Мәдени мұралар тарихтан сыр шертеді
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында мәдениет саласында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша тарихи-мәдени нысандар зерттеліп, археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Өңірдің шығармашылық ұжымдарын тарта отырып, күй өнерін, қазақы дәстүрлі әндер мен жыраулық дәстүрді дәріптеу, тарихи қойылымдарды сахналау, музей экспозицияларын жаңарту сынды жобалар қолға алынуда.
Осы және басқа да атқарылған шаралармен өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен интернет-конференцияда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ж.Құрамысова мен облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры С.Көзейбаев таныстырды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның киелі жерлерінің картасына еліміз бойынша таңдалып алынған 100 қасиетті орындардың тізіміне облыс бойынша 12 ескерткіш енгізілді. Олардың қатарында археологиялық Сығанақ, Жанкент, Шірік Рабат, Жент қалашықтары, сәулет және қала құрылысы ескерткіштері – Қорқыт ата ескерткіш кешені, Оқшы ата, Төлегатай-Қылышты ата, Қорасан ата, Жанқожа баба, Бұқарбай батыр кесенелері, Бегім ана мұнарасы және Қызылорда қаласындағы Христос спаситель шіркеуі бар.
«Туған өлке мәдениеті, өнегелік құндылықтар» базалық бағытына енгізілген «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтары мен қорғалатын табиғат ландшафты аймақтарының шекараларын бекіту туралы» жобасы бойынша бүгінгі күнге дейін 34 ескерткіштің қорғау аймағы белгіленді.
Биыл өңірімізден шыққан көрнекті тұлғалардың, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің есімдерін ұлықтау мақсатында Қызылорда қаласында Мұстафа Шоқай ескерткіші, Ж.Нұрманов, Ә.Мүсілімов, К.Қаракөзов және Шиелі ауданында Ш.Есеновтің мүсіндері орнатылды.
Музей қорындағы құнды да көне жәдігерлер мен тарихи-мәдени жазбалардың тарихын халыққа таныстыру, насихаттау мақсатында «Бір жәдігер» жобасы «Қазақстан – Қызылорда» телеарнасымен бірлесіп, жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда әр апта сайын музей қорындағы құнды жәдігерлер, олардың тарихы «Бір жәдігер» айдары арқылы көрсетіліп отыр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында түркітілдес елдердің ұлттық музыкалық өнерін дәріптей отырып, өзара мәдени қарым-қатынасы мен байланысын нығайту, қайталанбас өнерінің озық үлгілерімен жұртшылықты таныстыру және кеңінен насихаттау мақсатында қыркүйек айының 27-29 күндері Қызылорда облысы әкімдігі мен Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы бірлесіп түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты фольклорлық - музыкалық өнер фестивалі өткізілді.
Сонымен қатар, қараша айында ақын-драматург Иран-Ғайыптың 70 жылдығына арналған «Бұ дүние ғайыбы» атты жыр кеші, композитор Ілия Жақановтың «Әнім саған, Сыр елі!» атты шығармашылық концерті болып өтті. Концертте жергілікті өнерпаздар мен қатар Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармония әншілері І.Жақановтың «Еділ мен Жайық», «Әсел», «Жайлаукөл кештері» секілді басқа да әндері орындалды. Бұл кеште І.Жақановтың Сыр еліне арнаған «Сырдария вальсі» әнінің тұсауы кесілді.
Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы облыстық мәдениет және өнер мекемелері қызметкерлерінің арасында кеңінен насихатталып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Осы Жолдаудан туындайтын басым бағыттардың бірі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Электронды архив», «Электронды кітапхана», «Виртуалды музей» ақпараттық жүйелерін қалыптастыру, жетілдіру, азаматтардың тиісті ақпараттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы іс-шаралар әзірленіп, жұмыстар атқарылуда.
Облыс өнерпаздарының республикалық, халықаралық байқау-фестивальдарға қатысу көрсеткіші де жаман емес. Осы жылдың ақпан айында Алматы қаласында өткен ҚР халық артистері К.Кенжетаев пен Ш.Бейсекова атындағы халықаралық әншілер байқауының «Академиялық ән салу» номинациясы бойынша филармония әншісі Дархан Жамантаев ІІ орынды иеленді. Ресей елінің Санкт-Петербург қаласында 26-31 мамыр арлалығында өткен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Шаг навстречу» халықаралық балалар шығармашылығы фестиваліне есту қабілеті төмен 4 бала қатысып, жүлделі I орынды иеленді. Алматы қаласында 27 мамыр - 3 маусым аралығында өткен «Бозторғай» халықаралық балалар шығармашылығы конкурсында «Ән» жанры бойынша Қызылорда қаласынан С.Әбдіқали III орынды, А.Берік I орынды иеленсе, «Халықтық орындау» жанры бойынша Қызылорда қаласынан М.Жалғасбай I орынды, М.Көшербай II орынды, Арал ауданынан Б.Орынбасар I орынды, Қызылорда қаласы «Атамұра» ансамблі III орынды иеленсе, «Би» жанры бойынша Шиелі ауданының «Жас дәурен» би тобы дипломант атанды.
Қарағанды қаласында өткен Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған «Ордалы сөздің иесі – Қазыбек би» атты жыршы-термешілердің конкурсында Майра Сәрсенбаева бас жүлдені қанжығасына байлады. Жыршы-термеші Мұхамедәлі Бекпейісов «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Бейбітшілік әлемі» халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігінің «Нартай Бекежанов» медалімен марапатталды.
Интернет-конференция барысында осы сынды ойлар әңгіме арқауына айналып, рухани жаңғыруға негіз болатын жұмыстар алдағы күнде де жалғаса беретіні айтылды.
http://syrboyi.kz