Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Құрбан айт – ұлық мейрам

Құрбан айт – ұлық мейрам

Мейірімді, рахымды Алланың атымен ­бастаймын. Құрбан деген сөздің мағынасы жақындық. Сондықтан құрбан айт күндерінде Алла Тағалаға жақындық үшін белгілі малдан «Құрбан» шалу уәжіп болған. Құрбан шалуды өтеу уәжіп болу үшін мұсылман, азат, мұқим болу, сондай-ақ шариғат бойынша бай саналатын жағдайға ие болу шарт.

Бұл үш күн қатарынан тойланатын ұлық Айт кезінде әлемдегі мұсылман қауымы Алланың ақ жолына бағыштап, құрбандық шалады, ата-бабалар әруақтарына Құран оқытады, бір-біріне ізгі тілектер тілейді.
Қысқаша құрбанды шалу тарихынан
Аллаһтың (Субханаһи уа тағала) ұлық болған қасиетті мерекесінде істейтұғын құлшылығымыз, яғни құрбандық шалу турасындағы бұйрық Ибраһимге (ғ.с) келген екен. Ибраһим Пайғамбар – Құран кәрімде жазылған 25 пайғамбардың бірі. Қасиетті Құран кәрімде: «Аллаһтың Пайғамбарларының бәрі мұсылмандар» дейді. Ішіндегі атағы көп шыққаны – Ибраһим Пайғамбар. Ибраһим (ғ.с Исхақ және Исмағылдың әкесі. Исхақтан еврейлер, ал Исмағылдан арабтар тарайды. Түсінде Аллаһ Тағалаға баласы Исмағұлды құрбандыққа шалуға әмір етті.
Ибраһим (ғ.с)ұлы Исмағылға (ғ.с) «Ей ұлым, мен сені бауыздап құрбандыққа шалатын түс көрдім. Ойлан, сонан соң пікіріңді айт» – дейді.
– Әй, әке – дейді ұлы. – Өзіңе не бұйырылса, соны істе. Аллаһ Тағала бұйырып тұрса, мен қарсы болмаймын.
Екеуі Аллаһ Тағаланың бұйрығына мойынсұнады. Ибраһим (ғ.с) ұлы Исмағылды бауыздағанда пышағы өтпейді, таңғалады. Сол кезде Аллаһ Әбілдің көк қошқарын жерге түсіреді. Ибраһим (ғ.с.) дереу пышағын алып, қошқарды құрбандыққа шалады.
Әке мен баланың адал ниетіне орай Аллаһ малды өзі түсіреді. Бұл турасында Саффат сүресінің 101-109 аяттарында айтылған. Осы күннен бастап мұсылмандар әр жылы осы оқиғаны еске алып, атап өтіп, құрбан шалатын болды. Құрбандық малдың жол-жоралғысы әрбір мұсылманның ниетіне, жағдайына қарай жасалады. Құрбандық малдың адал болуы және семіз болуы шарт. Пайғамбарымыздың (ғ.с.) хадисінде «Құрбандықтарыңды таңдап, семізінен сойыңдар, сират көпірінде сол малға мініп өтесіңдер» делінген.
Құрбандыққа жарамайтын малдар: Бір көзі немесе екі көзі соқыр, ақсақ соятын жерге бара алмайтын нашар, құлағы мен құйрығы туғанда жоқ болса, құлағының жартысынан көбірек кесілген болса; тісінің көбі жоқ болса, емшектерінің басы түскен болса. Ал құрбандыққа жарайтын малдар: қой бір жасын толтыру керек немесе бір жасындағыдай семіз, сегіз-тоғыз айлық болса бұл бір кісіге жарайды.
Ешкі бір жасын толтыру шарт, бір кісіге болады. Сиыр екі жасын толтыруы тиіс, бұл жеті кісіге дейін болады. Тауық, үйрек, қаз, қоян сияқты жануарларды құрбандыққа шалуға болмайды. «Құрбандықтың уақыты айт күннің таңында басталады, содан айттың үшінші күні мен кеш батарға дейін жалғасады. «Яғни мешіті бар қалалық жерлерде мешіттерде айт намаздары оқылу бойынша шалған дұрыс. Өйткені Пайғамбарымыз (ғ.с) айтты: «Кім айт намазынан бұрын мал шалса,оның орнына қайта мал шалсын. Ал кім намаздан соң мал шалса,оның құрбандығы қабыл болды және ол мұсылмандардың сүндетіне дөп келді» – деген.
Құрбан шалудың тәртібі малды жақсы бауыздай білсе, құрбан иесі өзі шалғаны мұстахаб болады.Егер ол қолынан келмесе білетін біреуге шалдырса да болады.Алайда өзі басында тұруы қажет. Өйткені Фатимайы Заһарға Пайғамбарымыз (ғ.с): «Тұр, құрбандығыңа бар, көріп тұр. Оның алғашқы тамған қанымен сенің барлық күнәң кешіріледі» – дейді. «һидая шархы», 50 бет.
Құрбандық күндіз шалынғаны мұстахаб, себепсіз түнде шалу мәкруһ болады. Құрбан шалу шамасы келетін әрбір мұсылманға уәжіп және оның жол сапарда болмауы шарт.
Құрбан малды бауыздау шарттары құрбанға шалынатын малдың бауыздаулығы құбылаға қаратылады. Арнаулы дұға оқылады. Үш мәрте тәкбир айтылады. Былайша ниет етіледі. «Иә, Раббым! Бұл пенденің саған қарсы келіп, қателік жасаған кезі болса, назалы да наразы сөзі болса, соның бәрін кешіре гөр, мына өзімнің ақ адал малымды шалғалы тұрмын. Қабыл ала гөр, Раббым» Бисмиллаһи Аллаһу Акбәр! Құрбандыққа шалған малды бауыздап болған соң екі ракағат нәпіл намазын оқу керек. 
Құрбанға шалынған малдың еті үшке бөлінеді, бір бөлігі үй ішінің нәпақасы, екінші бөлігі дос-жарандар, меймандар зияпатына, үшіншісі пақыр, мұқтаждарға садақа үшін беріледі. Сойылған малдың терісін жоқ-жетікке садақа ету немесе сатылған ақшасын садақа еткен дұрыс. Шалынған малдың барлық етін таратып беруге де болады. Биыл аудан, қала, кент және ауыл мешіттерінде елдегі карантинге байланысты құрбан айт намазы оқылмайды. Құрбан шалушылар шілде айының 31-ші жұлдызында таңертеңгі сағат жергілікті уақытпен 7:00-ден 30 минут өткенде құрбандықтарын шала беруге болады. Құрбан айт үш күнге созылады, тамыз айының 2-ші жұлдызындағы Аср намазының уақытына дейін мал шалына береді. 
Тағы бір ескертетін жағдай
Аудан көлемінде тұратын құрбандыққа шалатын малдарын мешіттерге әкеліп шалдыратын бауырларымыз баршылық. Алла Тағала оларға разы болғай демекпіз. Ертемен келіп мешіт ауласында отырып алып менің тұрмысым төмен құрбандықтан ет беріңдер дейтіндердің саны баршылық. Менің бөлек тұратын жұмыссыз балам немесе қыздарым бар. Соларға да ет беріңіздер деп имандылық үйінің ауласында айқай-шу шығаратындар да жетіп артылатынын көріп жүрміз. Бұл жөнінде тиісті орындардан зерттелген түрде берілетін тізім бар. Сол бойынша құрбандық еті таратылады. Екі, үш мешіттен барып ет алатын бауырларымыз да баршылық. Сондықтан мешіт тарапынан топ құрылғанын ескертеміз. Ол отбасыға құрбандық еті шариғи тұрғыда беруге лайық деп табылса ғана тапсырылады. Ұлық мейрам Құрбан айттарыңыз, құрбандықтарыңыз, ниеттеріңіз қабыл болсын, мұсылман бауырлар!
Берік СҮЛЕЙМЕНОВ,
аудандық «Жанқожа батыр» мешітінің
бас имамы

29 шілде 2020 ж. 1 546 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 30

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930