Аузы дуалы Ақишан
Қазалы жері өткеннен сыр шертетін, қасиеті мол өңір. Осыған орай елдегі рухани құндылықтарды халық санасына сіңіру маңызды. Соның ішінде діни және ғұрыптық орындарды атауға болады. Мұндай қасиетті жерлер ерекше тұлғалармен байланыстырылады. Соның бірі – он тоғызыншы ғасырдың аяғында Қазалы өңірінде дүниеге келген Ақмұхаммед Тоғымұлы. Ол 64 жыл өмір сүрген. Емші-шипагер, көріпкел, ауа райын болжай білетін өте білімді жан болған. Халық оны «Ақишан» деп атап, әулие ретінде құрметтеген.
Хиуадағы үлкен медреседен терең білім алған Ақмұхаммед ишан Сырдың бір саласы болған Қуаңдарияның бойынан мешіт-медресе ашып, сол өңірдің балаларын оқытқан. Ұстаздығымен қатар бір тайпа елдің ақыл-кеңес сұрайтын піріне айналған қасиетті кісі екен.
Ақишан кесенесі Лақалы елді мекенінен оңтүстікке қарай 30 шақырымдай жерде Қарасақал Ерімбет мазарының жанында орналасқан. Бұл маңайды халық “Ақишан” мекені деп атайды. Қожа Бақы ұрпағы Ақмұхаммед Тоғымұлы сол заманда қарасақал Ерімбет атанған Ерімбет Көлдейбекұлымен дос болған. Хорезмде оқып жүрген Ақмұхаммед ишанды Қарасақал Ерімбет арнайы шақыртып, Қарасақал-Әлім руларының ұйытқысымен имандылық үйін салдыртқан. ХІХ ғасырдың аяғында қаланған халықтық құрылысқа Күңбас бай 60 атанның қаражатын берсе, Арал өңірінің атақты меценаты Сайлыбек бай қомақты қаржы құйған. Сондай-ақ басқа да Әлім-Шөмен азаматтары өз үлестерін қосқан деседі.
Көнекөз қариялардың айтуынша, Ақмұхаммед ишанның ата-бабалары да пірлік дәрежесіне жеткен қасиетті де, текті кісілер қатарынан. Ерімбет шайыр Қазалы жерінде Ақишанның мешітін салуды қолға алғанда әл-ауқатты 19 адам көмек берген. Солардың ішінде шайырдың туысы Қоспан бай (Қосмамбет) мен Ғани Мұратбаевтың әкесі Мұратбай болыс ерекше көзге түскен көрінеді.
ХХ ғасырдың басында Қазан қаласынан арнайы шатырхат алынып, бұл мешіт діни жоғары мектеп болып, онда молдаларды әзірлеген.
Ақишан баба діндар болуымен қатар, философияның білгірі атанып, әдет-ғұрыпты жақсы ұстанған. Оның «Кеш туған баланың басы бесікте болмаса, есікте қалады», «Сыйласаң – пірің, сыйламасаң – бірің болам» деген сөздері халық есінде.
«Сен не, өтірік айтпайтындай Ақишанның ақтығы ма едің?» деп билер Ақмұхаммедтің шыншылдығын алға тартып, үлгі еткен. Баба халық арасына «шанышпайды», яғни шешек, обаға қарсы ем жүргізген. Ол психологиялық ауытқушылығы бар адамдарды да емдеген.
Ақмұхаммед ишанның кереметтері туралы ел аузында жүрген аңыз-әңгімелер баршылық. Соның бірі – Сыр бойында бір қарияның жалғыз ұлы, тоғыз қызы болған екен. Бірде жолаушылап келе жатқан ишан сол кісінің үйіне түседі. Жалғыз ұлдың тілеуін тілеп отырған қария қуанып, бәйгеге қосып жүрген атын сойып, қазанға салғызып, етін алдына тартып, жалғыз ұлына бата алып береді-міс. Кейін осы баладан тоғыз ұл, бір қыз дүниеге келген екен деген оқиғалар үлкендер арасында айтылып тұрады.
Ақишаннан Якуда, Ысқақ, Әбдіжәміл деген үш бала өрбіген. Якудадан тұқым жоқ. Соңғы екеуінен ұрпақ бар. Ишанның баласы Әбдіжәміл мақсым Бұхара медресесінде білім алған.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА