Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қуаныш Жиенбай: Жастар уақытты бекерге өткізбесе екен...

Қуаныш Жиенбай: Жастар уақытты бекерге өткізбесе екен...

Сыр елінде дүниеге келген елге белгілі қаламгерлер жетерлік. Туындыларымен қоғамда болып жатқан жағдайларды қағаз бетіне түсіріп, халыққа жеткізіп отыратындар да солар. Сол қатарда Сыр бойылық белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» және Қазақ ПЕН-клубы сыйлықтарының лауреаты Қуаныш ­Жиенбай да бар.
Бүгінде қаламын серік етіп, 20-ға жуық кітапты жарыққа шығарған жазушымен сұхбаттасудың орайы келген болатын.
– Қуаныш аға, ең әуелі жақынырақ танысып алсақ. Өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз...
– Аса қатты айта қоятындай ештеңе жоқ. Теңіз жағалауында өмірге келдім. Он жылдықты Бөген ауылында бітірдім. Сосын жұрт секілді оқу орнына түсуге талпыныс жасадық. Жетпісінші жылдардың басы, ол кезде ҚазГУ-дің журфагіне түсу үшін екі жылдық еңбек өтілімі қажет болатын. Мектеп бітіріп барғандықтан алғашқы жылы жолым болмады. Оған аса өкіне қойғаным жоқ. Сол жылы теңіздің тартылуына байланысты үйіміз Қазалыға көшіп келді. Өзім осындағы ПМК мекемесінде қара жұмысшы боп орналастым. Басықара бөгеті салынып жатқан кезең. Сондағы қауырт тірлік жайлы аудандық «Ленин туы» газетіне жазып тұрдым. Бірде газет редакторының орынбасары, ардақты ағамыз Әлмәмбет Әлішев корректорлық қызметке шақырды. Бір жылдай жұмыс істедім. Маған бұл үлкен сабақ болып, үйреніп, көп нәрсеге көзім жетті. Кейін оқуға түсіп кеттік. ҚазГУ-дің 3-ші курсынан республикалық «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа орналастым. Өмір ары қарай өз ырғағымен жалғаса берді. Жазушы атандық, елге танылдық, бірақ мен үшін аудандық газеттің тәрбиесі мәңгілік есімде қалды. Ол ұзақ әңгіме...
– Осы сұрақ көптен көкейімде жүрген еді. Жасыра алмаймыз, кеңестік кезеңде әдебиет – мемлекет саясатының жаршысы болды. Сол арқылы халыққа идеологияны сіңірді. Бүгінде қазақ патриорттарын тәрбиелеуде ұлттық әдебиетіміздің рөлі қандай?
– Ұлттық әдебиеттің тоқырауға ұшыраған түгі жоқ, әдебиет даму үстінде. Десе де қазір уақыт та, заман да басқа, оқырманның талғам-таразысы бөлек. Сондықтан әдебиетке қойылар талап күшейді. Беталды қағаз шимайлайтын дәурен келмеске кетті. Иә, кеңес дәуірінде әдебиет партияның идеологиясын ­басты орынға шығарды. Бірақ өзіне қойылар міндетті де естен алшақтатпады. Әдебиеттің мойны озық талай дүниелері сол кезеңде жазылды. Солар әлі күнге дейін кітап сөрелерінде шаң басып қалған емес, оқылады, зерделейтіндер бар. Тасқа басылған маржан сөздер балталасаң да өшірілмейді.
– Қуаныш аға, бүгінгі балалар ертегі тыңдағаннан гөрі шет елдің мультфильмдерін көргенді жақсы көреді. Оның үстіне қазіргі ертегілердің теледидардан берілуі бәсеңдеп, радиодан айтылмай да кетті. Мұның кейінгі ұрпақ тәрбиесіне тигізер әсері қандай?
– Бұл «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайдының» кері ғой. Мәселе күн тәртібінен түскен жоқ. Ертегі тыңдайтын бүлдіршіндердің дені «Айфонның» тұтқынына айналғандығын өздері де сезбей қалды. Бұған бір жағынан ата-аналар да кінәлі, оларға бесіктегі сәбиі жыламаса болды. Дерт тым асқынып барады. Бұған қазірден тосқауыл қоймаса, коронавирусіңіз жолда қалады. Ал бұған дайын тұрған қандай рецепт барын білмеймін.
– Күн сайын көзбен көріп жүрген, көңіліңіз толмайтын бүгінгі қоғам дертіне айналған мәселеге тоқталсаңыз...
– Мәселенің көптігіне шашыңның түгі жетпейді. Және ол күн сайын тамырлап, өркен жайып барады. Ертеңгілік үйден шыға бере бір сүренсіз жағдай айқұлақтанып алдыңнан шыға келеді. Оны көрмегенсіп, айналып өте алмайсың. Мүлде көп... Ежелден қанға сіңген дағды – жастардан үлкен үміт күтеміз. Күн сайын тау қопарып тастаудың қажеті шамалы. Жастар алтындай уақытты бекерге өткізбесе деймін. Оларға жасалған мүмкіндік дегеніңіз сұмдық! Үйінде отырып-ақ интернет арқылы дүниені «төңкеріп» тастауға болады. Тек соған білім мен жігерді жетелей білетін құлшыныс болса...
– Тәуелсіздік алғаннан бергі мезгілді саралап қараған адамға қазақ әдебиетінде проза жанрына келіп қосылған жастардың аздығы байқалады. Бұл құбылыстың себебін қалай түсіндірер едіңіз?
– Бұл пікірге қосыла қоймаймын. Проза жазып жүрген жас жазушылар баршылық. Мәселе – олардың қалай жазуында ғой. Көпке қол шапалақтап қуануға болмайды, әрбір толқыннан мүйіздері қарағайдай екі-үш жазушы шығып, әдебиеттің абыройын асқақтатса, соның өзі үлкен олжа.
– Бүгінде әдеби кітап оқитын жастардың қатары бәсеңдеп, керісінше әншілер, бизнесмендер жазған туындыларды оқуға құмартып тұрады. Шындығында жастардың әдебиетті оқымауына не кедергі? Әлде әдеби кітаптарды жарнамалау аздық ете ме?
– Бизнес жолына түсіп, әлем жұртшылығын таңғалдырған алпауыттар жайлы қызық кітаптар ұшырасса, оны жата-жастанып неге оқымасқа?! Бизнесті биік дәрежеде жүргізу және оны сол деңгейде ұстап тұру – ақылға, өмірлік тәжірибеге байланысты. Күнделікті шай-судың шаруасынан аспайтын бизнесті мұрат тұтар тірлік деп ойламаймын. Біздің ­жастар ауылдағы базар маңынан ұзап шығып, құлашты алысқа сермеуге тиіс. Ал жастар кітап оқымайды деген жаттанды, ескірген түсінік. Мұны сағыздай созып, айта берудің қажеті шамалы. Жақсы кітап қолға түспеуі мүмкін, бәлкім жарнама жағы жетімсіз шығар. Әйтсе де жақсы шығарма жерде қалмайды. Кітап оқу – жанға керек дәрумен. Жүректің дірілін, жан тебіреністі кітаптан басқа жерден тауып та, кездестіре де алмайсыз.
– Қазақ әдебиетінің бүгінгі деңгейі қандай?
– Алысқа бармай, бұған бір мысалдың төңірегіне ғана тоқталайын. Қазақ әдебиетінің қазіргі көзі тірі классигі, біздің жерлесіміз Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыздың елге, әдебиетке сіңірген өлшеусіз еңбегін таратып айтса молынан жеткілікті болар. Тоқсанның алтауына келген абыз ағамыз әлі ақ қағазбен күн сайын дидарласуын тоқтатқан емес. Және қағазға түскен әрбір сөйлемі мірдің оғындай тиген жерін ойып түседі. Таңғы шықтай тазалығын айтсаңшы... Жақында абыз ағамыздың 7 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты. «Қан мен тер» осы заманға лайықталып қайта жөнделген. «Осымен тоқтадым, енді жөндеп қалам тигізбеймін» дейді. Кім білсін? «Соңғы парыздағы» адамның жүрегін суырып алатындай соңғы тарау, соңғы аккорд қандай?! Үлкенімізге де, кішімізге де үлкен өнеге. Өз басым сөздің құдіретіне соншалық мән беретін одан басқа қаламгерді кездестірген емеспін. Орайы келгенде, сөйлесіп, пікірлесіп тұрамын. Әр кездесу мен үшін баға жетпес қазына. Қазақ әдебиетінің бүгінгі өсу деңгейін осы өлшеммен безбендей беріңіз. Ағамызға ұзақ ғұмыр тілейік. Ортамызды толтырып, аман-есен жүре берсін!
– Құлазыған көңіліңізді не көтереді?
– Көңілдің құлазуы – шау тартып, шаршағандықтың белгісі. Құдайға шүкір, әлі ондай күйді бастан кешкеніміз жоқ. Бос уақытым бола бермейді. Әрі газет тілшілеріне сұхбат та бере бермеймін. Қазалыдан, аудандық газеттен деген соң қолдау көрсетіп отырмын. Ол – менің жастық шағымның белгісі қалған үлкен мектеп қой. Өтінішіңді аяқасты етпегенім содан, шығармашылық ұжымға менің атымнан сәлем айт. Аман жүргендеріңізге тілекшімін.
– Уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін ­рахмет!
Әңгімелескен Абзал ЖОЛТЕРЕК
23 мамыр 2020 ж. 1 392 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031