Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ашаршылық жылдарындағы Қазалы

Ашаршылық жылдарындағы Қазалы

1891 жылы Орбалық және шығыс Ресей империясының губернияларында жаппай ашаршылық зұлматы басталып, бұл Торғай облысының батыс аймағы мен Түркістан, губерниясының солтүстік аймақтарын да қамтыды. Орынбор губерниясынан бастау алған зұлмат пен жұт, халықты жаппай ашаршылық пен малдың қырылуына әкеліп соқтырды. Осындай ауыр нәубет жылдарында Қазалы уезі ашаршылық пен жұтқа қарсы басқа өлкеге қарағанда төтеп бере алды, өйткені бұл аумақ өздерінің ішкі ресурстарына байланысты «төтеншелік» жағдайға дайын болып шықты. Бірақ 1891 жылдың жаз айында Сырдария облысының солтүстік аймақтарына ашаршылық уақытының ең ауыр кезеңі келді. Елде егін шықпай қалып, жем-шөп қуаңшылығы басталып халықты әбден қажытты, жоғары жақтан мемлекеттік ссуда жәрдемақысы да аяқталып, азық-түлік күрт қымбаттап кетті.
1892 жылы 28 тамызда Сырдария облысының генерал лейтенанты Гродеков: «Бұл өлкенің халқын қараша айында жаппай ашаршылық пен жұт қамтып алды, ал желтоқсан айының ішінде Сырдың төменгі жағалауында жергілікті халық ба­лық өнімімен және болар болмас дәнді дақылдарын азық етті. Осы өңірдің далалық аймақтарында қысы өте суық болып, қарлы боран табиғат катаклизмасы кесірінен көшпелілердің 45% кейбір жерлерде 90% малы қырылды. Түркістан өлкесінің – Қазалы, Перовск, Шымкент уездерінің жағдайлары, дала­лық аймаққа қарағанда орыс шаруа­ларының көшіп келуіне байланысты біршама тәуір болды. Бірақ орталық Ресейден ашығушы орыс қоныстанушыларының көптігі салдарынан, азық-түлік жетіспеушілігі байқала түсті», – дейді естелік жазбасында.
1892 жылы жарыққа шыққан «Экономикалық қиыншылықтар» атты еңбектің авторы, Қазалы өлкесіндегі – суармалы ирригациялық каналдар жайлы зерттеулер жүргізіп, ақыл- кеңесін айтып кеткен. Бұл өлке ойпатты қырлы, шөлейтті, аймақ болған соң Сыр өзені аңғары мен Әмудария аралығы мал шаруашылығына өте қолайлы екені және мал саудасы арқылы дәнді-дақылдары алмастырылып отырғандығы туралы сілтеме айтылған. Торғай, Ырғыз және Сыр өзендерінің жағалауларына егілген егістік алқаптарын су арнасынан шығып шайып кетіп отырған. Қарақұм жазығында Қуаңдария жағалауындағы шабындық пен жайылымдық жерлердің де жағдайлары мүшкіл болған. 1891 жылы ашаршылық салдары солтүстіктен орыс шаруаларының миграциясы Түркістан өлкесіне салмақ салды, ашаршылық халықты Ташкент шаһарына жол тартқызды. Закаспий темір жолы арқылы миграциямен Қазалыға қарай көшіп келушілер көптеп кездеседі. Ал Қазалы уезінде осыншама келімсектерді асырау мүмкіншілігі қиындады. Оның үстіне орыс-татар көпес-саудагерлері нан өнімдерін Қазалыдан алып шығып, Торғай, Ырғыз өлкесіне әкетіп жатты, бұл Қазалы уезі халқын аштыққа ұшыратты. Өлкеге берілген 75 мыңдық көмек ссудасының қоры да бітті, сонымен қатар осы саладан ашаршылық болып жатқан өлкелерге жырымдап беріп отырды. Әулие ата уезіндегі «қосалқы дүкеннен», Қазалыға қарай түйе жегілген, азық-түлік көші көмек қолын созды. 22163 халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін 27706 пұт астық, 20 ф.нан, 6190 отбасыға – 37000 пұт астық ссуда арқылы жеткізілді.
21 қазан 1891 жылы «ашығушыларға көмек комитеті» құрылды. «Ашығушыларға көмек комитетінде» – 298 адам тізімде болды, барлығы желтоқсан айында 500 адамға жетті. Негізінде көшіп келуші эмигранттар Ресейдің шығыс губернияларынан шықты. Басым бөлігі Самара, Уфа, Орынбор, Сембирск, Пенза, Воронеж, Саратов, Вятка, Пермь, Дон өлкесінен еді. Этнографиялық құрамы великоростар, малоростар, немістер, поляктар, татарлар, мордварлар, мещандар мен казактар болды. Көшіп келуші-ашығушыларға, Қазалы уезінің әкімшіліктері тек қана азық-түлікпен ғана емес, сонымен қатар тұрақты жайлармен қамтамасыз етіп отырды. Бір ғана Қостанайдан көшіп келгендер 205 адам әскери инженерлік ведомствоға арналған тұрақ-жайға орналастырылды. Қазалы уезіне ашығушылардың көптеп көшіп келушілерге үй, тұрақ-жайлардың жетіспеушілігіне қарамай жергілікті әкімшілік қолдан келген көмегін жасады. Көшіп келуші, ашығушылар ұлттық құрамы және әлеуметтік статусы да түрлі болды. Кейбіреулерінің киімдері алба-жұлба болса да, кейбірінде қосымша артық киімдері мен еңбек құралдары кездесті, бұл неміс ұлтында басымырақ болды. Әсіресе Ырғыз уезінен көшіп келуші қазақтардың хәлі мүшкіл еді, олардың ішерге азық, киерге киімдері жетіспеді. Ашығушыларды көшіріп әкелуші комитет, егерде ашығушылардың арасында, қаржы-қаражаты бар дәулетті отбасылар кездесе қалған жағдайда, оларды тегін азық-түлік қамқорлығынан алып тастап отырған. Комитеттің тегін азық-түлігіне нан және ұн өнімдері берілді. Тәулігіне 1 фунт ұн мөлшерінде, көктем келуімен күн жылына бастауына байланысты санитарлық жағдайдың нашарлауынан 1 фунттың 1/3 бөлігі берілді (көбейтілді).
Көшіп келген ашығушылар барак казармаларға жайғастырылып, барлығына бір қазаннан ас даярланып, араларынан: орыс, татар, неміс ұлттарынан старосталар сайланып отырды. Мамыр айына қарсы баға нарқы да көтеріле бастасымен көшушілер мен ашығушылар Қазалыдан Шымкентке көшіріліп апарылды. Түйе керуендері 8 рубльден,12 рубльге көтерілді. Бағаның жоғарылауы Қазалы уезінің қазақтарына ауыр тиді, бүкіл еңбегінің ақысы азық-түліктерін де ақтамады, ал орыс шаруалары мен мещандарын жергілікті христиан шіркеулері қамқорлыққа алды. 1891 жылы 2 маусымда «қамқорлық комитеттеріне» өз қызметін тоқтатуға тура келді.
Қазалының өзге ұлттары: қазақ­тар, бұхарлық сарттар, уралецтер, татарлар «қамқорлық көмек» алмады. Өйткені олар артық азық-түліктері барлар қатарына жатты, ал Урал казактары болса балық пен аңшылықтың арқасында қамқорлыққа ілінбеді. Генерал-лейтенант Гродековтың мәліметі бойынша әсіресе жергілікті егіншілердің жағдайы ауыр болды, сондықтан да диқандарға қосымша ссудалық көмек сұрады. 1880-дегі қоян жылы «жұттан кейін», он екі жылдан кейін 1892 жылы тағы жұт жайлады, азық-түліктің бағасы да көтеріліп кетті. Осы жылдары өлкеге 425 отбасы көшіп келіп, «қамқорлық комитеті» көмек беруден бас тартты, бірақ жергілікті дәулетті көпес-саудагер Ғ.Хусайнов желтоқсанда 300 адамға көмек қолын созды. 1892 жылдың ақпанында жергілікті ашығушы халық саны 802 адамға жетті.Қыстың қақаған аязында кедей- кепшік казақтардың 10%-ы ашық табиғат астында, үйсіз, панасыз қыстан, аяздан қырылып, малға азық таппады.
Қарақұм мен Қызылқұм өңірінде сол жылдары мал шығыны болып, ашаршылық дерті қамти бастады, Ырғыз бен Қазалы болысының әкімшілігі 2390 түтінге қосымша көмек сұрады. Бұл өңірдегі 60 пайыз түйе, 80 пайыз қой, 90 пайыз жылқылар қыстың қақаған аязында жұтқа ұшырады. Қаратөбе, Ақтоғай, Сарытоғай, Қаракөл, Қалымбас, Шебінді болыстарында 1384 түтін, 6920 халық көмекке зәру болды. Наурыз айында 2107 адам, 1 мамыр айында 7702 адам азық-түлік тапшылығына ұшырады. Азық-түлік қамқорлық комитетінің мәліметі бойынша: малдың қырылуы, солтүстікке қарай, жол бойында өлген малдардың саны көбейе түсті. Ашығушылар жұттан өлген мал өнімдерін, азыққа пайдаланған. Дәнді-дақылдардың жетіспеушілігінен ашы­ғушыларға, быламық қайнатылып берілді.
Жалпы Қарақұм өңірінде Көк-Дұмбақ, Астау-Сор 240 пұт астық, Дөңгелек-Сор стансасына 200 пұт астық, Алтын құдық стансасына 60 пұт астық таратылды. Ырғыз уезінің ашығушылардың әрбіріне он пұт астық жеткізілді.
Көк-Домбақтағы 242 түтінге, Астау-Сордағы 205 түтінге, Дөңгелек-Сордағы 252 түтінге және Алты – Құдықтағы 90 түтінге 1 мезеттік әлеуметтік көмек берілді. Сол жылы 1 маусымға дейін азық-түлік қамқорлығына (довольствие) 5279 адамға қамтылуы жоспарланды. Сонымен 1891 жылы ашаршылық пен жұт қуаңшылықтың өте ауыр зардаптарын Қазалы уезінің әкімшілгі және жергілікті халықтың күшімем ауыр кезеңдерді жеңе білді.
Қамқорлық ету комитетінің қажырлы еңбегі 1891 жылы 8 айлық ашаршылық тауқыметін жеңе білді. Бұл тұста өлкенің әскери-губернаторы Н.И.Гродековтың еңбе­гін жеке атап айтуға болады. Ол тек қана көшіп келген орыс-казак шаруаларын ғана емес, сонымен қатар жергілікті халықты да көптеген қиындыққа қарамай, аман-есен алып қалды.
Торғай облысының Ырғыз уезіндегі ашаршылыққа қарсы күрес жүргізген Әскери губернатор Я.Ф.Барабашты да атап өтуге болады. Ол кісінің ашаршылық, жұт, қуаңшылық Торғай, Ырғыз, Қазалы уездерінде 7-8 жылда бір рет үнемі қайталанып тұрады деген дерегі кездеседі. Бірақ, соның ішінде Қазалы уезінің жағдайы біршама тұрақты болды, оған себеп – Оңтүстік өңірге географиялық жағынан қолайлы орналасуында.
Орынбор-Ташкент темір жолының салынуы Ырғыз, Қазалы, Торғай өңірін ашар­шылық туа қалған жағдайда, әлеумет­тік жағынан қорғауға біршама көмегі тиер еді.
1891 жылы «Тургайская газета» басылымы қиыншылық жылдары туралы «Торғай, Ырғыз, Қазалы, Ташкент, Әулиеата» өңірлері ұйымшылдығымен, алыс-беріс (бартер) және бір-біріне қамқор­лық жасап, запастағы дүкендердегі азық-түлік­терді, солтүстік-батыстан, оңтүстікке, оңтүстіктен-солтүстік батысқа жалпы 300-400 түйе жегілген керуендермен 7-8 ай бойы қажырлы еңбектің арқасында жеңе білді. Сол жылдары: Арал, Қазалының кеме параходтарының да еңбегі атауға боларлық. Сөйтіп, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, 1891 жылы 7-8 ай болған ашаршылық, жұт қуаңшылық жылдарын ұйымдастырушылықтың арқасында жеңе білді», – деп жазды.
Өтеубай ҚОЖАҚҰЛЫ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
07 тамыз 2018 ж. 2 476 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930