Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәңгілік мұраның мекені

Мәңгілік мұраның мекені

Қарасақал Ерімбет есімі – Сыр елінің перзенттері үшін рух пен әділдіктің, өнер мен өнегенің, парасат пен пайымның символы. Бүгінде оның атында аудан көлемінде көше, мектеп, ескерткіш бар. Алайда көпшілік біле бермейтін ерекше мәдени орынның бірі – Бозкөл ауылындағы №96 мектеп жанынан ашылған тарихи-өлкетану мұражайы. Бұл мұражай – баба өмірі мен шығармашылығын, туған өлкенің өткені мен рухани байлығын көз алдыңа әкелетін қастерлі орын.
Сыр сүлейі Ерімбет атындағы тарихи-өлкетану мұражайы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында, 2021 жылдың 24 желтоқсанында салтанатты түрде ашылды. Игі істің бастамашылары – Қарасақал руынан шыққан ел ағалары, ауылдың ардагер ұстаздары мен мектеп ұжымы.
Мектептің кіреберіс фойесінде 1997 жылғы түлектердің демеушілігімен орнатылған Ерімбет бабаның мүсіні көз тартады. Ал ішкі бөліктегі мұражайға кірген әр адам ерекше әсерге бөленеді. Ортасында шағын киіз үйдің макеті. Төрінде Кәукей ауылынан шыққан суретші Қази Арзиев салған Ерімбет шайырдың айбынды портреті ілінген.
Мұражай сөрелерінде Ерімбет бабаның өмірі мен дәуірінен сыр шертетін көптеген тарихи жәдігерлер қойылған.Солардың бірі – бабаның қамшысы, оны ұзақ жылдар бойы Лақалы ауылының тұрғыны Әділбек Рахметов сақтап, кейін мұражайға табыстаған.
Сондай-ақ көзге бірден түсетін ерекше бұйым – №96 мектептің макеті, оны мектеп түлегі, Ақай ауылының шебері Ақылбек Баекеев өз қолымен жасап, оқу орнын бітіргеніне 10 жыл толуына орай тарту еткен.
Ерімбет баба үлес қосқан Қуаңдария бойындағы XIX ғасырдың 80-жылдары салынған мешіттің шағын үлгісі де келушілер назарын аударады. Бұл макетті Әйтеке би кентінің тұрғыны Әкімбек Баекеев 2020 жылы жасаған. Жәдігер бабаның тек шайыр ғана емес, ел ағартушысы және руханият жанашыры болғанын дәлелдейді.
Мұражайдағы ең бағалы мұралардың бірі – Ерімбет бабаның өз қолымен жазған «Ясин» сүресінің көне қолжазбасы. Бұл қасиетті жәдігер ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде сақталып, 2021 жылы соғыс ардагері Досжан Қуандықовтың ұлы Күмісбай арқылы мұражай қорына ресми түрде өткізілген.
Мұражайда «Мен кіші жүз, алшын, әлім, асылым – қазақ...» атты Ерімбет бабаның шыққан тегінің сызбасы мен «Ұлағат сөзім – ұрпаққа» айдарымен берілген шығармалар жинағы көрініс тапқан. Сонымен қатар, «Шырын сөздің шеберін, ақындар толғап жырлаған» атты бөлімде замандас шайырлардың Ерімбетке арнаған өлеңдері топтастырылған.
Мұнда сондай-ақ Қарасақал Ерімбет ұрпақтарының суреттері, мектеп басшылары мен ұстаздарының фотосуреттері, түрлі деректер мен фотоальбомдар қойылған. Бұлардан бөлек, баба заманында қолданылған сандық, кебеже, келі, келсап, диірмен, ши тоқу құралдары секілді көне тұрмыстық бұйымдар да ерекше қызығушылық тудырады.
Бұл мұражай – тек өткенді еске алу орны емес, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, туған жерге сүйіспеншілігін арттыратын тағылымды орта. Мұнда келушілер тек Ерімбет бабаның өмір жолымен емес, тұтас Сыр бойының мәдениеті мен ағартушылық дәстүрімен танысады.
Қарасақал Ерімбет Көлдейбекұлының мұрасы – ұлт жадында мәңгілік сақталатын рухани қазына. Ал Бозкөл ауылындағы №96 мектеп жанындағы тарихи-өлкетану мұражайы – сол қазынаның тірі куәсі, ұлт руханиятының алтын арқауы.
175 жылдық мерейтой аясында бұл мұражайдың танымдық әрі тәрбиелік маңызы арта түсуде. Себебі мұнда өткеннің өнегесі мен келешектің үміті тоғысқан.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ

04 қараша 2025 ж. 50 0

Толымды тарту

04 қараша 2025 ж. 30

Мәңгілік мұраның мекені

04 қараша 2025 ж. 51

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930