Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Айттарыңыз мүбарак болсын!

Айттарыңыз мүбарак болсын!

Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын. Құрбан деген сөздің мағынасы жақындық. Сондықтан құрбан айт күндерінде Алла Тағалаға жақындық үшін белгілі малдан «құрбан» шалу уәжіп болған. Құрбан шалу уәжіп болу үшін мұсылман, азат, мұқим болу, сондай-ақ шариғат бойынша бай саналатын жағдайға ие болу шарт. Бұл үш күн қатарынан тойланатын ұлық айт кезінде әлемдегі мұсылман қауымы Алланың ақ жолына бағыштап, құрбандық шалады, ата-бабаларының әруақтарына Құран оқытады, бір-біріне ізгі тілектер тілейді.
Алланың (Субханаһи уа тағала) ұлық болған қасиетті мерейінің бірі – құрбан айт. Негізінде құрбан айт мерекесінде істейтұғын құлшылығымыз, яғни құрбандық шалу турасындағы бұйрық Ибраһимге (ғ.с.) келген екен.
Ибраһим Пайғамбар – Құран Кәрімде жазылған 25 Пайғамбардың бірі. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Пайғамбар­ларының бәрі мұсылмандар дейді. Ішіндегі атағы көп шыққаны Ибраһим Пайғамбар. Ибраһим (ғ.с.) – Исхақ және Исмағылдың әкесі. Исхақтан еврейлер тарайды. Ал Исмағылдан арабтар тарайды. Бір күні Ибраһим (ғ.с.) түс көреді. Түсінде Алла Тағала баласы Исмағылды құрбандыққа шалуға әмір етті.
Ибраһим (ғ.с.) ұлы Исмағылға (ғ.с.) «Ей ұлым, мен сені бауыздап құрбандыққа шалатын түс көрдім. Ойлан, сонан соң пікіріңді айт», – дейді.
– Әй, әке – деді ұлы. – Өзіңе не бұйырылса, соны істе. Алла Тағала бұйырып тұрса, мен қарсы болмаймын.
Екеуі Алла Тағаланың бұйрығына мойын ұсынады. Ибраһим (ғ.с.) ұлы Исмағылды бауыздағанда пышағы өтпейді, таңқалады. Сол кезде Алла Әбілдің көк қошқарын жерге түсіреді. Ибраһим (ғ.с.) дереу пышағын алып, қошқарды құрбандыққа шалады.
Әке мен баланың адал ниетіне орай Алла малды өзі түсірді. Бұл турасында Саффат сүресінің 101-109 аяттарында айтылған. Осы күннен бастап мұсылмандар әр жылы осы оқиғаны еске алып, атап өтіп, құрбан шалатын болды.
Құрбандық малдың жол-жоралғысы әрбір мұсылманның ниетіне, жағдайына қарай жасалады. Құрбандық малдың адал болуы және семіз болуы шарт. Пайғамбарымыздың (ғ.с.) хадисінде: «Құрбандықтарыңды таңдап, семізінен сойыңдар, сират көпірінде сол малға мініп өтесіңдер» – делінген.
Құрбандыққа жарамайтын малдар бір көзі немесе екі көзі соқыр, ақсақ, соятын жерге бара алмайтын нашар, құлағы мен құйрығы туғанда жоқ болса, құлағының жартысынан көбірек кесілген болса; тісінің көбі жоқ болса, емшектерінің басы түскен болса.
Ал, құрбандыққа жарайтын малдар қой бір жасын толтыру керек немесе бір жасындағыдай семіз, сегіз, тоғыз айлық болса, бұл бір кісіге жарайды.
Ешкі бір жасын толтыруы шарт, бір кісіге болады. Сиыр екі жасын толтыруы шарт, бұл жеті кісіге дейін болады. Түйе бес жасын толтыруы шарт, бұл жеті кісіге дейін болады.
Тауық, үйрек, қаз, қоян сияқты жануарларды құрбандыққа шалуға болмайды.
«Құрбандықтың уақыты айт күнінің таңында басталады, содан айттың үшінші күні мен күн батарға дейін жалғасады. «Яғни, мешіті бар қалалық жерлерде мешіттерде айт намаздары оқылу бойынша шалған дұрыс. Өйткені, Пайғамбарымыз (ғ.с.) айтты: «Кім айт намазынан бұрын мал шалса, оның орнына қайта мал шалсын. Ал кім намаздан соң мал шалса, оның құрбандығы қабыл болды және ол мұсылмандардың сүндетіне дөп келді», – деген.
Құрбан шалудың тәртібі малды жақсы бауыздай білсе, құрбан иесі өзі шалғаны мұстахаб болады. Егер ол қолынан келмесе, білетін біреуге шалдырса да болады. Алайда өзі басында тұруы қажет. Өйткені, Фатимай Заһарға Пайғамбарымыз (ғ.с.): «Тұр, құрбандығыңа бар, көріп тұр. Оның алғашқы тамған қанымен сенің барлық күнәң кешіріледі» – дейді. («һидая шархы», - 50 бет.)
Құрбандық күндіз шалынғаны мұстахаб, себепсіз түнде шалу мәкруһ болады. Құрбан шалу шамасы келетін әрбір мұсылманға уәжіп және оның жол сапарда болмауы шарт.
Құрбан малды бауыздау шарттары құрбанға шалынатын малдың бауыздаулығы құбылаға қаратылады.
Арнаулы дұға оқылады. Үш мәрте тәкбир айтылады.
Былайша ниет етіледі. «Иә, Раббым! Бұл пенденің саған қарсы келіп, қателік жасаған кезі болса, назалы да наразы сөзі болса, соның бәрін кешіре гөр, мына өзімнің ақ адал малымды шалғалы тұрмын. Қабыл ала гөр, Раббым». Бисмиллаһи Аллаһу Акбәр!
Құрбандыққа шалған малды бауыздап болған соң екі ракағат нәпіл намазын оқу керек.
Құрбанға шалынған малдың еті үшке бөлінеді, бір бөлігі үй ішінің нәпақасы, екінші бөлігі дос-жарандар, меймандар зияпатына, үшінші пақыр, мұқтаждарға садақа үшін беріледі. Сойылған малдың терісін жоқ-жітікке садақа ету немесе сатылған ақшасын садақа еткен дұрыс.
Аудан көлеміндегі аудан, қала, кент және ауыл мешіттерінде осы жылдың тамыз айының 21-ші жұлдызында таңертеңгі сағат 8:00-де айт намазы (Құрбан айт намазы) оқылады.
Айт намазынан кейін (Құрбан айт намазы) құрбандық шалына береді.
Тағы бір ескеретін жағдай
Аудан көлемінде тұратын құрбандыққа шалатын малдарын мешіттерге әкеліп шалдыратын бауырларамыз баршылық. Алла Тағала оларға разы болғай демекпіз.
Ертемен келіп мешіт ауласында отырып алып, «менің тұрмысым төмен, құрбандықтан ет беріңдер» дейтіндердің саны баршылық.
«Менің бөлек тұратын жұмыссыз балам немесе қыздарым бар. Соларға да ет беріңіздер» деп имандылық үйінің ауласына айқай-шу шығаратындар да жетіп артылатынын да көріп жүрміз.
Бұл жөнінде тиісті орындардан, зерттелген түрде берілген тізім бар. Сол бойынша құрбандық ет таратылады. Екі, үш мешіттен барып ет алатын бауырларымыз да баршылық. Сондықтан мешіт тарапынан әдейі кімнің тұрмысының қандай жаңдайда екенін тексеретін топ та құрылғанын ескертеміз.
Ол отбасыға құрбандық еті шариғи тұрғыда беруге лайық деп табылса ғана беріледі.
Ұлық мейрам Құрбан айттарыңыз, құрбандықтарыңыз, ниеттеріңіз қабыл болсын, мұсылман бауырлар!
Қасиетті Құрбай айт мерекесі қарсаңында аудандық «Жанқожа батыр» мешітінің жанынан тұрмысы төмен жандарға жанашырлық танытып, жөндеуді қажет ететін үйлерге тиісті жұмыстарын жүргізіп, баспанасыз отбасыларға үй салып беру мақсатында «Асыл Иман Ихсан» атты қайырымдылық қоры ашылды. Қазіргі таңда бұл ізгілікті іс қолға алынып, көптеген отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етіліп, бірнеше үйге жөндеу жүргізілді. Күні кеше баспанасыз отбасыларға үй салу үшін жердің қазығы қағылды. Қолы ашық жомарт жандар осы бастамаға қолдау көрсетсе екен деймін.
«АСЫЛ ИМАН ИХСАН» ҚҚ
Халық банк ИИН: 771005302352 Карта номер: 4390883000695972
Киви кошелек: 87778449099
Берік қажы СҮЛЕЙМЕНОВ,
аудандық «Жанқожа батыр»
мешітінің бас имамы
19 тамыз 2018 ж. 2 006 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930