Кәрі һәм жас, бала да, күтіп тұр көлік далада
Жаңа оқу жылындағы жаңалықтың бірі оқушылардың сабақ кестесінің өзгеруі болатын. Бұрын күнделікті мектеп партасындағы шәкірттер сағыздай созылып, бітіп болмайтын алты сабақтан шықса, енді жетінші рет қоңыраудың қағылғанын күтетін болды. Әрине, бұл қиындықтың да жеңіл тұстары жоқ емес. Ол сенбі күні балаларда демалыс уақытының болуы еді. Десе дегендей, қоңыр күзде білінбей өткен бұл өзгеріс қылышын сүйретіп қыс келгенде ата-аналардың көңіліне кірбің ұялататынды шығарды. «Баламның табанына кірген шөңге, менің маңдайыма кірсін» дегенді ұстанатын ата-аналар қауымы кешкі жетіден кейін ізін сыйпап қалатын қоғамдық көліктерге көңілдері толмайтындығын айтады. «Балаларымыз сабақтан кейін қараңғыға қалып қояды» деп бір алаңдаса, тоңып қалмады ма екен деп тағы ойлайтындығы жалған емес.
Осы орайда ата-ана М. Ембергенованың пікіріне құлақ түрген болатынбыз.
– Иә, қоғамдық көліктердің жылдан-жылға ауданда көбейіп, олардың жүретін реттік сандарының өскені көңілді қуантады. Бірақ, көптен бері халықтың мазасын кетіріп отырған мәселенің бірі – кейде кешкі уақыттары олардың саны күрт азайып кетіп, діттеген жеріне бара алмай отырғандығы деуге болады. Сондай-ақ, қазіргі таңда қас қарая сабақтан шығатын мектеп жасындағы балаларға тым қиын. Жетінші сабақтан шыққаннан кейін мектеп алдындағы аялдамада қоғамдық көліктерді күтіп ұзақ уақыт тұрып қалады. Мектеп жасындағы балаларымыз үйге жеткенше уайымға салынып отырамыз. Білім ордаларының жанындағы дірдектеп тұрған оқушыларды көргенде тіптен аяп кетесің. Осы мәселені тиісті орындар реттеп, бір жүйеге түсіріп берсе екен, – дейді.
Ал ымырт үйіріле жетінші сабақтан кейін оқушыларды қайтарып болып, үйлеріне аттанатын ұстаздар қауымының жөні тіптен бөлек. Олардың да айтар уәжі бар сыңайлы.
– Қазіргі таңдағы сабақ кестелерінің өзгеруіне байланысты түстен кейінгі ауысымда оқитын оқушыларға қоғамдық көлік мәселесі қиындық туғызып тұр. Өздеріңіз білетіндей, қыстың күні кешкілік сағат 18:00-ден кейін күн батып кетеді. Ал жетінші сабақ 19:15-те аяқталады. Кейде сабақтан соң ұстаздар мен оқушылар ұзақ уақыт көлік күтеді. Қызмет барысында түрлі себептермен жұмыста болып қаласың. Сондай сәттерде кешкі жеті жарымнан кейін қоғамдық көліктерді таппайсың. Қоғамдық көліктер тым құрығанда сегіз, сегіз жарымға дейін қатынаса екен. Осы мәселе реттелсе нұр үстіне нұр болар еді, – дейді №266 мектеп-лицей мұғалімі Г.Сырлыбаева.
«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей, көлік кестесінің кешкі уақыттағы саябырлап қалатын жай-күйі айтылмай жүрген жоқ. Тіпті, жуырда ғана аудан әкімінің тапсырмасымен 2 апталық рейдтік жұмыстар жасалыныпты. Қос апта ішінде жіптіктей болып жүріп отырған көліктер содан соң тұрғындардың көңілін түсіріп, кейінгі қозғалысы қойыртпақталып кетсе керек. Тиісті мекеменің жұмысқа деген салғырттығынан ба, әлде көлік тізгіндегендердің басшылық тарапындағы бұйрыққа бағынбағанынан ба, басталған игі шаруа нәтижесіз болып отыр.
Қаһарлы қыс ысқырып тұрғанда, аялдамада бүгжең қағып тұратын оқушы мен мұғалімнің жай күйі кім-кімді болмасын алаңдатады деген ойдамыз. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, шабынып тұрған желтоқсан аяқталуға таяу тұрса да, алда әлі қақаған қаңтар мен азынаған ақпан бар. Кешкілік аялдамаларда отыз екі тісі сықырлап балаңыз бен бауырыңыздың, өзіңіздің қоғамдық көлік күтіп дірдектеп тұрмасыңызға кім кепіл? Жоғары жақтан төменге көз тастайтын құзырлы орындағы ағалар болса, осы мәселеге тіл қатып, бір ретін табады деген ойдамыз.
Есет ТАБЫНБАЕВ.