Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Абай қазақты неге сынады?

Абай қазақты неге сынады?

Кез келген ұлттың тағдырындағы алмағайып кезеңдерде қанша дәуір өтсе де есімі ұмытылмайтын ұлылар ғана қоғамда резонанс тудырып, рухани тұрғыдан сілкініс жасайтыны рас. Әдетте бір ғасырда біртуар тұлғаларды замандастары түсіне бермейді. Қазақты өзгерткісі келіп, көңілді пәс қылар парасатсыздық пен пайдасыз қасиеттерін «мыңмен жалғыз алысып жүріп» сынаған, ащы да болса шындықтың бетіне тік қарай білген пайымның иесі – Абай. «Абай қазақты жерден алып, жерге салып сынаған. Қазақты сынамаған жері жоқ. Бірақ қазақты жанындай сүйген. Өкініштісі, Абай сынаған көп әдеттен әлі күнге арыла алмай келеміз. Қайта оның үстіне бірталай қасірет, қайғы қосылды. Біз осыдан түгел арылуымыз керек. Абайды қайта оқу керек», – дейді ғалым Мырзатай Жолдасбеков.
Еуропаның Гетесі, орыстың Пушкині, өзбектің Науаиі секілді әр ұлттың болмысын танытатын тұлғалары бар. Қазақтың төлқұжаты – Абай. Қазақ пен Абай егіз ұғым. Онда данышпан ақын өз халқын неге сынады? Ұлтының қай мінезінен жиреніп, қайсы әрекетінің бұрыстығына сөзімен сойыл соқты? Ақын шығармашылығынан сол кездегі қазақтың, қоғамның мінін бірге байқап көрейік.
– Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қоштасам керек еді. Уа, әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ, – дейді Абай.
Үшінші қара сөзінде: «Осы күнде қазақ ішінде «ісі білмес, кісі білер» деген мақал шықты. Оның мәнісі: «ісіңнің түзулігінен жетпессің, кісіңнің амалшы, айлалығынан жетерсің» деген сөз. Үш жылға болыс сайланады. Әуелгі жылы «Сені біз сайламадық па?» деп елдің бұлданғандығымен күні өтеді. Екінші жылы кандидатпенен аңдысып күні өтеді. Үшінші жылы сайлауға жақындап, тағы болыс болып қаларға мүмкін болар ма екен деп күні өтеді...», – дейді. Аға, көкенің арқасында жорғадай жоғарылай беру бүгінгі қоғамдағы «жемқорлық» дертімен қосарланып жүрген жай. Статистикасын білмесек те, «ағасы бардың бағасы бар» деген заманда жақсы ісімен, елге жасаған игілігімен емес, жақсы араласатын танысымен көтеріліп жатқандарды құлақ естіп жүр. Халықта абыройлы қызметке орналасу үшін «біреуі» болуы керек деген қателікке толы түсінік қалыптасқан. Еңбегімен елге жаққандар аз емес. Дегенмен, жегі құрттай жемқорлықтың бары да рас.
Ал жиырма үшінші сөзінде: «Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш бар. Оның қуанышы: елде бір жаманды тауып, я бір адамның бұл өзі қылмаған жаманшылығы шықса, қуанады. Енді жұбанышы: жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ болады да деген сөзді жұбаныш қылады», – дейді. Мұның мәнісін әр қазақ өзінен іздесе керек. Адамның ең ұлы жауы – өзі. Өзін өзімен салыстырған ғана жеңіске жетер. Бұл тек адамға қатысты ­болуында емес. Қандай да бір кәсіп бастаған не елді басқарғандар дамудағы негізгі күш ретінде кешегі күнімен бүгінгісін салыстыруы тиіс.
Абайдың қырық екінші сөзі – бүгінгі заманның айнасы. «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының майын сұрап мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар», – дейді данышпан. Жұмыссыздық – жауапкершілігі мол мемлекеттік мәселе. Қазақстанда жұмыссыздар саны 2020 жылдың қорытындысы бойынша 8,2 мың адамға көбейді. Бір жыл ішінде жұмыссыздар санының барынша ұлғаюы орта жастағы (35-44 жас) адамдар арасында 103,8 мың адамнан 109,4 мың адамға дейін, сондай-ақ зейнеткерлік жас алдындағы (55-64 жас) адамдар арасында 49,5 мыңнан 54,9 мыңға дейін байқалған. Бұл көңіл қуантарлық жағдай емес. Кез келген елде қылмыс пен адам өлімін көбейтетін негізгі себеп те жұмыссыздық. Сол қоғамның мәселелерін бүгінгі күнмен салыстырып қарасақ, аса көп өзгеріс жоқ екенін байқаймыз.
Өтірік, өсек, еріншектік пен мал шашпақтықтың дәуірінен өтіп, талап, еңбектің есігін қағар, адамзаттың бәрін бауырым деп сүйер уақыт қашан туар екен?! «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бастамасымен кешегіге баға беріп, бүгінді сараптай бастадық. Ұлы Абайды тани түсу – өзімізді тану. Сондықтан, өзімізді танудан жалықпайық.

Дина БӨКЕБАЙ
17 шілде 2021 ж. 1 045 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 101

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930