Назгүлдің үлгісі
Назгүл Әйтеке би кентіндегі №170 орта мектептің 11 сыныбын бітірген соң, Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының ағылшын-неміс бөліміне оқуға түсті. Мектеп қабырғасында ағылшын тілін оқығандықтан жоғары оқу орнында көп қиындық көрмеді.
Дипломын қолына алысымен Тасарық ауылындағы №238 орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі болды. 2012 жылдың қаңтар айынан №24 орта мектепте ағылшын тілі пәні бойынша оқушыларға дәріс беріп келеді. Назгүлдің білім беру үдерісіндегі жетістіктері жетерлік. Оның республикалық ақпараттық, ғылыми педагогикалық журналдарда ағылшын тілі пәнін өткізу туралы жазған әдістемелік мақалалары енген.
2018 жылы Қызылорда облысында өткізілген республикалық «Педагогика жанашыры» педагогикалық ғылыми журналының ұйымдастыруымен және «Қазақстан педагогтарының білімін дамыту және қолдау орталығының» ұйымдастыруымен өткізілген «Заманауи білім беру тенденциялары, болашаққа көзқарас» атты жылдық қорытынды конференцияға белсене араласқаны үшін диплом және Қазақстан педагогтарының білімін дамыту және қолдау орталығы директорының Құрмет грамотасымен марапатталды. Назгүл сабақ берген оқушылардың әр жылдардағы жетістіктері де бір төбе.
Бұл күнде ол 10 «Б» сыныбының жетекшісі, шәкірттері тәрбиелі де тәртіпті. Сынып жетекшісі бағытында да табыстары аз емес. Атап айтсақ, 2016 жылы аудандық «Мектеп – білім тірегі, Ұстаз – оның жүрегі» тақырыбында сынып жетекшілері байқауынан екінші орынды иеленді.
Назгүл өнерге де біртабан жақын. 2014 жылы аудандық мәдениет орталығының ұйымдастыруымен өткізілген «Ұлы кемеңгер – Әйтеке би» атты жазба ақындар мүшәйрасында бірінші, Жанқожа Нұрмұхамедұлының 240 жылдығына орай өткен «Ұрпаққа ұран – ерлігі» атты аудандық ақындар мүшәйрасында үшінші орын алып, 2017 жылы аудандық «Ибалы келін» сайысында бас жүлдені жеңіп алды.
Назгүл Айболатқызы ауылдың және мектеп ұжымының мақтанышына айналған үлгілі ұстаз.
Темір ҚАПАРОВ,
Бекарыстан би ауылы