Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көк күмбезі көз тартқан

Көк күмбезі көз тартқан

Биыл Өзбекстандағы Қазақстан жылы. Осыған орай Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен, облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен облыстың әр аудандарынан жергілікті ардагерлер ұйымының жұмысына белсенді араласып жүрген ардагерлерден құралған топ Өзбекстанның тарихи орындарына Ташкент, Самарханд, Бұхара қалаларына төрт күндік саяхаттау сапарында болып қайттық.

Қызылорда қаласына дейін аудан әкімінің көмегімен жайлы да жүрдек шағын автобуспен жеттік. Тоғыз жолдың торабы түйіскен вокзал басында Қызылорда, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарынан қосылған топты облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының кеңесшісі Мақсұт Баекеев, менеджері Сандуғаш Тыныбаева қарсы алып, жол сапардың мән-жайына тоқталды. Сәт сапар тілеп, өздерінің бізбен бірге болатынын да мәлімдеді.

Сапар барысында Қызылорда қалалық жедел жәрдем фельдшері Ардақ Нұралиева мен өнерпаз жыршы-термешілер де бірге жүрді. Қызылорда қаласынан «Уфа-Ташкент» пойызына отырып Өзбекстанға бет алдық.

Ташкент қаласында туристік фирма «CANAAN TRAVEL» қызметкері қарсы алып, қонақ үйге орналастырды. Кешкі астан кейін дем алып, ертеңіне ерте тұрып таңғы тамақтан ауыз тиісімен Ташкент теміржол вокзалынан «Афросиаб» жүрдек пойызымен Самархандқа баратынымызды хабарлады.

Ташкент вокзалынан 4-5 сағаттық жолды 2 сағатта жүріп өтетін «Афросиаб» пойызының ұшақ ішіндегідей орындықтарына жайғасып, екі сағаттың ішінде Самарханд қаласына жеттік. Пойыз үстінде экскурсовод Елена Ярыгина Самарханд, Жалаңтөс батыр туралы орыс тілінде баяндаса, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры, белгілі журналист – ақын Қаршыға Есімсейітова экскурсовод қамтымай қалған жайларды ана тілімізде баяндап берді.

Пойыздан түсе сала күтіп алған туристік фирма көлігімен саяхатты бастап кеттік.

Самарханд – дүниежүзінің ежелгі қалаларының бірі. Зарафшан өзенінің көрікті жеріне орналасқан, Памир-Алтай тауларының құшағындағы қаланың салынғанына 2750 жыл болыпты. Іскендір Зұлқарнайын, Шыңғыс хан, Әмір Темірдің үлкен империясына астана болған Самарханд тарихта ерекше аты қалған қала. Орта Азияны билеген Әмір Темірдің немересі «тақтағы ғұлама» Ұлықбек билеген заманда Самарханд мәдениет пен ғылымның қайнаған ортасы болды.

Одан шығып Әмір Темір мавзолейінде болдық. Самархандтың жүрегіне айналған, ұлы қолбасшы Әмір Темірдің денесі байыз тапқан орын. Шахрух пен Мираншах, немерелері Ұлықбек пен Мұхаммед Сұлтанның және Әмір Темірдің рухани ұстазы Мир Саид Барактың мүрдесі де осы мавзолейге қоюға лайық деп табылып, осында жерленген. Шындығында, мавзолей ерекше орын екен. Сол жерде тұрып Самарханд өңірінің тарихи ұлылығымен қатар қандай Әмір, қандай патша болсаң да о дүниеге өзіңмен бірге ештеңе алып кете алмайтыныңды сезінесің.

Регистан алаңында болу бір құдірет. Алаңның үш жағынан орын алған Ұлықбек медресесі (1417-1420ж.), Шердор медресесі, (1619-1636ж.) және Тилла-Кари медресесі (1647-1660ж.) – еріксіз көз тартатын сәулет өнерінің маржандары. Әр медресе өзінше өрнектелген, көк күмбездері күн сәулесімен арайланып, жүз құбылатын зүбәржат тастармен қаланған.

Әмір Темір өзінің Үндістанға жасаған сәтті жорығынан кейін сүйікті жары Бибіханымға арнап Шығыс мешіттерінің ішіндегі ерекше құрылыс үлгісімен ең үлкен мешіт салдырған. Әмір Темір мен сүйікті жары Бибіханымды әлем жұртына танытқан мешітінде болдық. Мәрмәр тастармен оюланып өрнектелген тарихи нысанның кіреберісі мен қабырғалары ерекше көркімен көз тартады.

Ал Самарханд және әлемдік үш діннің рухын қорғаушы мавзолей – Ходжа Даниердің зиярат орнында болып, қасиетті бұлақтың дәмін таттық.

Афрасиаб қалашығынан онша қашық емес, он бір мавзолейден тұратын – он төрт ғасыр бойы салынған Шох-и Зинда мавзолейлер ансамблі өзіне тән құпиялылығымен көрген жанды еріксіз баурап алады. Әсіресе қатарласа орналасып көкке өрлеген көгілдір күмбездер әсем безендірілген әшекейлі алқаларға ұқсайды.

ХІV-ХV ғасырдағы Орта Азиядағы сәулет, ғылым және мәдениеті өркендеуінің айқын көрінісі болатын Ұлықбектің обсерваториясына бас сұғып, музейін тамашаладық.

Сол күні кешкілік Самархандтағы «Идеал» қонақ үйінде демалып, ертеңіне таңертеңгі жеңіл тамақтанудан кейін фельдшер Ардақ қызымыздың дәрігерлік бақылауынан өттік. Онан соң туристік фирманың жайлы, жүрдек автобусымен Бұхараға бет алдық. Бұхараға барар жолда Махтұм Ағзам мавзолейіне, Жалаңтөс баһадүрдің денесі жерленген орында болып, қасиетті орынға тағзым еттік. Баһадүр Жалаңтөстің өзі ұстаз тұтқан Махтум Ағзамның аяқ жағынан орын алған бейітіне бас иіп, ұстазды ұлықтаған ұлылығына куә болдық. Сол жерде экскурсовод Елена Ярыгина Жалаңтөс баһадүр 1656 жылы 80 жасында өзі пір тұтқан осы Махтұм Ағзам бейітінде жерленгенін, дарабоз қолбасшылығымен қатар, сәулет өнеріне қосқан үлесі ретінде Самархандтың орталығы Регистандағы Шердор (Арыстанды), Тилла Кари (Алтынмен апталған) медреселерін салдырғанын, олардың бүкіл әлемге әйгілі болғанын, шығыстың сәулетшілік өнерінде ерекше орын алатынын айта келіп, «Жалаңтөс баһадүрдің ұрпақтары Қызылорда облысы, Қазалы ауданында тұрады», – дегенде кеудемізді ерекше бір мақтаныш сезімі биледі.

Сондай ілтипатқа Әйтеке би мавзолей-музейіне барғанда да бөліндік. Сейтқұл бабасына өзінен жоғары орын берген Әйтеке бидің денесі жатқан жерге мінәжат етіп, ұлылардың ұлылығына бас иіп, бабаны қастерлеп отырған өзбек ағайындардың тірлігіне риза болдық.

Көк күмбезі алыстан көз тартқан Әл-Бұхари мавзолейіне де бас сұқтық.

Ескендір Зұлқарнайынның қорғанын сыртынан тамашалап, Нұратадағы Чашма Аюб мавзолейіндегі судан ауыз тидік. Аюб пайғамбар туралы аңызда ел аралап жүрген пайғамбар Бұхараға келген кезде Бұхара жері құрғақшылыққа тап болып, ел күйзеліске ұшыраған шақ екен. Пайғамбар Аюб асасымен түрткен жерден емдік қасиеті бар бұлақ атқылайды. Бұхара халқын құрғақшылықтан құтқарған сол бұлақ осы күнге дейін өзінің қасиетін жоймастан ағып жатыр.

Самарханд пен Бұхараның арасы біраз жер болса да саяхаттаушы қариялар мен кейуаналар сыр бермеді. Нұратадағы жанды жадыратар, рухани күш берер орындардың әсері ме автобустың ішінде ән бастаған өнерпаз інімізді қоштаған қариялар мен кейуана аналар Өзбекстан аспанына қазақ әндерін шарықтатса, ақын Қаршыға Есімсейітова осы сапар барысында жазылған, сиясы кеппеген жырын тебірене оқыды.

Уақыттың тығыздығынан Бұхараға кештетіп жетуімізге байланысты түнгі қаланы араладық. Жарықтары самаладай Бұхараның керуен сарайларын, күмбездері мен мұнаралары түнгі жарықтармен көмкерілген мешіттер мен көз тартар ғимараттары, түнгі сауда орындары мен серуендеген халқы «Мың бір түн» кітабының кейіпкерлері мен қалаларының тіршілігін еріксіз еске түсірді.

Сапарымыздың соңғы күнінде Ташкент қаласында аялдадық. Ортағасырлық архитектура мен қазіргі еуропалық сәулет өнерін қабыстырған қаланың пайда болғанына 2200 жыл толыпты. Осы уақыттар аралығында бұл қала не көрмеді дейсіз? Қанша рет есте қаларлық өрлеу заманы мен құлдыраудың куәсі болды. Ертедегі қалашықтан Орта Азияның сәулетті қаласына айналды.

Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласын аралау – діни орталық саналатын Хастии-Имам алаңынан басталды. VII ғасыр қолтаңбасы, Орта Азияның ертедегі қол жазбасы Оспанның Құранын көрдік. Хастии-Имам алаңындағы мешіт, медреселер танымал ғалым, Құран мен хадистердің білгірі, ақын, қолөнерші Хазрет Имам жерленген жерге шоғырланғанына қанығып, Хазрет Имам мешіті мен бұрын медересе болған ғимараттарды қызықтадық.

Ташкенттегі ежелгі тарихи орын саналатын – Чорсудағы қазір де халыққа қызмет жасап тұрған XVI ғасырдың ескерткіші Көкілтас медересесін тамашалаумен саяхатымызды тәмамдап, аман-сау елге бет алдық.

Өз ағамыз саналатын өзбек ағайындардың киелі орындарын көре жүріп, туыстас елде жатқан ардақтылар мен абыздарға тәу еттік. Тарихымызды саралап, рухани жаңғыруымызға зор септігін тигізген бұл сапардан туған жерге мол әсермен оралдық.
Құдайберген ЕСЕКЕЙ
17 тамыз 2019 ж. 1 363 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930