Құрбан айт
Мейірімді, рахымды Алланың атыменен бастаймын. Айт-араб тілінде «Мейрам» деген мағынаны білдіреді. Айт намазын оқудың уәжіптігі Құран мен сүннетте айтылған.
Біріншісі – Рамазан айты, екіншісі – Құрбан айт. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) екі айт намазын оқығаны жайлы хабар бұлтартпас, анық жолмен бізге жеткен. Жұма намазы парыз болғандарға осы екі айт намаздары да – уәжіп. Айт намаздарында құтпан намаздан соң оқылады. Бұлай оқылуы – сүннет.
Айт намаздарының алғашқы уақыты – күннің көкжиектен найза бойындай көтерілгендегі уақыт. Ол бесін намазы кіргенге дейін жалғасады. Айт намазы – екі рәкат. Жамағатпен жария түрде оқылады. Азан мен қамат оқылмайды.
Имам: «Екі рәкат құрбан айт намазына ниет еттім», – деп ниет етеді.
Жамағат: «Екі рәкат айт намазына ниет еттім, ұйыдым имамға», – деп ниет етеді.
Құрбан айттың алғашқы күні
Құрбан айт – үлкен мереке. Хадистерде жылдың ең қадірлі күні Құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында: «Алла Тағала үшін күндердің ішіндегі ең абзалы – Құрбан айттың бірінші және екінші күні» – деген. Құрбан айттың бірінші күнінің артықшылығы мен ерекшелігі. Сол күні Алла Тағаланың разылығына бөленуге сеп болатын ең маңызды амалдың істелетіндігінде.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) «Алла үшін (құрбандық ретінде) қан шығарудан ұнамды іс жоқ. Және ол (құрбан) қиямет күні алдыңнан шығады», – десе, тағы бірде:
«Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбан шалудан) артық амал арқылы Алла Тағалаға жақын болған емес. Құрбандық ретінде шалған малы қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді.
Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандықтарыңды шалыңдар», – деп құрбандық шалудың қаншалықты сауапты іс екенін шегелеп айтқан.
Құрбан айт мерекесін қалай атап өтеміз?
Жақсылап ғұсыл құйылғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіссу сеуіп, мешітке айт намазына бару – мұстахаб (жақсы амалдарға жатады).
Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалып, етін тиісті адамдарға таратады.
Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын!» айтысады.
Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер табысқаны жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады.
Бұған қоса әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сияпат жасап, айт мейрамын ерекше өткізуге тырысу құптарлық іс. Айтта осындай амалдарды жасау адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншіліктері мен сыйластықтарын барынша арттырады.
Құрбандыққа мал шалу тәртібі
Құрбан шалатын адам мұсылман азат, мұқим болу, сондай-ақ шариғат бойынша бай саналатын жағдайға ие болуы шарт.
Бұл үш күн қатарынан тойланатын Ұлық Айт кезінде, әлемдегі мұсылман қауымы Алланың ақ жолына бағыштап құрбандық шалады, ата-бабаларының әруақтарына Құран оқытады, бір-бірлеріне ізгі тілектер тілейді.
Құрбандық малдың жол-жоралғысы әрбір мұсылманның ниетіне, жағдайына қарай жасалады. Малдың адал және семіз болуы шарт. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде «Құрбандықтарыңды таңдап, семізінен сойыңдар, сират көпірінде сол малға мініп өтесіңдер» – делінген.
Құрбандыққа – қой бір жасын толтыруы керек немесе бір жасындағыдай семіз, сегіз-тоғыз айлық болса бір кісіге жарайды. Ешкі бір жасын толтыруы шарт, бір кісіге болады. Сиыр екі жасын толтыруы шарт, бұл жеті кісіге дейін жарайды. Түйе бес жасын толтыруы шарт, жеті кісіге дейін жарайды.
Ал бір немесе екі көзі соқыр, ақсақ, арық, құлағы мен құйрығы туғанда жоқ болса, құлағының жартысынан көбірегі кесілген болса, тісінің жартысы жоқ, емшектерінің басы түскен болса және тауық, үйрек, қаз, қоян сияқты жануарларды құрбандыққа шалуға болмайды.
Құрбандықтың уақыты айт күнінің таңында басталады, содан айттың үшінші күні күн батарға дейін жалғасады. Яғни, мешіті бар жерлерде айт намаздары оқылуы бойына құрбандықты шалған дұрыс.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім айт намазынан бұрын мал шалса, оның орнына қайтадан мал шалсын. Ал кім намаздан соң мал шалса, оның құрбандығы қабыл болды және ол мұсылмандардың сүннетіне дөп келеді», – деген.
Малды жақсы бауыздай білсе, құрбандықты иесі өзі шалғаны мұстахаб болады. Егер қолынан келмесе білетін біреуге шалдырсын. Алайда құрбандық иесі басында тұруы қажет.
Құрбандықты күндіз шалғаны мұстахаб, ал себепсіз түнде шалу мәкруһ болады. Құрбандық шалуға шамасы келетін әрбір мұсылманға уәжіп және оның жол сапарда болмауы шарт.
Құрбандыққа шалатын мал құбылаға қаратылып арнаулы дұға оқылады. Үш мәрте тәкбир айтылады.
Былайша ниет етіледі: «Иә, Раббым! Бұл пенденің саған қарсы келіп, қателік жасаған кезі болса, назалы да наразы сөзі болса, соның бәрін кешіре гөр. Өзімнің мына ақ адал малымды құрбандыққа шалғалы тұрмын. Қабыл ала гөр Раббым». Бисмиллаһи Аллаһу Акбар! Құрбандыққа шалған малды баузыдап болған соң екі рәкағат нәпіл намазын оқу керек.
Құрбанға шалынған малдың еті үшке бөлінеді, бір бөлігі үй ішінің напақасы, екінші бөлігі дос-жарандар, меймандар зияпатына, үшіншісі пақыр, мұқтаждарға садақа үшін беріледі. Бәрін таратса да болады. Сойылған малдың терісін жоқ-жітікке садақа ету немесе сатылған ақшасын садақа еткен дұрыс.
Мұсылман бауырлар!
Аудандық, кенттік, қалалық және ауылдық мешіттерде 2019 жылдың 11 тамызы күні таңертеңгі сағат 7:00-де айт намазы (Құрбан айт намазы) оқылады. Осы күнгі таңертеңгі сағат 7:30-да құрбандық малы шалынады.
Ұлық мейрам – Құрбан айттарыңыз, ниеттеріңіз қабыл болсын, мұсылман бауырлар!
Берік қажы СҮЛЕЙМЕНОВ,
аудандық орталық «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы