Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлы еді ұлтының ұлық, тайыр, Әділдікті шырағы еткен шайыр

Ұлы еді ұлтының ұлық, тайыр, Әділдікті шырағы еткен шайыр

Қазақ қашанда тума таланттарға бай болған. Әсіресе Қазалы өңірі қазақ еліне шайырлар мен тума-таланттар шыққан құтты мекен атауымен танылған. Тілдің майын тамызып, сөзден түйін түйген тарлан жүйріктер түрлі оқиғаларды жырлап, кейінгі ұрпаққа мирас еткен. Өткір тіл мен ұтымды, ұт­қыр ісімен ел құрметіне бө­лен­ген сөз зергерлерінің мұрасы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бү­гін­де ұлт қазынасына айналды. Өнер бәйгесінде ерен да­рын­дылығымен танылған шайыр­лар шоғырындағы шоқтығы биік тұлғалардың бірі – Ерімбет Көлдейбекұлы. Биыл Сыр сүлейінің туғанына 175 жыл толды.
Қазақ әдебиетінің ғасырлар бойы үзілмеген тарихи жолы ұлтымыздың қалыптасу даму жолымен сабақтас. Рухани мәдениетіміздің желісін құрайтын Сыр сүлейлері деп аталатын өнер тарландарының шығармалары ғибраттық, тағылымдық маңызымен ерекшеленеді. Тасын түртсең, тарихы сөйлейтін Сыр өңірі – киелі мекен десек, бүгінде тарихи-мәдени мұраларымызды ел игілігіне айналдыруда әлі де болса зерттеліп, зерделенетін дүниелер баршылық. Міне, осындай қасиетті өн бойында ұстап, ел жадында мәңгі қалған тұлғалардың бірі – Қарасақал Көлдейбекұлы Ерімбет.
Ақын Кіші жүздің Әлім тайпасының Қарасақал руынан, оның ішінде Сарбас аталығынан шыққан. Өзі 1850 жылы туып, 1912 жылы 25 мамырда 62 жасында Қазалы уезіндегі, Қуаңдарияның бойындағы Қызылжар деген жерде қайтыс болады. Қабірі сол Қызылжарда. Туып-өскен жері осы күнгі Қызылорда облысының, Қазалы ауданының бұрынғы 18 ауылы. Әкесі Көлдейбектен бес бала туған: Адай, Атымтай, Атантай, Қосмамбет және Ерімбет. Ерімбет ең кенжесі болады. Нағашысы атақты Жанқожа батырдың ағасы Ақмырза батыр. Көлдейбек орта дәулетті, мал баққан қара шаруа болған. Негізгі қонысы Қызылқұмдағы Жаңадария мен Қуаңдарияның бойы. Кейде Қызылқұмның арғы шеті – Дәуқара дейтін жерге дейін көшіп барады екен.
Баласы Ерімбет мал бағу жасына жеткеннен кейін, әкесі оған өз қойын бақтырып, 16 жасқа жеткенше Ерімбетті қойдан шығармайды. Алайда ол жасынан өнерді, білімді аңсайды. Уақыт өте бұл ойын әкесіне білдіреді. Бірақ баласының бұл арманына әкесі құлақ аспайды. Балаға қаталдау, суық кісі болған екен. Қойшылықтан кете алмаған соң Ерімбет ақыры қойларды ауылға айдап жіберіп, оқу іздеп жалғыз өзі Хорезм жұртына қашады. Әуелі сол жақта жүрген үлкен ағасы Адайдың қолына барады. Одан соң Әмударияның арғы жағындағы Шеккі Хазреті деп аталатын үлкен медресеге барып кіреді. Сол медреседе Арап молда деген кісіден сауат ашады. Сонда үш жыл оқып, арабша хат таниды. Сол кездегі шығыстың көркем әдебиетін өздігінен көп оқи бастайды. Бірақ медреседе үш жылдан артық оқуға тұрмыс жағдайы көтермеді. Киім, тамақтан жоқшылық көреді. Әкесінен де ешбір көмек болмайды. Болмаған соң оқудан шығып, ел ішіне кетеді. Алдымен Қызылқұмдағы Бұхараға қарасты, ел жайлаған құдықтарда отырған Шөмекей тайпасының атақты байы Аманды деген кісіге барып, мектеп құрады. Балаларын оқытады.
Тағдырының тауқыметі таусылмаған Ерімбет қилы өмір жолының өткелдерінен өтеді. Махабаттан да баз кешіп жалғыз атпен Сыр бойына кетеді. Қазалы уезінің Қалыңбас болысына Жанарыстан Жайықұлы деген кісіге песірлік етеді. Сол сияқты би, болыстармен өзінің қызметінің арқасында бірге жүре береді. Бір сайлауда халық биі болып сайланады. Бірақ екі жылдан кейін билікті тастап, Қармақшыға қарайтын бес болыс елге арық ақсақалы болып кетеді.
Ерімбеттің алғашқы өлең жазғаны Қаным қызды алып қашып барып, Көздембайдікінде жатқан кезінде еді. Сол кезде Көздембайдың Жекей атты жеті жасар жалғыз қызы бар екен. Сол Жекейді өзімен айтыстырған етіп, өлеңнің екі жағын да өзі айтады. Бірақ кейін «Ерімбет Жекей қызбен айтысыпты-мыс» деген ел аузында аңыз қалады. Содан кейін «Атымтай жомарт», «Сәдуақас сақи», «Ақтам сахаба» дастанын жазады. Толғаулардан жазғаны – «Аңыла сөз», «Шәй», «Бұл дүние», «Болат темір», «Бұлбұл», «Толғама көңлім», «Баймақан», «Әзберген-Діліш», «Жолданды», «Ащы су», «Айт- паймын», «Байғабыл», «Құттыбай», «Омармен айтысы», «Петербордағы мешіт», «Біреу көрдім», «Бір су көрдім», «Қыпшақбай», «Жалғасбай», «Беташар» толғауы», «Кәрілік», «Мірғалым», «Батсайы», «Бір тойда», «Жұмбақтар», «Өлеңмен жаз», «Оқудағы баласы Махамбетке жазғаны». Бұлардан басқа тағы қара сөзбен жазылған үлкен тарихи-шежіресі бар. Ел аузында жүрген өлеңдері де бар. Қарасақал Ерімбет шығыстық дидактика-философиялық мазмұндағы әдеби дәстүрді одан әрі дамытып, ислам дінінің гуманистік-ағартушылық идеяларын қазақ поэзиясының поэтикалық өзегімен тұтастыра жырлады. Сондай-ақ ол қазақтың дәстүрлі айтыс өнеріне де өзіндік ерекшелігімен үлес қосты. Ақын шығармалары «Айтыс», «Қазақ поэзиясының антологиясы» жинақтарында жарияланды. «Ұлағат сөзім ұрпаққа» атты жеке жыр кітабы жарық көрді.
Биыл Сыр сүлейі, шайыр Ерімбет Көлдейбекұлының туғанына 175 жыл толуына орай Қазалы ауданы көлемінде үлкенді-кішілі іс-шаралар өтіп жатыр. Шайырдың мұраларын ел арасынан жинап, зерттеп, өңдеп, құрастырып шығаруға Қазақстан Жазушылар, Журналистер және Ақын-жыр­шылар одақтарының мүшесі Әбдісаттар Оспанов және Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, жыршы, жырау, ақын-жазушы Сардарбек Қожағұл ағаларымыз көп еңбек сіңірді. Сонымен қатар ақын мұраларын жинап, салыстыруда Қазалы аудандық шежірешілер тобының жетекшісі Өмірзақ Ахметұлы мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қараша Қараманұлының да еңбекте­рі көп.
Иә, заман шынайылығы, адамдардың қуаныш пен қайғы қабаттасқан күрделі тағдырлары, ұрпақтар тәрбиесі және адам мен мемлекет тағдыры, сөз өнерінің көркемдік ұлағаты, тағы басқа да сан-алуан мәселе ақын шығармаларының халық жүрегінен мәңгілік орын алды. Демек, Ерімбет жырлары – қазақ сөзінің халықтық көркемдік ойлау құдіретінің көрсеткіші. Ақын жырлары қазақ халқымен бірге мәңгі жасай бермек.

Айнұр ӘЛИ
04 қараша 2025 ж. 30 0

Толымды тарту

04 қараша 2025 ж. 30

Мәңгілік мұраның мекені

04 қараша 2025 ж. 51

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930