Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Саулықта сайра, тілім, ашып көңіл...

Саулықта сайра, тілім, ашып көңіл...

Сыр өлкесі ежелден-ақ өркениеттің ошағы болған көне шаһарлары, күй атасы Қорқыттың ақындық, жыршы-жыраулық дәстүрін жалғастырған кестелі тілді, даңқты сүлейлерімен дараланады. Солардың бірі – Қазалы өңірінде ғұмыр кешіп, кейінгі ұрпағына ұлағатты сөз қалдырған Қарасақал Ерімбет шайыр.
Ерімбет Көлдейбекұлының туғанына 175 жыл толған мерейтой қарсаңында белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Молдахмет Қаназға жолығып, заманында «Нұсқалы сөздің кестесі» атанған шайырдың қазақтың жазба әдебиетіндегі алатын орны туралы әңгіме өрбіткен едік...
– Сіз Сыр елінен шыққан есімдері жұртшылыққа танымал ақын, жазушы, журналистер З.Шүкіров, А.Тоқмағамбетов, Қ.Сүйенішев, Н.Сералиев, С.Боранбаев, Б.Тәжімбетов, С.Сейітмағамбетов, Ә.Әлішев, К.Ізетов, Ш.Дәрмағамбетов, Б.Алдамжаров, З.Сақиев, Қ.Мұқаметқалиевтермен тығыз араласып, пікірлес болдыңыз. Аталған қаламгерлердің жабық Ерімбет тақырыбына баруы, оған берген бағасы қандай болатын? Елуінші жылдардағы жылымық, сексенінші жылдардағы жариялылыққа дейін шайырға діншіл көзқарастағы ақын, исламшыл айыбы тағылғаны белгілі...
– Сарауыз балаларды кісі қатарына қосу, бізге қарап қалған қарт ата-анамыздың жағдайлары үшін 1963 жылы Шымкенттен елге келіп, ұстаздықты бастадық. Жанашыр Ә.Байтанаев ұстазым кандидаттыққа жетеледі.
«Қарғаның бір көзі – оқта, бір көзі – боқта» деген. Халық ортасына келген соң тыйым салынған, кісендеулі халық батырлары мен шайырлары туралы сөз жинауға талап еттім. Жиырам бір жастамын. Алып-ұшқан кешегі студенттік көңіл әлдеқандай қауіп-қатерден де, күмәннан да аулақ. Қордалы халық сөзіне ай-бір мейпілдейтін болармын деймін. Маңдай бірден-ақ тасқа тиді. Ана шалың мына шалға, мына шалың ана шалға сілтейді. Орта бойлы, тығыз денелі, ұзын кірпікті шағын қарт Бегімбай Қосаев сол кезде зейнетте. Жетпістің ол жақ, бұл жағында болар. Алдымен сотша тергеп, түп-тұқиянымды бажайлап сұрап алды. Бәрін танып, біліп отыр. Әкелеріммен дәмдес, бірсыпыра ағаларыммен қызметтес болған. Бұйымтайыма қанығып алған соң, Балымбет Көптілеуовке жұмсады. Бір білсе, білетін адам сол. Мені алғашында баласынды-ау деп ойлағам. Кейін бір кәперге келгені бұл баланы әлдебір жасырын мекеме жұмсап отырған болар-ау деген сезікті де жоққа шығаруға болмас...
Алпысыншы жылдар елдің енді ғана ес жинап келе жатқан кезі. Оның арғы жағы алапат соғыс, соғыстың арғы жағы зорлықпен жаппай колхоздастыру, колхоздастырудың арғы жағы репрессия. Бір елі ауызға – екі елі қақпақ тағы бар. Жеке басқа зіл батпан салмақ. Аңғара бастағаным, жұрттың бәрі үркек. Бегімбай болса сол аласапырандардың қайнаған ортасында өсіп-жетілген адам. Жастайынан қызметке араласып, аудан басшылығына дейін жеткен. Сөз ұстар қарттардың қатары сиреген, қалған сарқыт үрейлі. Одан қалғандары көне сөзден аулақ, көбісі танаулары делдиіп «жарқын болашақтың» қамында жүр.
Одан әрі індетіп жүріп Ақанжан Келімбетовке шықтым. Бұл кісі халық ортасында өсіп-жетілген, кейін білім алған, жыр, айтыс, неқилы оқиғалар мен ел арасындағы әңгімелердің ұтқыры болатын. Арқалы ақын, өлең де жазады, елге абыройлы, көрнекті ұстаз. Талай әңгімелесіп, дәмдес болдық. Ахаңнан Нұрсұлтан Жұбатовтың «Жанқожа батыр» дастанын сұрап алдым. Онда да уақытша ғана. Өзінің рұқсатынсыз жан адамға көрсетуге, оқытуға болмайды. Екеуара келісіміміз солай. Бізде бағы жанбаған ақындар көп. Солардың бірі осы Нұрсұлтан Жұбатов. Дастан эпикалық сарынмен басталады. Сол басталған күйі оқиға әрі өрби алмастан аяқталмай қалған. Себептері көп. Ең бастысы, Жанқожа мен Ерімбет шайырға саясат қырын. Бұл дегенініз кеңестік жымысқы идеологияның ұлтты тарихи жадынан айырудың, қазақ халқының тарихын ұмыттырудың қитұрқы әдісі. Төртінші пішімдегі ақ қағазға қызыл сиямен көшірген қолжазба менде сақтаулы. Уағда бойынша ешкімге көрсеткен емеспін. Ағамыз о дүниелік болып кетті. Қызы Шәмшия сұраса, көрсетуім мүмкін.
Осы жерден 3-бетке
Кезінде Сейіл Боранбаев екеуміз Асқар Тоқмағамбетовтың шашбауын көтеріп, Жанкент маңында жайлауда отырған замандасы Байназар Өтеповке алып барғанбыз.
Күйші әрі ұстаз Қобылаш актер Юрий Никулинге ұқсайтын бойшаң, белінен бүгіліп еңкейіңкіреп жүретін, үлкен домбырасын қолынан тастамайтын момын да таза адам еді. Талай сұхбаттастық. Бұл кісіден мен А.Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» кітабын алып оқығам. Бір сайтан ұрлап кетіп, кітабын қайтарып бере алғаным жоқ.
Ерімбет шайыр туралы мен досым Ботабай Рыстығұлов пен оның әкесі Рыстығұлдан көбірек есіттім. Жырлары құлағыма тиіп жүрді. Біз білерде, шын мағынасында ,Ерімбет жырларының ұйығы – Қызылқұм, арғы жағы қарақалпақ, бергі жағы қазақтың малшы, егінші қауымы. Олай болар себебі – Ерімбет ұрпақтарының басым көпшілігі сол жақта өсіп-өнген, екіншіден, қалың құм ішінде жыр атаулыдан үркетін, саясат салқыны ұрған, мұрындарына су жетпейтін қаланың сүргіншілігінен аулақ екі малшы қауым да жайбарақат жырау тыңдап, айтыс ұйымдастыру дәстүрінен кешеге дейін қол үзген емес.
Атап отырған азаматтардың ішіндегі халықтың көне мұрағатына жақыны Бекділдә Алдамжаров болатын. Ізденімпаз, жан-жақты жазушы, ақын һәм зерттеуші. Қазір кім көп, жалаңтөстанушы белсенді білгіш көп. Кеңестің қытымыр заманында Жалаңтөс баһадүрді алғаш рет қазақ босағасынан бері аттатқан Бекділдә болатын. Ерімбет шайыр туралы да талай әңгіме болған, алайда атаулы мақала жазғаны есімде қалмапты.
Ұстаздықтан қаламгерлікке ойысқаным жетпісінші жылдар. Оқырмандарға мәлім, жазушылыққа алып келген «Чика-Дабылдың баласы» повесі. Алматыдағы әдеби қауымға араласқаным 1978 жыл. Елдің қалың ортасында болуым, табиғи өмір өз алдына, Сыр бойы қаламгерлерімен аралас-құраластығымыз шығармашылығыма қыруар пайдасы тигізді. Ардақ тұтар Зейнолла ағамыздың «Сыр бойы» тарихи романында ел қорғаған ер Жәкемнің жорықтас серіктері, Ерімбеттің батыр аталары Шағырай мен Дабылдың ерлік істері баяндалады. Ал Асқар көкеміз «Жыр күмбезі» романында Сырдың Балқы Базар бастаған сүлейлерінің алтын топшысы Ерімбет ақынның образын: «Ол өзі ақын, әрі оқымысты, әрі серілеу кісі, қисық қылыш байлап өте сәнденіп жүруге әдеттенген. Жасында медреседе оқыған, сыпайы әрі жомарт болатын», – деп сомдайды, оның ақындық өнеріне: «Ереке, шын тұлпардың бірі едіңіз, шабытты шайыр сөзге дүр едіңіз», – деген баға береді.
«Сөзіндей сүлейлердің салмағы мол, демейсің өзің келіп қолтығымнан. Келесің сен өйткені көптен сақтап, Ерімбет Балқы Базар өнегесін», – деген жолдар ақын, жазушы, аудармашы Б.Алдамжаровтың «Қазалы» (бұрынғы «Ленин туы») газетінің елу жылдығына арнауында көрініс тапқан. Бекділдә ініміздің екі кітаптан тұратын «Ұлы сел» романында Жәкеңдей қоңыраулы найзалы батырлармен қатар Ерекеңдей жыр нөсерін селдеткен жыршы, ақындарға кең орын берілген. Ал ақын інім Жетіскен Мәкеналы 2006 жылы шайырға арнаған «Жыр сүлейі Ерімбет» арнауында: «Қарасақал Ерімбет қатарласа шапқанда, қарасын үзген қасқадай. Халық айтады «Алдына жан салмаған ерім деп», – көсілетіні бар. Сүйсінерлігі сол, Ерімбеттей назым сөздің шеберіне арнаған жыр селі толастаған емес. Шыны керек, қоғамда жариялылық желі соққанға дейін Қазалы қаламгерлері мен зерттеушілері Жанқожа батыр мен Ерімбет ақын тақырыбына еркін бара алмады. Бара алмайтыны – жазғаны еш жерде жарияланбайды. Жексұрын атанады. Сондықтан іштей тынып, діңкәсі құрып жүретін. Ортадан озып қайда барасың. Біз де сол маңнан. Барлық кедергіні жойған Тәуелсіздігіміз!
– Лауазымды қызметтер атқара жүріп, Қазалы мен Арал топырағының бізге там-тұмдап жеткен халық ауыз әдебиетіне, оның көрнекті өкілдері: жыршы-жыраулар мен ақындары шығармашылығына ден қойдыңыз. Солардың асыл мұрасын жинақтап, насихаттаушы, қазына кеуделі шежірешілер және басқалармен жиі дидарласып, сұхбаттастыңыз. Бірлі-жарымын кітабыңызға жеке кейіпкер еттіңіз. Сол ағалардың Сыр бойындағы жазба әдебиеттің қалыптасуына, ауыз әдебиетінің зерделі жанры – жұмбақ айтыстың өркендеуіне, шежіренің толығуына қомақты үлес қосқан Ерімбет шайыр атамыз туралы айтқаны мен пікірі көкірегіңізде сақталып, құлағыңызда қалған шығар?
– Халқымыздың «Ауыл – алтын бесік», «Ел іші – өнер кеніші» деген даналық сөздері бар. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде тарихи тамыры тереңде жатқан Қазалы мен Арал өңіріңде кеудесі алтын сандық, қазыналы да шежіреші ақсақалдардың шоғыры мол болатын. Бала-шаға қамымен үкімет қызметін атқара жүріп, алыс ауданда шығармашылықпен айналысқан, әлденелерге қол жеткізген өз басым санамалаған қазақтың қасиетті қара шалдарымен әңгіме-дүкен құрып, дастарқандас болу бақытына ие болдым. Солардың бірі майдангер, кейін партия және шаруашылық органы қызметкері, зерделі, «Сыр елінде жинақталған қазақтың шежіресі» және «Көсемдік мен шешендік» кітаптарының авторы Өмірзақ Ахметов. Кеудесі қазынаға тұнған, салмақты көсем сөздің иесі Сыр бойының би, батырлары мен ақын-жырауларын сөз еткенде көбіне-көп Ерімбет шайырдың жыр, қиссалары мен шежіресіне жүгінетін. Тамсана әңгімелейтін. Осы бір арда мінез сол ағалардың бәріне тән еді. Мамандығы теміржолшы болса да, руханият жанашыры Ботабайдың алқалауымен Ерімбеттің туысы Рыстығұлдың талай ғибратты әңгімесін тыңдадым. Ал Рысекеңнің туысы, шежіреші ақын Қызылбай ақсақалды сонау 1973 жылы наурызда Алматыдан Қазалыға М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының арнайы тапсырмасымен іздеп келген әдебиетші ғалымдар: Б.Адамбаев пен М.Байділдаевтың сапарынан хабардармын. Шамасы, бұл 1973 жыл болар. Қазақ ауыз әдебиетіне, демек ұлт мәдениетіне, айтарлықтай үлес қосқан екі бірдей азаматымыз Мардан Байділдаев пен Балтабай Адамбаевтардың елге келіп, ауыз әдебиеті үлгілерін жинауы айтарлықтай үлкен ерлік. Ұмытпасам, бұл соғыс жылдарынан кейін біздің елге жасалған екінші ғылыми экспедиция.
Бұл кісілер кетіп қалған соң естідім. Кімнен қаншалықты материал алғандықтарынан хабарым жоқ. Елдегі көнекөз қариялардың бірі, маған туыс ағайын Балымбет Көптілеуовке жолығыпты. Алайда әлдеқандай себептермен бірден-ақ шалыс келіп қап, бұл кісі оларға шешіліп әңгіме тарқатпай кетіп қалады. Өз аузынан білгенім осы.
Қызылбай араға екі ай салып, Ерімбет туралы «Тереңнен гауһар сөз теріп» деп, өлеңмен Марданға жазған жауап хаты кейінде жергілікті автордың зерттеу кітабында жарияланды. Тарихшы ұстаз Қадырбек Бекетов «Қазағымды, Қазалымды жырлаймыз» кітабында бабасы Жалаңтөс баһадүрдің шығу тегін таратқанда, Ерімбет шежіресін басшылыққа алған. Осындай үрдіс т.ғ.д., профессор Х.Мадановтың «Кіші жүздің шежіресі» кітабында да байқалады.
– Жарты ғасырдан астам шығармашылық ғұмырыңызда сіз көркем әдебиетке қалам тербеумен қатар кейінгі отыз жылдың бедерінде ХІХ ғасырдағы Сыр бойындағы Ресей империясы мен Хиуа, Қоқан билеушілеріне қарсы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы, даңқты батыр Жанқожа Нұрмұхаммедұлының ерлік жолына мықтап ден қойдыңыз. Тауқыметті саланы меңгерген тұста «...Қозғалса құйын нөсер құр кетпеген» деген бағаға ие Ерімбет шайырдың ер Жәкеммен замандас батыр аталары: Шағырай, Бекшеұлы, Дабылдың, оның туысы Ақшаұлы Досбол мен Қабақтың есімін жолықтырған боларсыз. Туыстық жағынан келсек, Ерімбеттің анасы Зәуре Жәкеңнің ағасы Ақмырзаның қызы деседі. Бұл турасында не айтасыз?
– Қай шығарма, қай кітаптың да өзіндік бейнеті болады. Ал «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» жинағының бейнеті ерекше. Сыр бойы шаруаларының көтерілісіне деген қара түнектің ашылар-ашылмасы мүлде беймағлұм жетпісінші жылдары елде жүріп Мәскеу, Ташкент мұрағаттарында жұмыс істедім. Алдымен өзім біліп, түсініп алу үшін. Одан кейінгі Алматы, Орынбор мұрағаттарындағы жұмыстар өз алдына. Облыстық кітапханада МБА – межбиблиотечный абонент деген арнаулы бөлім болатын. Соның оқырманымын. Мен сұраған материалдар, кітаптар, журналдар негізінен Ленинград, Мәскеуден келеді. Оның өзі он-ақ күнге. Мұрнымнан шаншылып жүрген адаммын. Қазір оңайлады ғой, ауданда екі-ақ машинка. Өзге амал жоқ, кітаптардағы керек тұстарды сол кездегі ақ-қара суретке түсірткізіп алатынмын. Бірсыпырасы сақтаулы тұр. Содан бері жыл сайын тірнектеп жинап, толықтыра бердім. Бұл тұрғанда батырға байланысты әртүрлі мазмұндағы материалдар 90 пайызға жуық осы кітапқа жинақталды деп есептеймін. Тауқыметі мол, бірақ өкінбеймін. Бүгінгі күнге дейінгі 200 жылдық мерзімді қамтитын елеулі жұмыс. Мүлік халықтікі. Аруақтар риза болса болды. Бұдан былайғы жас зерттеушілер онша қиналмайтын болады.
Архивтік деректерге негізделген қос кітапта, жыршы-жыраулардың ерлік дастанында жеті атасына батырлық дарыған Ерімбеттің ержүрек аталары: Шағырай мен ер Дабыл, Ақшаұлы Досбол мен Қабақтың есімдері жолығады. Бұған қоса, жыршы Л.Кенжеевтің «Жаңқожа батыр» дастанында: «Шағырай, Сәдір, ер Дабыл, тоқым тыққан Қыстаубай. Құр атаққа мәз болмай, атақты өңкей ер едің», –деп сипатталады. Ер Дабылға: «Алғыс айтып балаға, ер Дабыл берді батасын. Үлкендер қылар кешірім, кішінің көрсе қатасын», – деп айрықша тоқталады.
Батыр бабаның ажалы орыс жағына берілген бақталас сатқындардың қолынан болғанда, 1860 жылы, Ерімбет он жаста екен.
1841 жылы Кенесары Қасымовтың бастауымен Қоқанның Созақ бекінісін аларда Кіші жүз қолын бастаған Жанқожа қосынында Дабыл Бекшин бар. 1842 жылы Жанкент маңындағы Хиуа найыбы Бабажан қорғанысын талқандап, өзін жазалағанда Дабыл Жанқожаның жанында. Бұдан да ілгеріде Хиуа бекіністеріне талай жасалған жорықтарда да Дабыл батырдың қатарында арпалысып жүргендігі ауызша айтылады. Бірақ көбісі қағазға түспеген.
Орыс әкімшілігінің ұйғарымымен арнайы шыққан 600 жазалаушы қарақшы 1860 жылдың ерте көктемінде Қызылда жалғыз үй отырған 86 жастағы Жанқожаны намаз үстінде атып өлтірген соң, генерал-губернатор В.Катенин шешесі ұл тапқандай қуанып, соғыс министрлігіне енді қалғаны жалғыз Дабул деп жазады. Осы кездегі бір жазбаша деректе Дабыл өзінің жанындағы төрт-бес үймен теңіздің арғы беті Үстірт асып кетті деп көрсетілген.
Көтерілісшілерді жазалап жүрген Елікей Қасымов жансыздар жұмсап Қармақшыдан бұл жердегі қазақтар түгілі Хиуа, Қоқан, Бұхарда болып жатқан оқиғаларды соғыс министрлігіне мұрнынан тізіп жеткізіп отырған үш бірдей тілді білетін сарай кеңесшісі тыңшы Осмоловскийге Хиуаның Әлләберді Мейрам деген кісісі Дабылдың ауылын тонап, өзін тұтқындап алып кетті деп көрсетіп отыр. Нағыз аласапыран кезең, солай болуы да мүмкін.
Ал шындығында, Дабыл өз туыстарымен бір қауым ел болып Боқан тауының маңы Қаракөл деген жерге тұрақтаған. Жасы келгенде ағайындарына егін еккізіп, бейбіт кәсіппен айналысқан. Көз көргендер Дабыл жармасының сұлбасы әлі тұр деседі. Айта келгенде, Дабыл Жанқожаның жанында ұзақ болған ең сенімді батырларының бірі. Екеулері дос болған. Достық келе-келе құдалыққа ұласқан. Батыр Ақмырза ағасының қызы Зәурені Дабылдың ағасы Ақша батырдың ұлы, өзінің сарбаздарының бірі Көлдейбекке берген. Көлдейбек Ерімбеттің әкесі, сонда Ерімбет Жанқожаға жиен.
– Ежелден батыр мен ақының қастерлеген елміз. Қазақы дәстүрге берік Қазалы ауданының азаматтары соның жарқын үлгісін көрсете білгеніне куәгерміз. Сонау 1992 жылы Қазалыда Жанқожаға кесене салынып, Ақиректе баба рухына ас берілгені, республикалық дәрежеде аталғаны, бұл үрдіс 240 және 250 жылдықта кең сипат алды. Ал Ерімбет шайырға елдік құрметтің алғашқы қадамы 1994 жылы жасалды. Ал 2006 жылы 155 жылдығы мерекеленді. Біз көп тойшылап, халықты ығыр қылып алған жоқпыз ба? Бетке ұстар, сөзі өтімді ерлердің намысы мен рухы әлсіреді ме? Мұны бір десек, екінші мәселе Ерімбет ақынның есімін мәңгі есте қалдыру, оның шығармашылық мұрасының кеңінен насихатталуы туралы не айтар едіңіз?
– Қарасақал Ерімбет бабамыздың елге тұңғыш оралуы қазіргідей емес, атқан оғым жететін, айтқан сөзін өтетін, еститін құлақ бар 1994-1995 жылдар. Бұл жайында сенің жазбаңнаң қанықпын. Әңгіменің ортасында болғаным жоқ. Сол кездегі аудан әкімі С.Имандосовтың басшылығымен қиын кезде қаражат жиналып, кітабы шығарылып, Бозкөлдегі мектепке, Астана, Алматы, Қызылорда қаласы мен Әйтеке би кентіндегі көшеге есімі берілгенінен хабардармын. Жасыратыны жоқ, мұнан кейін екпін саябырсыды Ал араға он жыл салып, қайта оралуы 2005- 2006 жыл деуге болады. Бұл жыл ауданда Ерімбет жылы деп аталды да, сан-алуан бөгесіндер мен кедергілерге қарамастан, көптеген шаруалардың басы қайырылды. Ғылыми конференция өтті, ұжымдар мен мектептерде шайырдың шығармалары таныстырылды, кітабы шықты. Тағы да жазбаннаң білгенім, мәдениет министрлігінің бағдарламасы бойынша шыққан «Қарасақал Ерімбет» кітабының қор есебінен қаржыландырған мың данасы келген қонақтарға таратылмай, бөлменің бұрышында жатып қалуы кешірімсіз-ақ! Мәселенің анығы, Қазалы қаласында ақынның ескерткіші орнатылды. Ақын молынан насихатталды. Осы шаруалардың басы-қасында жүрген Ботабай Рыстығұлов болатын. Ботабай ес білгелі тыным таппай үнемі елдік шаруалардың бел ортасында жүрді. Оның Ғани мен Ерімбетке сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
– Ерімбет шайырдың ізгілікке шақырған жыр-термелері мен қиссаларын жас ұрпақтың бойына сіңірсек, рухани байлығымыз арта түсер еді. Деректі фильмін түсірсе, шығармашылық мұрасы мен зерттеу кітабын академиялық үлгіде шығарса, үгіт-насихатын жандандырса, мемлекет басшысының Түркістанда өткен ұлттық құрылтайдағы ұлтымыздың тарихи тұлғаларына құрмет көрсетуді жақсарта түсу қағидасы жер-жерде оң шешімін табары сөзсіз. Бұған қоса, ақын есімін мәңгі есте қалдыруда, шығармасын оқулыққа енгізуде Түркістан, Ақтөбе, Байқоңыр қалаларындағы көшеге есімін беруді ескерген абзал.
Тағы бір айтпағым, шайырдың Қуандариядағы мешіт-мектебі мен бейіті қамқорлыққа зәру. Қай тұрғыдан да даңғайыр ақынға құрмет көрсетілуі тиіс.
Естінің ізі, көненің көзі, қазақ әдебиетінің қарымды қаламгері ретінде Ерімбет шайыр есімін ұлықтауға, мерейтойын жоғары деңгейде өткізуге жанашырлық танытқаныңызға үлкен рахмет! Айтарыңыз азаймасын, жазарыңыз сарқылмасын! Батыры мен ақынын құрметтеген ел бақытты қағидасын алға тарттыңыз. Лайым да солай болғай!
«Саулықта сайра, тілім, ашып көңіл», «Қолыңнан келер ісіңді аянба, халықтан алғыс ал!» деген хәкім Абаймен рухани үндес Ерімбет мерейтойы мазмұнды да тағылымды өткей!
Сұхбаттасқан
Қараша ҚАРАМАН,
Ерімбеттанушы.
Алматы облысы.

04 қараша 2025 ж. 40 0

Толымды тарту

04 қараша 2025 ж. 31

Мәңгілік мұраның мекені

04 қараша 2025 ж. 51

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930