Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өзіңді қадірлесін десең, құрмет көрсет

Өзіңді қадірлесін десең, құрмет көрсет

Аса дарынды адамдар да өз заманына тәуелді болады. Көп адам өзіне лайықты кезеңге тап келе алмайды. Кейбіреулер заманынан озық туады, бірақ, олардың көшесінде жақсылық үнемі салтанат құра бермейді. Бізге жеткен әңгіменің бір пұшпағы талай арыстардың өмір сүрген ортасына риза болмағанын көрсетеді. Неге?
Біз өмір сүреміз, бірақ, бар тірлігіміз арпалыспен өтеді. Қазіргі уақытта шындықты айту, сөзде тұру тұрмыс-салтымыздан қалып бара жатыр. Адал адамдар ескі мейірбан заманнан келген іспетті. Оларды қазір де мақтаймыз, алайда оларға құрмет көрсетушілер де, не еліктеушілер де жоқ. Тағдыр салғанға риза болып, бермегенге ренжімесін дейін десек, біздің қоғам гуманизмге құрылған. Төрт құбыласы түгел.
Біз не айтуды мақсат еттік?! Ана бір жылы «Айқын» газетінде «Бозымбаев Исабаевты біледі екен?..» атты тақырыппен тілші Гүлзина Бектастың мақаласы жарық көрді. Онда аймақ басшысы Павлодар өңірінен шыққан ақын-жазушылардың, зиялы қауым өкілдерінің жағдайынан хабардар болып отыра ма? – деген сауал тастайды. Мәселенің бабына келсек, соғыс ардагерінің дәл бүгінгі таңда соғыста жеген консервінің қалбырына алданып отырған майдангер-жазушының қазанын бір жабағының етімен бүлкілдетіп бермес пе еді?! – деген ой тастайды.
«Өзіңді қадірлесін десең, құрмет көрсет. Бейбіт өмір сүргің келсе, бейбітшіл бол», – дейді ескі ұғым. Біреулердің бақыты басқалардың бақытсыздығынан басталатын кез аз емес. Біреулер жеңіліс таппайынша өзгелер жоғары көтерілмейді. Сұраншақтық әдетте жақсы қылық емес. Бірақ, кейде қайырымдылық жасау арқылы біз тағдыр жазасының орнын толтырып жатамыз. Біздің ата-бабаларымыз аштан өліп, көштен қалып жатса да, қолын жайып садақа сұрамаған. Бұл жердегі бар мәселе – адамгершілік қағидаттарына жататын қарапайым сыйластық иірімдері ғана.
Қасиетті хадисте: «Бір-бірлеріңе сый ұсыныңдар, сыйластықтарың артады» деген тәрбиелі сөз бар. Демек, сый ұсынуда ұтыларымыздан, ұтарымыз көп. Жүректерді бау¬рап алу – ұлы жеңіс. Оған тек адамгершілік сәулесінен туып, қасиеттерге сүйенетін сыпайы сенімділік ғана жеткізеді. Егер әкім немесе министр өзі жетекшілік ететін аймақтың, иә болмаса саланың белгілі бір қайраткерін ұлықтап, құрметтеп жатса, оның қадыр-қасиеті артатыны айқын. Сыртқы көз – дүниауи көз, ішкі көз – рухани көз. Дүниауи көз дүниешілікті, рухани көз жан сезімді көреді. Осы ретте ақын-жазушылардың, жалпы, қайраткерлердің жан сезімін рухани көзбен көргеніміз абзал болар еді.
Тұрмысымыздағы сүйеніштерді көбейту – өмірді еселейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекет және қоғам қайраткері Сағидолла Құбашевтың шаңырағында болып, ағамыздың қуанышының үстінен түстік. Қызылорда облысында қызмет атқарған жылдары осы елдің айтулы азаматымен қатар жұмыс істеген Сағидолла ағамызға белгілі кәсіпкер Махмұт Нәлібаев телефон шалып, өзінің жоғарыдағы кісінің ұрпағы екенін түсіндіре келіп, әке тағлымына орай, ұрпақтарының атынан соғымға отбасына арнаған бір тайының бар екенін айтады және оны сол заматында әкеліп береді. Зейнеттегі адамға одан өзге не керек. Тағы бірде Қызылорда қаласы әкімшілігінен хабарласып, Жаңа жыл мерекесіне орай, қала әкімінің атынан сыбаға әкеліп берді, – дейді қарт қайраткер. Сыбаға қоржынында не бар, дерсің?! Талқан, тары, бір қап Сыр күріші, шайы мен майы болыпты. Әрине, әркім өзінде барын береді.
Ескермеу – адамгершілік болмысындағы немқұрайлық. Бұл, әрине, ұйымдастырушылыққа байланысты. Әйтсе де, Сағидолла ағамыз Атырау, Ақтөбе өңірінде облыстық атқару комитетінің төрағасы, Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып та қызмет атқарған. Алайда, айтулы мерекелер тұрмақ, 70, 75, 80, 85 жасқа толған бұл облыстардан сол бір қуанышты күндері бір жапырақ құттықтаулар да алмаған.
Құрметке бөленудің дұрыс жолы – еңбек сіңіру, ал батырлық айбынмен ұштасқан кезде бұл табысқа апарар ең төте жол. Бұл жолда адал болу жеткіліксіз, ал жабысқақ болу ұят, онда сіңірген еңбегіңе кір келеді, ізгі атыңа дақ түседі. Оған істеген еңбек пен көзге түсу дағдысын қатар ұштастыру арқылы жетуге болады.
Әркімнің жүрегіне жол таба білу – адамдарды басқару өнерінің шыңы. Оған ерлік-өжеттілік емес, ысылғандық, адамдармен тіл табыса алу дағдысы қажет. Барлық адамдардың ішінде ерекше, ардақтысы болады. Біреулер қадыр-құрметті ұнатады, біреулері мәселенің мәнісі кімнің нені ұнататынын білуде және осыған орай оның көңілін табуында жатады.
Ат үстінде парасатын жоғалт¬пайтындарға баға жетпейді. Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласының әкімі болған тұсында соғыс және еңбек ардагерлеріне сыбаға үлестіріп, олардың ақжарылқап батасын алатын. Жарасымды ма, жарасымды-ақ!
Сый – сыбағасыз болған емес. Қазақтың қамқорына молынан ие болып, оның топырағына басын иіп тағзым еткен, күні кеше ғана арамыздан өткен Герольд Бельгер ағамыз 80 жасқа толғанында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің арнайы өкілі жазушының құтты шаңырағына келіп, той шашуын шашып, елдің сәлем-сауқатын алып келгені бар.
Жақсы ойлап табу – ұлы артықшылық, әбден ойластырып алу одан да артық шығып жатады. Тереңдік пен ұлылық тағдырмен емес, ізгілікпен өлшенеді деген осы болса керек.
Қаһарманның негізгі белгілерінің бірі – рух биіктігі. Өйткені, ол ұлылықты өзіне ғашық еткізеді. Талғамға нәзіктік, жүрекке кеңдік, ойға шарықтау, мінезге ізгілік ұялатады. Міне, бұл кеңпейілділіктің, ізгіліктің және қаһармандықтың нағыз үлгісі.
Әріден бастасақ, кезінде Гендукеш алқабын (Үндістан өлкесі) билеген Бабыр патша ежелгі Жібек жолы керуенімен өтетін саудагерлерді өз аймағынан тексеріп өткізеді. Керуеншілердің мұсылман екенін білгесін: «Әй, бауырларым, араларыңда елден алып кетіп бара жатқан бір тілік қауын бар ма», – деп сұрайды. Егер табылып қалса, бір иіскеп, өкіріп жылап жібереді екен. Үндістанда не өспейді дерсің, әрине, патшаға қауын да табылады. Мәселе басқада, оның туған елдің топырағында өскені. Міне, туған жерге деген сүйіспеншілік!
Қаһарманға қаһармандықпен жауап беру керек. Бірақ, кейде оған біздің өреміз жетпей жатады. Ана бір жылы Батыс Қазақстан облысынан Батыр апамыз, Халық қаһарманы Хиуаз Доспановаға сәлемдеме келеді. Сексеннің сеңгіріне шыққан анамызды «шөлдеп» жүр деп естіді ме екен, жерлестері жиналып, апаларына екі шөлмек арақ салып жіберіпті. Жағы суалып, әбден шаршаңқыраған Хиуаз апа, жерлестерінің бұл қылығына кейістік танытып, қол жуатын орынға төңкере салыпты. Бұған не айтуға болады? Осы бір халқымызда бар ежелгі сыйластық дәстүрі Қазалы өңірінде ұмыт қалмады ма екен?..
Өзіңді танып болмайынша, өзіңе ие бола алмайсың. Бет үшін айна бар, ал көңіл түкпірін ештеңемен көруге болмайды. Мұндай сәтте өз парасатың өзіңе көңіл айнасы болғанда ғана сүйкімді боласың. Басқа айтарымыз жоқ. Сіз не айтасыз?..
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.
06 қаңтар 2018 ж. 1 816 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 87

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930