Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Біз қысқа уақытқа ғана жоспар құрып үйренгенбіз

Біз қысқа уақытқа ғана жоспар құрып үйренгенбіз

«Білім қалар артыңда, ғұмыр сырғып жоғалар» деген екен осыдан XI ғасыр бұрын Махмұд Қашқари. Иә, адам баласы қай заманда да өзінің ақыл-парасатымен, ғылым-білімді терең игеруімен айналасына сыйлы, халқына жағымды бола білген. Ал бүгінгідей әлем ғарыштық жылдамдықпен дамып жатқан тұста білім көкжиегі кеңімесе, тарылмасы айқын. Оған күнделікті тұрмыста да көз жеткізіп келеміз.

Айта кетерлігі, бұл күнде әлемдік бәсекеге қабілетті, үш тілді еркін игерген қазақ жастарын көргенде сүйсініп, олардың болашағына зор сеніммен қарайтынымыз рас. Солардың бірі – қазалылық Бекзат Бәлдіров есімді азамат. Ол бүгінде еліміздің маңдай алды оқу ордасы саналатын Н.Назарбаев атындағы университетте студенттерге дәріс оқиды. «Болашақ» бағдарламасы арқылы Англияның Ноттингем қаласында білімін жетілдіріп келген. Жуырда осындай өрелі жаспен сұхбаттасудың реті келген еді.

– Бекзат, сөзіміздің басын өзіңізбен таныстықтан бастасақ.

– Мен Әйтеке би кентінде туып өстім. Осындағы Б.Мергенбаев атындағы №226 гимназияның табалдырығын аттап, кейін №249 мектеп-лицейді «Алтын белгімен» бітірдім. Сол тұстары ҰБТ қорытындысымен ең жоғарғы 125 балл еншілеп, Алматы қаласындағы Қазақ-Британ техникалық университетінің грантына қол жеткіздім. Сол жоғары оқу орнын қызыл дипломмен аяқтаған соң, «шет мемлекетте білімімді неге жалғастырмасқа?» деген ой жетегімен, «Болашақ» бағдарламасымен Англияның Ноттингем қаласына жол тарттым. Қазіргі таңда Елордадағы Нұрсұлтан Назарбаев университетінде қызмет атқарамын.

– Жуырда қазалылық шәкірттер ҰБТ тапсырды. Бұл жас түлектер үшін болашағын бағамдап, келешегіне арман-мақсаттар қоятын мезет. Сіздің осындай сынақтан өткен кезіңізде келешекке деген жоспарыңыз қандай болды?

– Жалпы, өзім қатарлы жастармен сөйлескенде бір аңғарғаным – біз қысқа уақытқа ғана жоспар құрады екенбіз. Жастардың басым бөлігінде осы үрдіс қалыптасқан деп ойлаймын. Біз ұзақ мерзімді, рет-реттілігімен жүзеге асатын міндеттер белгілей бермейміз.

Мен 11 сыныпқа дейін қайда барам, қай оқу орнына түсем деп ойлаған жоқпын. Көкейде 1-2 оқу ордасы болды, оларды жақсы ма, жаман ба? деп зерттеп көрмеген едім. Айналамдағы жандар көбіне әл-Фараби атындағы Ұлттық университеті мен Еуразия университетін ғана ұсынды. Болашақта кім боламын деген нақты шешім болған емес.

– Қазақ-Британ техникалық университетіне түсуіңізге не түрткі болды?

– Әңгіменің ашығын айтатын болсам, бұл университет жайлы толымды ақпар білгенім жоқ. Ағам мен апам Алматы қаласында білім алғаннан кейін бұл университет жайлы адам саны аз, білімі терең деп көп айтатын. Сондықтан таңдауым осы білім ордасына түсті. Жалпы, менің сол кездегі жинаған ұпайым көптеген университетке еркін түсуге жететін.

– Мектеп қабырғасында 11 жыл бойы алған біліммен қатар қазіргі таңда репетиторге баратын оқушылар көбейді. Бұл мектептердегі білім сапасының нашарлығынан ба? Бұған көзқарасыңыз?

– Шәкірттің репетиторден қосымша білім алғанын құптаймын. Әйтсе де, репетиторге баратын баланы ата-анасы әрдайым бақылап отыру керек. Менің кейбір кластастарым репетиторге үйге берілген тапсырманы орындатып алу үшін ғана баратын. Мұғалімнің айтып жатқанын тыңдамайтын.

Өзім қатысқан репетиторлер ой-өрісімнің дамуына көп көмегін тигізді. Негізінде ақылы көмек көрсететін мұғалімнің алдындағы шәкірт бес-алтыдан аспау қажет деп ойлаймын. Олармен жеке жұмыс жасалуы тиіс. Себебі әр баланың қабылдау деңгейі де әрқалай болып келеді.

– «Болашақ» бағдарламасы арқылы шет мемлекетте білім алғысы келетін қазалылық жастар жетерлік. Соларға қандай кеңес берер едіңіз?

– Бірінші, кез келген талапкер ағылшын тілін жетік меңгеру қажет. Бұл жайт барлығына түсінікті деп ойлаймын. Мұнан соң «TOEFL», «IELTS» секілді тесттерден 5,5 балл алу керек. Ал шетелде осы бағдарламамен магистратурада оқитын болсаңыз 6,5-7 балға қол жеткізуге тиіссіз. Шет мемлекетте бағдарлама аясында оқығаннан кейін 1 жыл бойы ағылшын тілін меңгертеді. Ол өте жақсы дүние. Себебі сол елге барғаннан кейін бөгде елдің адамдарымен араласасың, тілдің қажеттілігі туындайды, сондықтан тез үйренуге тырысасың.

– Өзіңіз Ноттингемде оқыдыңыз. Жергілікті тұрғындардың мінез-құлқы, өмірлік ұстанымы қалай?

– Олар кез келген жерде кезекке тұрып үйренген. Дүкенде немесе аялдамада автобус күтіп тұрса да бір-бірінің артына тұрып, өз реттілігін сақтайды. Өте мәдениетті халық. Адаммен тілдескен кезде де сыпайы сөйлейді. Қоғамдық орындарда да әдеп сақтап, жылы қарым-қатынас орнатады. Әңгімелерінің соңын сәттілік тілеумен аяқтайды. Олардың сол айтқандарын қазақшаға аударсаң біздерге күлкілі болып естіледі. Мәселен, «Қалыңыз қалай, сүйіктім?» деп сөйлеседі.

– Еуропа елдерінің бір-біріне жақын орналасқанын білеміз. Англиядан бөлек қандай елдерге баруға мүмкіндік болды?

– Сабақтан бос уақыттарымда ең алдымен Испанияның Барселона, Мадрид, Валенсия қалаларында болдым. Кейін Париж, Монако,   Амстердам, Рим, Стамбулға сапарлатудың сәті түсті. Ең қызығы, бұл қалаларға билет пұлы өте арзан. Біздің Алматыға барған билет құнымен тең. Қай жерге барсаң да ағылшын тілінде қызмет көрсетеді. Сондықтан бұл тілді меңгеруім көп пайдасын тигізді. Іні-қарындастарыма ағылшын тілін үйренуге кеңес беремін.

– Кітапты жиі оқисыз ба? Соңғы оқыған шығармаңыз?

– Жиі оқимын. Жұмыстан қол тимеген уақытта да кітап бетін парақтауға уақыт табуға тырысамын. Уақыт жоқ деген мен үшін сылтау болып көрінеді. Қазіргі таңда Эрих Мария Ремарктің «Гэм» атты кітабын оқып жатырмын. Қаржы саласында білім алып, қызмет жасасам да әдеби кітап оқу хоббиіме айналып кетті. Әдебиет жан рахаты екен. Әдеби кітап оқығаннан кейін басқалай мәселелерді ұмытасың. Фантазия мен логикаңды дамытады. Қазақ жазушыларынан қатты ұнағаны Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» романы болды.

– Н.Назарбаев мектептеріне тапсыру қиын болатын болса, оның университетіне түсу қиынның қиыны. Біздің қарапайым аудан, ауыл мектептерінен кейін аталмыш университетте оқуға мүмкіндік бар ма?

– Әрине, бар. Білім ордасының талаптарынан өтсеңіз, университетке түсу қиын емес. Ол үшін ағылшын тілінде еркін сөйлеп, жақсы жаза білу маңызды. Көбіне талапкерлер 11 сынып бітіргеннен кейін қай жаққа оқуға баратынын ойлана бастайды. Ал оған түсу үшін қыркүйек айы­нан бастап тест тапсыра бастау керек. Егер оқуға түссеңіз наурыз, сәуір айларында университетке қабылдандыңыз деген шақырту келіп тұрады.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Есет ТАБЫНБАЕВ
06 шілде 2019 ж. 1 185 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031