Қараша айында рубль мен теңгенің айырбас бағамы қандай болады: сарапшылар пікірі
Фото: pixabay2025 жылдың қараша айы RUB/KZT жұбы үшін теңгерімді сақтауда күрделі кезең болғалы тұр. Бір жағынан – Ресей Банкі жүргізіп отырған қатаң ақша-кредит саясаты, екінші жағынан – Қазақстан Ұлттық банкінің белсенді инфляцияға қарсы шаралары. Толығырақ Zakon.kz ақпаратында.
Қазақстандық және ресейлік сарапшылардың пікірінше, рубль мен теңге қатынасына әсер ететін факторлар – мұнай бағасының әлсіреуінен бастап күрделі "логистикалық циклге" дейін – нарықта орташа құбылмалылыққа жағдай жасайды. Алайда бұл болжам сыртқы күтпеген соққылар болмаған жағдайда ғана іске асады.
Рубльге не тірек болып тұр?
Екі валютаның арақатынасын түсіну үшін алдымен рубльдің қазіргі қысымға қалай ұшырап отырғанын білу қажет. Сарапшылар атап өткендей, Ресей валютасы екі негізгі, бірақ бір-біріне қарама-қайшы күштің ықпалында – ақша-кредит саясаты мен сыртқы сауда балансы.
Рубльге ең басты қолдау Ресей Банкінің ақша-кредит саясаты тарапынан көрсетілуде. Реттеуші негізгі мөлшерлемені жоғары деңгейде сақтап, нарыққа қатаң шарттарды ұзақ мерзім ұстап тұратыны туралы нақты белгі берді. Қаржыгер Александр Шнейдерманның пікірінше, бұл рубльдік активтерге деген қызығушылықты арттырып, ұлттық валютаға қосымша сұраныс тудырды.
Ал инвестициялық аналитик Никита Бредихин рубльдің біртіндеп әлсіреуін күтеді. Бұған мұнай бағасының баяу динамикасы және 2025 жылы сыртқы сауда сальдосының төмендеуі себеп болып отыр.
Қазіргі жағдай сақталған жағдайда, сарапшылардың ортақ болжамы бойынша, күзгі кезеңде доллар/рубль бағамы 80–82 рубль аралығында болады. 3 қарашадағы ресми көрсеткіш бойынша, 1 АҚШ доллары – 80,8861 рубль.
Ұлттық банк шаралары: теңге қалай тұрақталады?
Қазақстанда да теңгені қолдауға бағытталған терең құрылымдық шаралар жүргізілуде. Ұлттық банк қараша айында валюта нарығының салыстырмалы тұрақтылығын сақтауға бағытталған әрекеттерін жалғастыратынын мәлімдеді. Қатаң саясаттың негізгі себебі – инфляцияның үдеуі, ол базалық мөлшерлемені едәуір арттыруды талап етті.
Ұлттық банктің айырбас бағамы мен өтімділік бойынша іс-қимылдары:
Валюталық интервенциялар. Ұлттық банк қараша айында Ұлттық қордан бюджетке аударымдар үшін 600–700 миллион АҚШ доллары көлемінде валюта сату арқылы теңге бағамын қолдауды жоспарлап отыр. Реттеуші бұл операциялардың нарықтық бейтараптық қағидаты сақтала отырып жүргізілетінін атап өтті.
Стерилизация. Ұлттық банк артық ақша массасын шамамен 475 миллиард теңге деңгейінде ұстап, инфляцияның күшеюін болдырмау үшін стерилизацияны жалғастырмақ.
Алтын операциялары. Алтын бойынша айналыстағы операцияларды "айна" түрінде жүргізу жалғасады. Жыл соңына дейін қосымша 1,4 трлн теңге айналымнан шығару жоспарланып отыр – бұл эмиссиялық және инфляциялық әсерді азайту үшін жасалмақ.
Базалық мөлшерлеме бойынша жылдың соңғы шешімі қараша айында, жаңартылған инфляция болжамдары негізінде қабылданады.
Рубль әлсіреп келеді, бірақ баяу
Қаржыгер Арсен Темірбаевтың пікірінше, қараша айында рубльдің теңгеге шаққандағы бағамы 6,5–6,7 теңге аралығында болады. Бұл болжам қазіргі құбылмалылық, бюджеттік трансферттер және әлемдік мұнай нарығының жағдайы ескеріліп жасалған.
Аналитик маңызды динамиканы атап өтті:
"Жыл басынан бері рубль теңгеге қатысты 31,06%-ға нығайғанымен, соңғы айда 1,68%-ға, ал соңғы үш айда 3,68%-ға әлсіреген".
Арсен Темірбаев
Ұзақмерзімді болжамдар рубльдің жыл соңына қарай біршама әлсіреуін болжайды, бірақ қараша айында қазіргі экономикалық жағдай аясында курс салыстырмалы түрде тұрақты болады.
Бүгін таңертеңгі жағдай бойынша рубльдің ресми бағамы – 6,56 теңге, ал Forex нарығында RUB/KZT жұбы 6,52 теңгемен саудалануда, бұл тәулік ішінде 0,51%-ға төмендеу көрсетеді.













