Ауыл өмірі айшықталған

489 беттен тұратын қомақты еңбекті қолға алғанымызда іргетасы 1928 жылдан бастау алған аудандағы Абай ауылының кешегісінен бүгінге дейінгі жүріп өткен жолынан біраз мағлұмат алдық. Колхоздың басқарма төрағалары, партия комитетінің хатшылары мен ауылдық кеңес, кәсіподақ ұйымының төрағалары, ферма меңгерушілерінен бастап басқа да мамандардың аты-жөндері мен қызмет еткен жылдары нақты көрсетілген. Ауыл орталығындағы №90 мектеп туралы дерек те тыңғылықты жинақталған. Сондай-ақ ауылдық округ жанындағы жер атауларының көпке белгісіз шежіресі де қызықты оқылады.
«Абай колхозының байырғы тұрғындары» бөлімінде елді мекеннің өркендеуіне үлес қосқан тұрғындардың өмірбаяны мен суреттері берілген. Сонымен бірге саяси қуғын-сүргінге ұшырап, Абай ауылында өмір сүрген түрік ұлты өкілдері жөнінде архивтік құжаттар бойынша мәліметтер басылған.
Кітаптың алғы сөзін жазған жазушы, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Молдахмет Қаназ: «Жинақтан өзіме таныс үлкен-кішісі бар бір топ азаматтарды кездестірдім. Біріне ұстаздық еткен, бірімен мектепте бірге оқыған, бірімен қызметтес, енді бірімен талай дәмдес болған етене таныс бейнелер. Жылдар жылжып, бұлардың да тарихқа айналғаны», – деп салиқалы пікірін ортаға салыпты.
Айтса айтқандай данагөй Абай есімімен аталатын қасиетті ауылдың тыныс-тіршілігінің бүге-шігесін терең қамтыған бұл еңбектен рухани жаңғыруға бетбұрған жұртшылықтың туған өңірге байланысты соны айғақтарға қанығары сөзсіз.
Сахи БАХИҰЛЫ