Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Еңбегімен елге танылған

Еңбегімен елге танылған


Әр істің қисыны демекші, Шамшамен қызметтес болып, сәтімен басталған сол ағалы-інілі сыйластық жібі үзілмей, одан әрі беки түскеніне жарты ғасырға жуықтап та қалған екен. Сынаптай сусыған уақыт, бір пенденің ғұмыры. «Өзіңнен кішіні көріп қартаясың» деп те қояды бұндайда қазекең тағы.
Институт тәмамдалып, қарт ата-анамыздың ыңғайына орай мұғалім болып жүргеніме екі жыл. Бұл жұмыстың шеті де, шегі де көріне бермейді. Біздің таланымызға сол жылдары 10-11-сыныптар қатар бітіретін болып, аудан орталығындағы жалғыз іргелі мектеп аузы-мұрнынан шығып тұр. Ұлдар ержеткен, қыздар бойжеткен. Кейбіреулері өзіңнің төбеңнен қарайды. Өтпелі кезеңде толқып тұрған жасөспірімдердің тәрбиесіне немқұрайлы қарауға арың шыдамайды, дәтің де жетпейді. Сабақтарың өз алдына, қоғамдық жұмыстарға батып жүреміз. Үлкен ұжымның басым бөлігі тоқтасқан ағайлар мен апайлар. «Жас келсе - іске» - жастар тәрбиесін бізге аударған. Мұрынға су жетпейді. Сөйтіп жүріп, аудандық «Ленин туы» газетіне шағын хабарламалар, жазушылардың даталы күндері туралы мақалалар да жолдап тұрамын. Л.Тостойдың «Қатындар» деп аталатын газетке ыңғайлы шағын әңгімелерін де жолдағам.Күндердің күні газет редакторының орынбасары, белгілі журналист, тетелес ағамыз Әлмәмбет Әлішев «құда түсті». Оны айтты, мұны айтты. Осы жерден көзге түсіп, тез өсетінімді де құлағыма салды-ау деймін. Институттағы ұстазым, профессор Ә.Байтанаевтың шақыруына бара алмай, байланып жүрген адамда қызметтен өрлеу туралы дәме де, жоспар да жоқ. Сол кездегі біздің мақсат – қарт ата-ана мен балалардың қамы. Біраз ойлануға тура келді. Біріншіден, үй поселкеде, редакция болса – қалада. Аралық 12 шақырым. Жұмысқа жету де, үйге қайта жету де жиырма тиын. Түскі ас екібастан сол жақтан. Орташа сексен тиын. Бір сомнан әрі жұмсасаң, асханадан шеңбірек атып талтаңдап шығасың. Қаламақысын қосқанның өзінде редакциядағы еңбекақы мектептегіден айтарлықтай төмен. Саған қарап отырған қарттарың мен бала-шағаларды былай қойғанда, мемлекеттен 1500 сом қарыз алып, үйді де бастап қойғам. Оны айтты, бұны айтты, Әлекең ақыры көндірді. Бірден газеттің мәдениет және тұрмыс бөлімін берді. Зейнеткерлер мен жалаңаяқ мұғалімде тасып тұрған не бар, енді үй ішінде қаржыға байланысты кикілжіңдер де болып тұрды. Алайда жаңа жұмысымда өзімді еркіндеу сезінетін тәріздімін.
Дәл сол кезде қаладағы тұрмыс қажетін өтеу комбинаты ұстасының көмекшісі, орта мектеп қана бітірген жұқалтаң сары бала корректор болып келді газетке. Негізіне бақсақ, қауіптілеу шаруа. Редакторымыз жетім-жесірге көлеңкесін түсіре жүретін кеңқолтық Сейіл Боранбаев ағамыз көмекке аса мұқтаж баланың қолтығынан демегісі келген болар, бәлкім міндетті түрде үстінен оқитын тәжірибелі журналистерге сенген де шығар. Басты қатер харіптен. «Ұлы көсем Леонид Ильичтің» орнына әлдеқалай «өлі көсем Леонид Ильич» болып, не съезд, пленумдардағы қорытынды сөз «бірінші хатшының қыртынды сөзі» болып кетпесіне кепілдік жоқ. Осы тақылеттес аса зардапты саяси қателерде алдымен корректор жұмысынан қуылмақ. «Саяси сауатсыз» кезекші журналистің партиялық мәселесі қаралып, сыбағалы сөгіс алып, қызметінде қалып жатса жақсы ғой, ертеңіне жұмыстан қуылып, біржола ат болып кетсе де бізден көрмеңіз. Аяқасты ондай жайттың бола кетуіне негіз көп. Харіптердің ұрылығы өз алдына, бұрынғы талай журналистердің жүрегін шайлықтырған «линотип» деген әжей бар типографияда. Әжей алдымен қорғасын балқытады, балқыған қорғасыннан кісінің тісі тәрізді әріптер түзіледі, әріптен – сөз, сөзден – сөйлем. Оларда алақандай көзілдірігі мұрнының үстінде жүретін Қартбай қысқашпен іліп алып, қалыпқа салып, қалыптан қағазға басып бермек. Типография ескі, линотип ескі, қала болса да ескі. Ескі қаланың тоқ тарататын бағаналары да бірі оңға, бірі солға қисайып еркелеп тұрмақ. Сымдарға жаңбыр да өш, дауыл да өш. Сым үзілген соң линотиптегі қорғасын қатады, көше жақ жөнделіп болып, онан қорғасын еріп, қорғасыннан әріп, әріптен сөз, сөзден сөйлем шығып, Қартбайдың қолынан өтемін дегенше газеттің дені түзу жағын ондық шаммен ежелей бересің. Әрине, алдымен ежелейтін Шамша.
Одақтық, одан оны дереу жүзеге асыратын республикалық съезд, пленум, сайлау, атаулы мейрамдар тоқтамайды. Бірінің құйрығын бірі иіскеп тіркесіп келіп тұр. Жарықтық кеңес өкіметінің идеологиясы аудандық газетке тіреліп қалған ғой. Газет болмағанда түн жарымда редактордың қолына тиіп, таңғы тоғызда қалайда бірінші хатшының столының үстінде жатпағы заң. Ал линотип әжейдің ол заңмен шаруасы шамалы. Газеті күндіз шыққан кезекшіден бақытты адам жоқ.
Біз, журналистер, бұл тозақи жұмыстан кезектесіп өтеміз. Ал Шамша болса, аптасына екі рет шығып тұрған әр газетке бір өліп-тіріледі. Бұл ескі журналистердің бәріне таныс жайт.
Түн жарымнан әрі, таң алдында газетке «уһ» деп қол қойып, қалжыраған кезекші даланың саф ауасынан «уф» дем алады. Көшеде тірі жан жоқ. Аяз қақап тұр. Үруге иттің өзі де ерінеді. Бұл кезде жеткізіп тастайтын көлікті ойлаудың өзі ұят. Шамшаның үйінен өзге пана жоқ. Зияда анамыз өз баласымен газеттің баласына қатар төсек салып қойған, бара құлаймыз. Бір аяғын сылтып басатын анамыз аса мейірбан жан еді. Ұмытпасам, кеңдеу бір бөлме болатын. Қабырға қалың қам кірпіш. Ортада пеш. Қоңырлау қызыл сырмен сырланған ағаш еден жалтырап жатады. Жалғыз алаша қозғалсаң болды өзіңмен бірге сырғиды.
Кейінірек Шамша тәжірибе жинақтап, тілшілікке көтеріліп кеткен соң осы күнгі жазушы, Сыртқы істер министрлігінен зейнетке шығып отырған Азат Әкім – ол кезде мектеп бітіріп,үйінде есінеп жатқан жерінен Түлкібай Әкімовты корректорлыққа алып келгенбіз. Бұл да поселкенің тұрғыны. Кезекшіліктен қалжырап шыққан бір күні «көрген жерде ауыл бар» апамыздың үйреншікті жаюлы төсегіне құлай кеткенбіз. Оянсам, су жаңа корректорымыз көзін ашып, маған қарап жатыр екен. «Ассаламауағалейкүм, Молдеке» деп қос қолын ұсынады. Ой, әулием-ай. Біздер не көрмедік, Түлкібай тәрізді әулиемен де қызметтес болдық қой.
Сүйегінде болған соң тізесі майысқан жас талапкер бала міндетті ісін қамшы салдырмай алып кетті. Жұмыс барысында кездеспей тұрмайтын кәкір-шүкір ескертпелер болмаса, ештеңе бүлінген емес. Сонан тілші, одан бөлім меңгерушісі, жауапты хатшылыққа дейін көтерілді. Кейін – газеттің бас редакторы. Әйтеуір Шамша журналистік мазасыз істің қазанында қайнап, барлық баспалдақтарынан мінсіз өтті. Бір қызығы, газеттен нан жеп жүрген соң бұл сабазың журналистика факультетіне түсуі керек-тұғын. Олай етпеді, қырын қартып С.М.Киров атындағы Қазақтың Мемлекеттік Ұлттық универсиетінің механика-математика факультетіне түсіп, бітіріп шықты. Сөйтіп журналистиканың қыр-сырын қолма-қол, көзбе-көз іс жүзінде меңгеріп, өмірінің басым бөлігін баспасөзге арнаса да, бүгінгі күнге дейін оған мамандығың келмейді екен деген ешкім болған емес. Қайта кейінірек, зейнетке жақындап тұрған адамды аудандық «Қазалы»газетінің бас редакторлығына қайта шақырды. Істі еркін меңгерген маман болғандықтан шақырады да. Осы жолғы шақырыс бұны қаржылық жағынан да, маман жағынан да баспасөздің қалжырап тұрған кезеңіне сай келді. Талай ұйымдастыру шаруаларын өткізуге тура келді, жазылымды қолдан ұйымдастырды, қолдан кадр дайындады, тілшілер тартты, шаршады, шалдықты.Ауданның әлеуметтік те, рухани тірліктері туралы талай-талай очерктер мен проблемалық мақалалар жазды. Бүгіндері «Қазалы» газеті облыстағы белгілі басылым болып тұрса, бұнда Шамша Айтуғанов ініміздің де мазасыз күндері мен үйқысыз түндерінің ізі жатқандығын көзіқарақты ағайын жоққа шығара алмас.
Әдетте бейімділігі мен кәсібіне байланысты «дәрігерлер әулеті», «мұғалімдер әулеті» деп жатады. Бұл әулетке мықтап қонған – есеп пен тіл. Айтуғановтарды филолог, журналистер мен математиктер әулеті деп айтуға әбден болады.
Үлкен қыз Сәуле туа филолог, әдебиетші. Ғылыми тақырыпты қазақ прозасының повестер жанрынан алып зерттеп, ғылым кандидаты атағын қорғап шықты. Жетекшісі белгілі ғалым, марқұм Рымғали Нұрғалиев болатын. Тікелей басшылық жасап жүрген ұстазы, академик, аяулыағамыз Зейнолла Қабдоловтың өзі еді. Кезінде қызымызға жанашыр болып, қорасанға қой айтып, аудиторияны жағалап жүргенбіз. Сәуле осы мамандығында тұрақтап қалды. Қазір Астанадағы Гумилев атындағы университетте ұстаз.
Зәуреш қызымыз универсиетті филолог мамандығымен бітіріп, кейін экономист мамандығын алып, универсиететте математикадан дәріс беріп жүгеніне талай жыл.
Шамшаның кенжетайы, шаңырақтың иесі Ғабиден де есеп жағына ден қойды, қаржы саласының маманы. Бұл күндері Астанада Қаржы министрлігінде сарапшы.
Қашанда төтеннен, мүлде күтпеген кезде келе кететін оқиға бұл отбасын да айналып өтпеген. Университетін бітіріп, азамат боп, жайнап атқа мініп тұрған үлкен ұл Ғалымбек,құдай қылса қайтесің, мүлде болмашы себептен аяқасты қазаға ұшырады. Бұл кездейсоқтық екеулерінің де қабырғаларын қайыстырып кетті. Олай да емес, әкенің де, ананың да жүрегіне айтарлықтай жара салып кетті.
Шамша ініміздің туған жерден табаны тайған емес, ес кіріп, етек жапқалы мұңы да, қайғысы да елмен бірге. Очерктерінің кейіпкерлері – өз замандастары, мақалаларының басты мәселелері – күнделікті сан-алуан проблемалар. Қоғам болса өзгеріп жатты. Қай салаға бармасын, Шамша өзгерген жоқ, Әйтеуір бар мақсаты өз еліне қызмет ету болды.
Әнебір жылдары аудан әкімдігі қызметке алды. Одан қиын-қыстау кезде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін сеніп тапсырды. Сол кезде түрлі халықаралық қайырымдылық қорларымен байланысқа шығып, тұрмысы төмен талай отбасыларына киім-кешек, азық-түлік, мүгедектерге арба тасып жүргенін көзімізбен көрдік. Ініміздің өз еліне қарлығаштай су тасыған талай істерін тізбелей берсек, бөгде ағайын теріс те түсінуі мүмкін.
Азаматтың абыройы сондай-сондай тірнектеп жинаған әрекеттерден құралмақ. Бұл күндері өмір өткелдерінен қайсарлықпен өтіп келе жатқан ініміз сол еңбектерінің игілігін көріп отыр.
Бұл отбасын негізінен тіл жанашырлары деп есептер болсақ, шындықтан алыс кете қоймаймыз. Өзі болса да небір қиын кезеңдерде он бес жыл бойы аудандық басылымның отымен кіріп, күлімен шықты. Одан халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қазалы аудандық ұйымы басқармасының төрағасы, Қазалы ауданы әкімшілігі Тіл басқармасының бастығы, Келініміз Гүлшат Дауылбаева болса, жиырма бес жыл бойы аудандық газетте табан тайдырмай корректорлық қызмет атқарып, осы жерден зейнетке шықты.
Шамша ұзақ жылдарғы халыққа жасаған қызметі үшін 1986 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін»,еліміз егемендік алғаннан кейін «Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғыс хатымен бірнеше мерекелік төсбелгілермен және де талай республикалық, облыстық Құрмет грамоталарымен, дипломдармен, Қазақстан Журналистер одағының бөлімшелері, өзге қоғамдық ұйымдардың, облыс, аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталды. 1974 жылдан Журналистер одағының мүшесі. «Қаракесек Ақайұлы Ақтан батыр», «Ақша бұлтты Ақтан батыр» кітаптарын құрастырып шығарды. «Жанайым – құт мекенім» атты кітап бастырды. Асығып айлар, жылжып жылдар өтіп келеді, Өзіңнен кейінгіні көріп қартаясың демекші, бұл күндері салиқалы азамат боп жетілген, анау жылдарғы ағаш ұстасының көмекшісі шынашақтай бала Шамша бұл күндері ел-жұртына қадірменді көлеңкесі мол дараққа айналды. Ең бастысы, әке үлгісі, ана тәрбиесі өзінің тынымсыз адал еңбегі арқылы.Онан қалды өзінің қабілет-қарымы, тынымсыз харекеті арқылы жетіп отырғанына өз басым куә. Ол өзіне жүктелген қай іске болмасын терең түсініп, алаңсыз белсене кірісті, тапсырылған қай жұмыста да «әй, кәпір» атанбауға барын салды. Осы қарапайым адами қасиетінің жемісі бүгінгі күндері нәтиже беріп тұр. Өзі игілігін көргей, жақсы інінің жақсы қасиеттері ұрпақтары арқылы жалғаса бергей.
Молдахмет ҚАНАЗ.

12 қаңтар 2018 ж. 2 037 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 56

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930