Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Гүл сыйлаңдар әйелге

Гүл сыйлаңдар әйелге

Міне, қақаған қыс та аяқталып, күннің көзі жадырап, көктем де келіп жетті. Шуақты, шұғылалы бұл мезгілдің бірінші айы мерекелерге толы. Соның алғашқыларының бірі 8 наурыздың орны ерекше. Халықаралық әйелдер күнінде аналар мен арулар үшін гүлден артық сыйлық жоқ.
Әйтеке би кентіндегі теміржол вокзалы маңында орналасқан «Нұрай» дүкені – аудандағы гүл сататын бірден-бір орын. Мұнда хош иісті гүлдердің түр-түрі бар. Бағасы да қолжетімді. 1 түйір роза мен қызғалдақ (тюльпан) гүлі 600 теңге. Ал гүл дестелерінің бағасы 1500 теңгеден басталып, 6000 теңгеге дейін жетеді. Мұндағы ең қымбат гүлдің бірі – лилия деп аталады. Оның бір данасы 1000 теңге болса, бір букетінің құны 3000 теңгеден басталады. Сатушылардың сөзіне қарағанда осындай қымбат гүлдерге тапсырысты көбінесе, аудандағы мекеме-кәсіпорын ұжымдары береді.
Ардақты аналарымыздың мерекесі қарсаңында дүкеннің іші әдемі қаптамамен оралған гүлдерге толып тұр. Гүл сатып алушылардың да қарасы қалың. Олардың бірі гүлді анасына сатып алып жатса, енді біреулері ұжымдағы аруларға айтулы күні табыстауға саудаласып жатыр. Гүлдер әлемде гүл экспорттаудан бірінші орында тұрған Голландиядан (Нидерланды) тікелей тапсырыспен келеді. Бүгінгі таңда еліміз кез келген мемлекетпен сауда-саттық жасай алатын дәрежеге жеткені көңілге қуаныш ұялатады. Соның жемісін кәсіпкерлер анық сезініп отыр. Олай дейтін себебіміз, сонау Еуропа төрінен келетін тауарды дәл дүкеннің алдына әкеліп түсіріп береді.
Қазалыда алғашқылардың бірі болып гүл сататын дүкен ашқан Думан Нұрылланың сөзінше, гүлдерге деген тапсырыс әртүрлі болады. “Нақты мына күні көп болады деп айта алмаймын. Шүкір, дүкен гүл сатып алушылардан кенде емес. Бірақ 8 наурыз мерекесінде гүлдерді сатудан түсетін пайда 80 пайызға көбейеді”, – деді ол. Думанның гүл дүкенін ашқанына үш жылдай уақыт болған. Бұл дүкенде ол арнайы тапсырыстарды дайындап, гүл шоқтарын да сатады.
Күнделікті клиент көп болатынын білгенімізде берекелі істің көзін тапқан жігіттің тапқырлығына риза болдым. Оның үстіне ол бес бірдей жанға жұмыс көзін тауып беріп отыр. Жас кәсіпкерден мұның сырын сұрағанымызда сәл ғана жымиып, өз ойымен бөлісті.
– Оның ешқандай құпиясы жоқ. Қазіргі таңда тұтынушымен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін ойлап таппасаң, қолға алған ісің өрге домаламайды. Біз өзіміздің клиенттерімізге бір ғана жеңілдік қарастырғанбыз. Мәселен, дүкеннен 4000 теңгеге сауда жасаған адамға гүлдерді үйіне апарып береміз. Жәй ғана тарту ете салмаймыз. Барынша туған күн иесі мен оның жақын-жуықтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында гүлді ойыншық панда киімін киген біздің жігіттер табыстайды. Сол кездегі туған күн иелерінің бал-бұл жанған жүздері мен күлімдеген көздерін көргенде өзіміз де ерекше бір сезімге бөленеміз. Біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі – адамдарға қуаныш сыйлап, бақытқа бөлеу, – дейді гүл сатушы Думан.
Жас та болса кәсіпкерліктің қыр-сырын еркін меңгерген Думан Болатбекұлы бір ғана гүл сатумен шектеліп қалмауды ойластырған. Қазіргі таңда «Энергомера» сауда үйінен «Нұрай» балалар әлемі» орталығын да ашқан. Онда жаңа туған сәбиден мектеп жасындағы балаларға арналған киімдер сатылады. Сондай-ақ, жақында «Газель» автокөлігін сатып алып, кентішілік маршрутқа қосып қойған. Ол әр жұма сайын тұрғындарды тегін тасымалдайды.
Осылайша мереке қарсаңында гүл саудасы қызып тұр. Әркім оны талғамына қарай таңдап жатыр. Ал, гүл сыйлаудың да сыры барын айтқан мамандар адал жарға ақ түсті бақыт гүлін сыйға тартып, үлкен жастағы ана-әжелерге ақшаны текке рәсуа етпейтін үй гүлдерін алғанды жөн санайды. Талғамға талас жоқ. Бірақ, қалай болғанда жылына бір келетін мерекеде бір шоқ гүлін сатып алып, анаңызға немесе қарындасыңызға сыйға тартсаңыз қуанып қалары анық.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ.





07 наурыз 2018 ж. 3 606 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 87

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930