Жерімнің аты – елімнің хаты
Елбасы «Өткеннің өнегесін бағаламай, болашаққа бағыт жасау мүмкін емес» деп айтқанындай рухани жаңғыру бағдарламасы бұрынғы өткен ата-бабамыздың тарихы, кейінгі ұрпаққа қалдырған аманаты. Осы орайда Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану кеңесінің бүгінгі таңдағы жасап жатқан жұмысы халықтың ойынан шығады.
Елімізде жүріп жатқан рухани жаңғыру бағдарламасы Елбасының көрегендігінің арқасында іске асып отыр. Сондықтан да, облыс көлеміндегі әрбір ауданда, әрбір ауылдағы тәлім-тәрбиелік маңызы бар қасиетті орындарды тереңірек зерттеп, бүгінгі ұрпаққа таныстыру – баршамыздың міндетіміз. Мысалы, мен Қазалы ауданының Бекарыстан би ауылында дүниеге келгенмін. Осы ауылдың өзінде көптеген тарихи орындар бар. Қазіргі таңда Сырдария өзеніне бұрынғы «Әлсейіт қайығы» аталып кеткен жерден үлкен көпірдің құрылысы жүріп жатыр. Ал, Әлсейіттің кім екендігінен көпшілік қауым хабарсыз.
«Жерімнің аты – елімнің хаты» демекші, ұлы бабаларымыз Әлсейіт пен Мәнәйыт өз заманының бетке ұстар батырлары, әрі әулетіне дәулеті сай азаматтар болған. Олар Асан руынан тараған.
Ел ішінде аса жауапты істер тындырып, ру арасындағы жер дауы, жесір дауына да араласып, бедел жинаған от ауызды, шешен тілді Әлсейіт бабамызды халқы ардақ тұтқан. Сол кез Қожамберлі руының да адамзат тарихындағы көшпелілік пен отырықшылықтың түйісіп, қазақтың төл мәдениетінің үздік үлгісіне аяқ басқан дәуірі болған.
Сонда Асандар Сырдарияның арғы беті мен бергі бетіне жаппай қоныстанған. Қазіргі батыс беткейдегі тұрғындарды аудан орталығымен байланыстырып тұрған өткелдің орнында Саман аталығының білгірі, әрі көшбасшысы Әлсейіт бабамыз қайық ұстаған. Ру ақсақалынан данагөйге айналған ол халыққа қол ұшын беруден ешқашан тартынбаған. Жеке басының тірлігінен елдің қамын жоғары қоя білген имандылығы мол азамат болған.
Жұрттың аузындағы әңгімеге сүйенсек, сонау жылдары қыс өте қатты болып, әрі ұзаққа созылып, көктемгі жаңбырға ұласқан. Қар ерігенде Сырдария арнасынан асып, дарияны жағалай қоныстанған ауылды түгелдей су шайып кетеді. Сұлу тамға (қазіргі Әйтеке би кенті) қатынас тек қысты күні қана мұз үстімен жаяулап, шанамен жүргізілген. Қыс пен көктем, күз бен қыс арасында «абыржыға» қалып, ар жақ пен бер жаққа қатынау қияметке айналған. Дәл сондай қиын уақытта Әлсейіт атамыз көпшілікке қамқор қолын созып, жол қатынасын жолға қоюға септігін тигізген.
Ендігі айтпағымыз жаңа көпір бұрын «Әлсейіт қайығы» болған жерге салынып жатқандықтан, құзырлы органдар осы көпірді Әлсейіт бабаның атымен атаса екен. Сонда өткен ата-бабамыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған аманаттарының бірінің орындалғаны деп есептейміз. Осылай болып жатса өткенге деген құрметіміз арта түседі.
Мұндай белгілі адамдардың ерлігі мен өмірі көпшілікке таныстырылып отырса нұр үстінен нұр болар еді.
Базарбай НАҒЫМАНОВ,
«Нағыман и К» ЖШС-нің директоры.
Байқоңыр қаласы.