Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Құдайберген Есекеев: Жемқорлықпен жаппай күрессек жеңеміз

Құдайберген Есекеев: Жемқорлықпен жаппай күрессек жеңеміз

Ортамызда артынан ерген жас буынға ақ батасын беріп, көптеген істің ақ-қарасын ажыратуға қол ұшын созып жүрген ағалардың бар екені рас. Сол қатарда ауданымыздың абыройлы ақсақалы, еңбек ардагері, өз саласында табаны күректей отыз жыл тер төккен, бүгінде қаламын жанына серік етіп жүрген Құдайберген Есекеев те бар. Жақында жетпіс жасты бағындырған жарқын мінезді жанмен сұхбаттасудың орайы келген еді.
– Құдайберген аға, ең әуелі өзіңізбен жақынырақ танысып алсақ?

– Мен Арал ауданының Бекбауыл деген шағын теміржол стансасында дүниеге келгенмін. Шындығында азан шақырып қойған есімім – Ақберген, тегім – Рәтбаев. Ауылдағы сегіз жылдық мектепті Ақберген Рәтбаев болып тәмамдадым. Сосын Қазалы ауданының Жаңақазалы поселкесіндегі Ыбырай Алтынсарин атындағы №421 мектепке құжат тапсырарда есімімнің Құдайберген тегімнің Есекеев екенін білдім.
Алғашқы еңбек жолымды Қазалы стансасындағы теміржол клубында киномеханиктің көмекшісі ретінде бастадым. Оған өкінгенім жоқ.Өйткені бала жасымнан арманым журналист болу еді. Ол кезде бірсыпыра факультеттерге оқуға түсу үшін міндетті түрде екі жылдық еңбек стажы қажет болатын. Сондықтан оқуды жұмысшы жастар мектебінде жалғастырдым. Бірақ денсаулығыма қатысты ауруханаға түсіп, мақсатыма жете алмадым. Дегенмен жақсы жандардың көмегімен аупарткомдегі парткабинетке консультанттыққа, нотариустік қызметке келдім. Осы салада отыз жылдан астам қызмет етіп, зейнеткерлік демалысына шықтым.
– Заңгерлік жолды таңдаудағы басты мақсатыңыз...
– Заңгерлікке кездейсоқ келдім. Себебі КазМУ-дың журналистика факультетіне екі рет құжат тапсырып, шет тілінен өте алмадым. Бекбауылда да, жұмысшы жастар мектебінде де бұл пәнді оқығаным жоқ. Маған ол мамандық бұйырмаған шығар журналистикаға түсетіндерге шет тілінен емтихан тапсыру міндетті болды. Сол жылдары құжат тапсырған Сексенбай Күлімбетов (Ақтөбе қаласында тұрды, белгілі журналист) оқуға түсті де, аралдық қазіргі арынды ақын Толыбай Абылаев екеуміз шет тілінен сүрініп, шабаданымызды арқалап қайтқанбыз.
Сол кезде газетте істейтін Молдахмет Қаназдың аудандық партия комитетіне қызметке келгенін естігенмін. Бір күні өзіне шақырып: «Партбилет ауысқалы жатыр. Соған байланысты жазуға, шот қағуға икемі бар азамат пен машинка басатын қыздар таңдаудан өткізілуде», – деді. Сөйтіп аудандық партия комитетіне ойда жоқта сол кездегі санаториялық мектеп-интернаттың машинисткасы екеуміз алты адамның ішінен статист мамандығы бойынша қызметке алындық. Көп ұзамай ҚазМУ-дың заңгерлер даярлайтын бөліміне жасап жатқан қызметіме байланысты жеңілдетілген конкурспен оқуға түстім.
– 70 жастағы Құдайберген Есекеевтің бүгінге дейін алдына қойған қандай миссиялары жүзеге асты және орындалмай келе жатқаны қайсы?
– Азаматтық тұрғыда қоғамдағы басты миссия – алған мамандық бойынша елге қызмет ету болса, ол өз дәрежесінде атқарылды деп ойлаймын. Өз әріптестерімнің алдында беделсіз болмадым. Алғыс та, марапаттар да алдым. Халықпен қойын-қолтық байланыс жасадық. Заң талаптарын бұзғысы келген кейбір жандардың ойынан шықпасам, ол міндетімді адал атқарғандықтың белгісі. Бағасын ел береді. Ал ағайындық, отбасылық міндеттердің орындалғандарымен бірге жоспарда тұрғандары да бар.
– Басыңыздан өткен есте қаларлық қуанышты сәтіңізбен бөліссеңіз...
–Бүгінге дейін өкінішті, қуанышты сәттерде көп кездесті. Бірақ өмірден түңілген сәт болған емес. Соның ішінде ең қуаныштысы анамның аманатын орындап, соғыста хабарсыз кеткен Хошан Есекеев ағамның Астрахань қаласындағы бауырластар зиратында екенін біліп, ата-анасының басынан топырақ апарып салған кезім. Осы ретте сол кезде септігі тиген «Боздақтар» кітабын құрастырушы Мырқы Исаев пен астрахандық бауырымыз, Қазалы қаласының тумасы Талғат пен зайыбы Кенжебикені еске алмасам әбестік болар. Бару жолын сілтеп, жөн-жоба көрсеткен жандарға да айтар алғысымыз шексіз.
– Егер уақытты кері шегіндіру қолыңыздан келсе, алдымен нені түзетер едіңіз?
– Негізі бұл сұраққа жауап беру маған оңай болмай тұр. Дегенмен әр кеудеде пендешілік ой болады ғой десеңіз, айтайын. Шыны керек мен үшін уақытты кері айналдырудың қажеті жоқ. Бүгінгі күніме ризамын. Кері айналған уақытта менің жанымнан табылатын жақсы жандар кездесер ме еді?! Солардың пейілін түзетудің қажеті жоқ деп білемін. Мәселе сонда... Сондықтан уақыт кері айналса өйтер едім, бүйтер едім, ананы түзетем деу асылық сықылды. Ал шынымен өзгерту керек болса, өзімнің кейбір мінездерімді жөндеуге ықылас ниет танытамын.
– Қоғамда көзбен көріп жүрген көңіліңіз толмайтын, бүгінгінің дертіне айналған мәселені тілге тиек етсеңіз...
–Бәріміздің де айналадағы орын алып жатқан жайттарға жайбарақат қарамайтынымыз шындық. Менің түсінігімде тұтас қоғам жанды дене сияқты. Пайда болады, өседі, толысады, ауырады. Оның мүшелері соның қай кезеңіне тап болады, сол жағдайда өмір сүреді. Ол даму заңдылығы. Менің жеке түсінігім бойынша қазірде адамдарда мейірімділік жетіспейтін сияқты. Сонымен қатар жемқор деген сөз жаныма қатты батады. Кей жағдайда жемқорлықпен ұсталатындарды көрсем, «осыларға не жетпейді?» деген ойға келемін. Анығында қоғамның басты дерті осы.Онымен жаппай күрессек қана жеңеміз.
– Қазіргі жастардың өмірге деген көзқарасы, тәрбиесі жөнінде не айтасыз? Сонау 1970 жылдармен салыстыруға келе ме?
–Жастардың өресін жылдармен салыстырып қарағым келмейді. Әр дәуірдің өз еншісі бар. Тәрбие сол жылдардан алатын жастың да, кәрінің де өзіне лайық. Ал болмыс-бітім ата-анадан, өскен орта мен алған білімнен, күнделікті адами қатынас арқылы дариды. Бұрыңғы толқын тәрбиені көбіне аға ұрпақ жазған кітаптардан, кинодан алды.Ондағы тәрбие құралдары белгілі бір идеологиялық сүзгіден өтетін. Сонымен қатар қазіргі жастардың ақпаратты интернеттен қарайтынын ескеріп, «Интернетті оқып жүр, қалай қазақ баласы?» деген шағын мақала да жазған болатынмын.
– Егер 20 жасыңызды қайта берсе, барлығын қайдан, қалай бастар едіңіз?
– Қайран жиырма қайтып келер дейсіз бе? Менің ол жастығым аурухана төсегінде өтті.Басқа салған соң қиындықпен күресіп, оған қарсы тұрдым. Сол кезеңде мен өмір жайлы ойлауды, болашаққа үлкен үмітпен қарауды үйрендім. 20 жаста махаббатқа да бой ұрған күндер жолықты. Қалай болғанда да сол жиырма жасым өзіме ыстық.
– Аяқасты 100 миллион теңгені тауып алдыңыз делік, қайда жаратасыз?

– Ең әуелі бұл заманда ол неғылған батпан құйрық дер едім. Ондай ақшаның қолыма түсуін көз алдыма елестете алмаймын. Өзгелер секілді қарттар немесе балалар үйіне тағы біреулердің кем-кетігін жамар едім деген жалған пафостан аулақпын. Шынымды айтсам ол қомақты қаржыны көз алдыма елестетіп абдырап отырмын. Мүмкін жанұямызбен ақылдасып, шешкен болармыз. Мұндайда бір әжеміз «әуелі Алланың сәулесін түсіріп, бергізіп ал» деуші еді.
– Құлазыған көңіліңізді не көтереді?
– Немерлерімнің былдырлаған тілі, шат күлкісі. Асыл жарымның «Құдеке» деп сол бір кездегі қимас сәттерді еске алатын әсерлі әңгімесі көтереді. Бастысы көңілім құлазыса сезім сырын қағазға түсіретін қаламым мен аққағаздың бетіне түскен кезекті әңгімем шабыттандырады.
– Сырлы да салиқалы сұхбатыңызға ­рахмет!
Әңгімелескен Абзал ЖОЛТЕРЕК
16 мамыр 2020 ж. 1 145 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031