Қызылорда облысы Жалағаш ауданының тумалары Туған жерлеріне тағзым етті
Бүгін Қызылорда облысы Жалағаш ауданында «Туған жерге тағзым» жалпы республикалық акциясы өтті, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев өз сөзінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында өткізіліп жатқан шараның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Жалағаш ауданынан шығып, күллі қазақ жұртына танылған, ғылымда, өнерде, мәдениет, әдебиет, спорт салаларында және саясат мінберлерінен бой көрсетіп, ел ертеңі үшін тер төгіп жүрген, бүгінде туған жеріне келіп, тағзым жасап отырған ел азаматтарына аудан жұртшылығы атынан алғысын жеткізді.
Шара аясында ауданға келген қонақтар музей экспозициясымен танысты. Сонымен бірге оқушылар үйінде жас суретшілермен, мәдениет және өнерді дамыту орталығында жеткіншектермен кездесу өтті. Сондай-ақ Мәдениет және өнерді дамыту орталығында Ә.Жүргенбаев атындағы айтыскерлер үйірмесінің тұсаукесері және «Жырлаймын сені туған жер» атты ақын-жазушылармен жүздесу ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек, осы күні Қ.Қазантаев атындағы Мәдениет үйінде аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың қатысуымен «Туған жерге тағзым» атты жалағаштықтардың кездесуі, іске асырылатын жобалар бойынша меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Республикалық акция барысында Жалағаш ауданының тумалары - Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыстық «Сыр мектебі» газетінің бас редакторы Махмұтбай Әміреұлы, Д.А.Қонаев атындағы Тау-кен институты «Минералды шикізаттарды физико-химялық әдіспен қайта өңдеу» зертханасының жетекшісі, техника ғылымдарының докторы, профессор Нариман Жалғасұлы, «Республикалық радио» ЖШС-нің бас директоры Мәди Манатбек, екі дүркін «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов сөз сөйледі.
Жалағаштықтарға ыстық ықыластарын сондай-ақ бейнеролик арқылы Алматы Заң академиясының кафедра меңгерушісі Атамұрат Шәменов, медицина ғылымдарының докторы, профессор, А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталықтың басқарма төрағасы, «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген Болатбек Баймаханов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жалағаш ауданының «Құрметті азаматы» Сәбит Иманғалиев, сазгер, айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Елена Әбдіхалықова жолдады.
Шара соңында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жүзеге асырылатын бірқатар әлеуметтік маңызды жобаларды қаржыландыру мақсатындағы меморандумға қол қойылды.
http://www.http.inform.kz