Сөзі шыққан тереңнен
Сыр топырағы қашан да күміс көмей әншілер, аузы дуалы би-шешендер, небір дүлдүл сүлейлер мен адуынды ақындардан кенде болмаған. Оның ішіндегі қасиетті Қазалы жері туралы айтылғанда, онан шыққан талантты тумалары мен дарынды жандары жайына тоқтамауға болмайды. Алты Алашқа сөзімен сыйы артқан, жерлесіміз, сөз сүлейі Ерімбет Көлдейбекұлының орны ерекше.
Ерімбет Көлдейбекұлының Қазан революциясына дейін бірсыпыра дастан мен толғаулары Қазан қаласындағы баспаханалардан, жұмбақ өлеңдері мен айтыстары сол кездегі газеттерге жарияланып, есімі көпке таныс болғанына қарамастан, әдебиет сахнасына тек алпысыншы жылдары ғана ақталып, қосылған.
1850 жылы дүниеге келген Ерімбеттің әкесі Көлдейбек заманында Сыр, Арал бойы қазақтарының Қоқан, Хиуа хандықтары мен патшалық Ресейдің отарлық езгісіне қарсы шыққан ұлт-азаттық қозғалыс көсемі Жанқожа батырдың сенімді сарбаздарының бірі болған. Сондай-ақ Жанқожаның ағасы Ақмырзаның Зәуре деген қызына үйленген.
Көпшілікке Қарасақал Ерімбет атымен таныс ақынның туған жері, өлген жылы туралы түрлі дерек кездеседі. Бірінде Қарақалпақстанның Шымбай уезінің Дәуқара болысындағы «Қоспанқұм» деген жерде туылған делінеді. Алайда бұл туралы шайыр «Садуахас сақи» дастанын:
...Жазылды мың тоғыз жүз миладия,
Тебіреніп тоқтаған жер қалам, сия.
Себебі, Рамазанның он үші еді,
Мың үш жүз он жетінші һіжірия,
Мен қазағы «Қалыңбастың», қазалылық,
Крайда облысым – Сырдария...– деген жолдармен аяқтайды. Осы шығармада:
...Әй, кеуілім, келдің елу, азығың жоқ,
Һалал бол, арамнан қаш, қыл әділат!..–дейді.
Ерімбет шығармашылығындағы тақырыптар ауқымды, шайырлық жолда таңдаған бағыты айқын. Ақын туралы зерттегенде, соңына қалдырған бай мұрасының түрлі бағытқа топтасатынын аңғарасың.
«Төребайға айтқан көңілқосы» шығармасында:
...Байлық бар дүниеде екі тәтті,
Бірі – жан, бірі – перзент рахаты,
Тағысын-тағы да бар мұнан өзге:
«Жарлылық», «жалғыздық» деген екі қатты, – деп келетін жолдар арқылы психологиялық параллелизмді түзіп, ойлы адамға шынайы байлықтың не екенін ұғындырған үлкен тәжірибелік өнеге қалдырады.
1995 жылы жазушы, журналист Әбдісаттар Оспановтың құрастыруымен қолға тиген «Ұлағат сөзім ұрпаққа» атты жинақтан халық Ерімбет шығармаларымен табысады. Аталмыш еңбекте топтастырылған «Жарлылық – оның өзі үлкен жұмыс» деп аталатын өлеңінде:
...Жарлы адам жатса керек жар жастанып,
Барғанмен күлмес досың ықыластанып.
Таңдайға тәңірі әзелден жазбаған соң,
Бір ішкен не болады мейірің қанып?!
Кәрілік – қатты кесел, артса жүгін,
Жоқшылық жапырады ердің түгін, – деген жолдары өзі кедейліктің зарын тартып, бір жолы ұзақ сапарға мінер аты болмай, бір досынан сұрап барғанда, бермеген кезде ашына шығарған екен.
«Мен де он жетімде оқып үйренсем...», «Жоғалмас көптің оғы қырымға атқан», «Үржанға», «Ақылды ер азығынан айырылмайды», «Әй, балам, саған насихат» өлеңдері тағылымдық тақырыпта ой қозғап, философиялық иірімдерге жетелейді.
Жастайынан діни сауаттанып, өз бетінен ілім-білімді білуге ұмтылған жанның «Кім айтқан жалғаншыдан не көрдім деп», «Жалғанның түбін ойлап, күтіңдер», «Іс болмас жаратқансыз бір халы-хал», «Ей, Алла, сүйген құлың қатарында ет!», «Болады пәни дүния кімге жолдас» атты мағыналы толғау-жырлары бақилық пен пәнилік өмірдің аражігін жіктеп, хақ жолы, бар білімнің бастауы Исламда екеніне меңзейді.
Шығармашылығындағы үлкен бөлікті құрайтын арнау-толғаулары «көр жерді жоқтан қармап өлең қылу» емес, әрбірі өсиет-өнеге, заман шындығына құрылған терең ойлы кесек-кесек дүниелер.
Ақын айтыстарында қазақ өлеңінің құрылысы кірпішше қаланып, ұтырлы ұйқастар ұтқыр түзілген. Мәселен, Ерімбет пен Ыбырайымның айтысы аталатын айтыс үлгісінде Ыбырайым Тілеуліұлы деген ақын Ерімбетті сынамақ болып, газет бетіне жұмбақ өлең жариялап жібереді. Ерімбет лайықты жауап қатып, жұмбақшы күткеннен де жоғары нәтиже көрсетеді. Перовск уезінің халық судьясы Жаппас руынан шыққан Жарасбайұлы Аппаздың жіберген жұмбағына да қайтарған сәлемі сақталған.
Ерімбет пен қыз Жекей айтысы қыз-жігіт арасындағы әзіл-қалжыңға құрылмай, елдегі ахуал жайы кеңінен бедерленеді. Халық арасына кеңінен тараған қос дүлдүл Ерімбет пен Шораяқтың Омарының айтысы, шын мәнінде, Сыр мектебінің мазмұнын, маңызын айқындап, халықтық фольклордан бастау алып, заманауи жаңалықтарды жадына сіңірген терең білімнің үлгісін көрсетеді.
Шығыс жауһарлары, қасиетті Құран Кәрім арқылы жеткен аңыз-әпсаналар сюжетіне құрылып, нәзирашылдық дәстүрде жазылған «Мұхаммед Пайғамбар туралы хикая», «Атымтай жомарт», «Садуақас сахи», «Ақтам сақаба», «Хазірет Ғали мен Дариха қыз», «хазірет Ғали мен Мағауияның соғысы» дастандарын көбірек насихаттасақ, бүгінгі буын тура жолдан таймай, тұлғалық қасиетін қалыптастырып, адамгершілік, бауырмалдылық, жанашырлық деген қасиеттерді мейлінше бойына сіңіріп өсер еді.
Шайыр мұрасын зерттеуші Әбідсаттар Сәдуақасұлы өлең құрылысы туралы: «Жеті, сегіз буынды төкпе әдісті қолданып, жазған ширатпа шумақтарын оқығанда, өзі айтқандай, пейіштен шыққан шербеттің дәмін татқандай боласың. Ақынның шынайы шеберлігінен шыққан шумақтарының кез келген бір-екі жолын алып, «мынау – мақал, мынау – мәтел, мынау – шешендік сөздің шыңы!» деп, сөз сұрағандарға ұялмай үлестіріп бере беруге болатындай», – дейді. Қандай орынды сөз?!
Өзі өмір сүрген кезеңде сөзімен абыройы алысқа жеткен Нұртуған Кенжеғұлұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Кете Жүсіп, Базар Оңдасұлы, Шораяқтың Омары сынды Сыр сүлейлері көшінің алдыңғы сапында тұратын кейіпкердің шығармашылығы туралы әлі де ізденіс, зерттеуді арттырсақ, қазақ сөз өнерінің алтын кені одан әрі молая түсері анық. Солардың бірегейі Нұртуған ақынның Ерімбет туралы бағасына анықтама беру де, сөз қосу да артық болар еді.
...Қарасақал Ерімбет
Әзір жауап емес-ті,
Сөзі шыққан тереңнен.
Әрбір-әрбір сөзі бар,
Ақ ұндай болып еленген.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА