Аудан мақтанышы 100 жаңа есім жобасына енді
Бірлік ауылының және ауданымыздың мақтанышы Ғалия Оспан "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Қазалы ауданының мәдениет саласының дамуына өз үлесін қосып жүрген 100 есімнің қатарына енді.
Ол 1962 жылы 1 қыркүйекте Қызылорда облысы Аранды ауылдық Кеңесіне қарасты Бірлік ауылында дүниеге келген. 1980 жылы аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып қызметке орналасқан .
1984 жылы облыстық «Жігер» жастар байқауында, күзінде Алматы қаласында республикалық «Жігер» жастар байқауында бірінші орын алып лауреат атанды.
1987 жылы Жетісай қаласындағы мәдениет ағарту училищесінің «Хор дирижерлық», 2002 жылы Шымкент қаласындағы Мәдениет университетінің «Мәдени тынығу ұйымдастырушылық» мамандықтарын бітірді.
1988 жылы «Қорқыт сазы» фольклорлық халық ансамбілінің сүйемелдеуімен Қазақ теледидарына «Ғалия Оспанова ән шырқайды» атты телефильмге түсті.
Ғалия Алматы қаласындағы республикалық эстрада студиясында Қазақстанның халық әртісі Венера Қармысованың класында оқыған.Ғалия алғашқы кезде Б.Тәжібаевтың «Ақбұлақ», халық әні «Дедімай-ау», Мария Жагөрқызының әні «Дударай» әндерімен халқымызға танымал болды.
1996 жылы «Сіздермен бірге» атты фильм концертке түсті. Қазақ радиосынан «Өнерге әркімнің таласы» атты хабарына сұхбат берді. 2009 жылы «Қазақстан» телеарнасының «Таңшолпан» және «Сен сұлу» бағдарламаларына қатысып, өнер көрсетті. Ғалияның репертуарында қазақтың халық әндері мен қатар жергілікті сазгерлердің әндері орын алған. Бірнеше халық әндерімен қатар жергілікті сазгер Н.Алғашбаевтың әндері қазақ радиосының «Алтын қорына» жазылды.
Аудандық мәдениет Үйі жанындағы «Мырза» атындағы халық оркестрінің әншісі, Ж.Тұрсынов атындағы халық театрының ойыншысы. Халық театры әзірлеген В.Вишневскийдің «Оптимистик трагедия», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» атты спектакльдерінде рольдер сомдаған.Көкшетау қаласында өткен Орта Азия республикаларының «Достық дәнекері» атты фестивальге қатысып дипломат атанды.Орынбор, Қарақалпақстан қалаларымен бірге Алматы қаласында өткен Қарқара жәрмеңкесінде өнер көрсеткен.
1991-2005 жылдар аралығында аудандық мәдениет Үйінің әдіскері болып қызмет атқарған.
2005-2007 жылдар аралығында аудандық мәдениет Үйінің директоры, 2007-2010 жылдар аралығында аудандық мәдениет Үйінің көркемдік жетекшісі, 2010-2013 жылдар аралығында «Қазалы қалалық және ауылдық мәдениет Үйлері» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының,2013-2014 жылдары «Кенттік ауылдық клубтары»мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры сондай-ақ 2014-2015 жылдың сәуір айына дайін Қазалы қаласындағы Ғ. Мұратбаев мұражайының директоры қызметтері атқарған. Қазіргі таңда 2015 жылдың мамырынан Аудандық мәдениет Орталығының көркемдік жетекшісі қызметін атқарып абыроймен атқарып келді.
Ауданымыздың мәдениет саласында көптеген жылдар бойы қызмет атқарып, өзінің еңбектерінің арқасында 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай өткізілген Бүкілодақтық көркемөнерпаздар байқауының лауреаты медалімен және Республикалық «Жігер» фестивалінің дипломанты, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінің «Құрмет» грамотасымен, облыс, аудан әкімдерінің, облыстық мәдениет басқармасының және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің алғыс хаттарымен, грамоталарымен, 2005 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдық және 2012 жылы «Мәдениет және өнер қызметкерлері күні» мерекесіне орай Ғ.Мұратбаевтың 110 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталды.
2013 жылы ҚР. Мәдениет Министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі»төс белгісімен марапатталды.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Әнім саған туған ел» атты концертімен елді мекендерде концерт берді.
Ол аудандық әйелдер Кеңесінің мүшесі. 2015 жылы ауданымызда өткен облыстық әйелдер форумында облыс әкімінің Алғыс Хатымен марапатталды Ұжым арасында өте беделді.Ол ізіне ерген өнердегі шәкірттеріне өз тәжірибесін үйретіп келеді.