ұсыныла ма?
– Университетке түсу үшін алдымен Анг¬лиядан алған біліміміздің қорытындысымен IELTS-тан тест тапсырамыз. Қажетті балға қол жеткізген соң, білімімізді жалғыстыратын оқу орнын өзіміз таңдаймыз. Мен Жапониядағы үздік оқу орындарының бірі Осака университетін таңдап, өзімнің ұсынысымды жібердім.
Алайда, өзіміз таңдаған оқу орнына бірден барып оқып кете алмаймыз. Себебі, біз қажетті құжаттарды – дипломымды ағылшын тіліне аударып, тілдік деңгейіңнің (IELTS) көшірмесін жіберген соң, онлайн режимде емтихан тапсырдым. Егер университет басшылығының біздің білімімізге көңілдері толса ғана, әңгімелесуден өтеміз. Ақпараттық технологияның дамыған заманында ешнәрсеге таң қалмайтын болдық. Туған жерім – Басықара ауылында отырып-ақ, интернет арқылы әңгімелесуден өткен соң университет оқытушыларынан оң баға алдым. Осылайша Күншығыс елінде 2015 жылдың 1 қазанынан бастап аталмыш университетте физика факультетінде оқуымды бастадым.
Осака университеті – өз еліндегі іргелі оқу орындарының бірі. Жапониядағы рейтинг бойынша Токио университетімен бірінші, екінші орынды өзара бөлісіп отырғанын мақтанышпен айтуға болады. Мұндағы оқытушылар әлемдік деңгейде аты шығып, өз саласының білгірлері ретінде танылып жүр. Солардың арасында Нобель сыйлығын алған Юкава деген профессордың орны ерекше.
Жалпы Жапония университеттері біздің елдің білім ордаларымен тығыз байланыс орнатқанын көріп қатты қуандым. Мен оқып жүрген уақыттың өзінде Алматыдағы іргелі оқу орындарының студенттері осында білім алды. Елден келген соң біз өзімізге жақын тартып, араласып та тұрдық.
Негізінен бұл жақта Жапонияға жақын орналасқан елдердің жастары көптеп білім алады. Мысалы, мен Үндістан, Малайзия, Сингапур, Филиппин және тағы басқа елдердің студенттерімен бірге оқыдым.
Осака университетінде жоғары дәрежелі білім берумен қатар, студенттердің тұрмыстық жағдайына қатты көңіл бөледі. Мысалы, ол жақтағы жатақханалардың өзі хан сарйынан кем емес. Жатақхана бойдақ, баласы жоқ отбасылар және балалары бар отбасылар үшін болып үшке бөлінеді. Мен отбасыммен бірге барған соң екінші категориядағы жатақхананы таңдап, еш уайымсыз бар уақытымды білім алуға жұмсадым.
Екі жылдық оқуымды аяқтап, қазан айында Осака университетін бітіргенім туралы дипломды қолыма алдым. Қазіргі таңда аудан орталығындағы Марат Құдайбергенов басшылық ететін Жамбыл Жабаев атындағы №234 мектепте оқушыларға физика пәнінен сабақ берудемін.
– Әңгімеңізге рахмет! Шәкірттеріңіз тек биік шыңдарды бағындыра берсін.
Әңгімелескен –
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ.
07 желтоқсан 2017 ж. 2 525 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 76

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930