Қазақстанда биржалық брокерлерге міндетті лицензиялау енгізіледі
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда тауар биржаларының брокерлері мен клирингтік орталықтарының қызметін міндетті лицензиялау енгізіледі. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Фото: stopfake.kz— Бұл тетік биржа нарығы қатысушыларының ашықтығын, сенімділігін және адал ниеттілігін арттыруға, сондай-ақ биржалық саудаға қатысушы барлық тараптардың мүдделерін қорғауға бағытталған, — делінген хабарламада.
2026 жылдың басында нарық қатысушыларының тиісті лицензияларының болмауына байланысты биржалық сауданың тоқтап қалу қаупін болдырмау мақсатында, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тауар биржаларына биржалық сауда қатысушылары арасында түсіндіру жұмыстарын алдын ала жүргізу қажеттігін еске салады.
— Биржаларға брокерлер мен клирингтік орталықтарды лицензиялау мерзімін ескере отырып, биржалық тауарларды сату (сатып алу) жөніндегі өтінімдерді қабылдау мерзімдерін дұрыс айқындау және бекіту ұсынылады, — деп жазды агенттіктен.
Агенттік нарық қатысушыларын лицензиялауға дайындық үдерісін кейінге қалдырмауға шақырады. Уақтылы лицензия алу 2026 жылдың басынан бастап биржалық сауданың үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
БҚДА өз тарапынан тауар биржалары мен нарық қатысушыларының жаңа талаптарды енгізуге дайындығын мониторингтеуді жалғастырып, қажетті әдістемелік көмек көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкілеттігін кеңейткенін жазған болатынбыз.













