Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Музей – тарих, музей – тағылым

Музей – тарих, музей – тағылым

Қазалы қалалық мәдениет үйінде Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің елу жылдық мерей­тойы аталып өтті. Шара облыстық және аудандық қолөнер шеберлерінің көрмесімен танысудан басталды.
Бұдан соң «Рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы музей­лердің рөлі» тақырыбындағы республикалық ғылыми-танымдық конференция болды.
Қалалық мәдениет үйінің фойесінде орналасқан қолөнер шеберлерінің көрме­сінде Жаңа­қорған, Шиелі, Арал аудандары мен Қазалы ауданынан «Жас прожект» жобасы бойынша жеңімпаз атанып, жұмысын бастаған «Мархаббат» қолөнер шеберлері орталығының бұйым­­дары қойылды. Көрмеге кел­­ген көпшілік ағаштан ойылып жасалынған қобыз, домбыра, бесік, санамақ секілді мүсіндер мен ұлттық нақышта тігілген киіз үй жабдықтарын, құрақ көрпе, жастық, төсеніш­терді тамашалады.
Шеберлер қолынан шыққан әр бұйымның терең мағынасы, айтар сыры бар. Бірінен бірі өткен жауһар дүниелерді жа­сау­шылардың бірі – аралдық Шайхы-Ислам Мағауияұлы. Ол алты жасынан бастап саз бал­шықтан төрт түлік мүсі­нін жасайды екен. Белгілі қол­өнер шебері Құдайберген Құлманбет­овті ұстазы санайтын ағаш шебері Шайхы-Ислам Қазалы аудандық өлкетану мұражайына өзі жасаған сауытты сыйға тартқан. Салмағы жеті келі болатын сауыт 18 мың сақинадан тұрады. Шебер оны 18 күн бойы тоқыған. Шиеліден келген Қаныкүл Беденқұлова киіз үй жабдықтарының хас шебері. Оның қолынан шыққан басқұр, алаша, шашақ бау, уық бау, түкті кілем, тақыр кілем бүгінгі көрменің көркін аша түсті. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ Қаныкүл Лекер­қызы анасынан тоқыма тоқудың қыр-сырын меңгеріп, жіп иірудің жөн-жосығын үйренген. Қазір зейнет жасындағы әже қол қусырып қарап отырған жоқ. Қазақтың ұлттық қолөнерін жандандырып, салт-дәстүрін кеңінен насихаттап жүр.
Музейдің мерейтойына алыс-жақыннан жиналған қонақ­­­тар мен қала тұрғындары көр­­меден кейін «Рухани жаң­ғыру бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы музейлердің рөлі» тақырыбындағы рес­пу­бликалық ғылыми-танымдық конференцияға қатысты. Онда аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов құт­тықтау сөз сөйлеп, конфе­ренцияның сәтті өтуіне тілек­тестігін білдірді.
Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің директоры Роза Асанова:
«Музей – ғылым мен білімнің, өркениет пен тарихтың алтын ордасы. Өткеніміз бен болашағымызды байланыстыратын алтын көпір. Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі 1968 жылы 7 қарашада ашылды. Музей ғимаратына Қазалы қалалық бірінші сайланған еңбекшілер депутаттарының кеңсесі болған үй берілді. Бұл ғимарат облыстық дәрежедегі тарихи-мәдени ескерткіштер қатарында. Ауданда музей ашуды қолдаған, сол кездегі Қазалы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Теңел Жұмабаевтың еңбегі зор. Ғанидың тікелей зерттеушісі Сейілхан Асқаровтан материалдар алу арқылы музейдің іргетасы қаланған. Бұл кісілердің еңбегін айтпай кетуге болмас», – дей келе, музейді басқарған директорлардың еңбегіне тоқталды.
Роза Шорақызы өзге басшылар секілді 2015 жылы музейге келген сәттен бастап материалдық-техникалық базасын жетілдіруге, тың экспонаттармен толықтырылуына, мәдени-көпшілік шаралардың өз дәрежесінде өтуіне үлесін қосып келеді. Атап айтар болсақ, Ғани Мұратбаев атындағы облыстық сыйлықтың алғашқы иегерлерінің «Ғани. Тарих. Жас­тар» атты кездесуі ұйымдастырылды. Музей қызметкерлерінің құрастыруымен «Ғанидың қазалылық ізбасарлары» атты жинақ жарыққа шықты. Жас ұрпақты Ғани рухымен тәрбиелеу мақсатында музей жанынан «Жас ғанитанушылар» үйірмесі және үш буын өкілдерінен құралған «Өнеге» бірлестігі құрылды.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында батыс өңірдегі музейлермен байланыс орнап, Ақтөбе өңіріне Ғани мұралары, Батыстың жаужүрек қызы Әлияның және өлке тарихына байланысты экспонаттары Қазалы жұртшылығына көрсетілді.
Музей осы жылы Қазақстан Республикалық Тұлғалық музейлер қауымдастығы республикалық қоғамдық бірлестігіне мүше болып кірді. Астана қаласындағы Ұлттық музейде өткен алғашқы құрылтайына қатысты. Ғанидың туған күніне орай дәстүрге айналған футбол жарысы мен «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты ақындар мүшәйрасы он бес жылдан бері үздіксіз өтіп келеді. Музей қоры тың экспонаттармен толықтырылып, келушілерге сапалы қызмет көрсетілуде. «Туризм саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, музей ардагері Үмітжан Садықова және Ирина Галиулина, Төлеш Сабырбай, Ақзира Сармантай, Қайрат Оразымбетовтердің еңбегі зор. Сондай-ақ, Әлібек Сералы, Алтынай Жадырасынова, Ақерке Бердібай, Мейрамкүл Жәкенова, Жанар Садық, Гүлсана Махашева, Айнұр Бөлекбай, Әдемі Аташ секілді жалынды жастар да үлкендер салған сара жолда білімдері мен тәжірбиелерін толыс­тырып келеді.
Бұдан соң тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «археология, этнология және музеология» кафедрасының профессоры Тәттігүл Қартаева өлкелік музейлерде музейлік коммуникацияны дамытудың өзекті мәселелерін ортаға салды. Тарих ғылымдарының phd докторы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев «Археология, музейфикация және консервация» тақырыбында баяндама оқып, Жанкент қалашығындағы зерттеу жұмыстарына тоқталды. Ақтөбе облысы, Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы Гүлсара Сейілова Шалқардағы музей туралы айтып, қос ұжым арасындағы әріптестік байланыстың одан әрі нығая беруіне тілектестігін жеткізді. Тараз қаласынан арнайы келген гуманитарлық ғылымдар магистрі, мемлекеттік «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық музейінің аға ғылыми қызметкері Жазира Шілдебаева «Тарихи-мәдени құндылықтарды өскелең ұрпаққа насихаттау арқылы қазақстандық бірегейлікті сақтау» тақырыбында баяндама жасады. Ал, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Сайлау Асхат «Музей ісіндегі туризмді дамыту» мәселелерін айтса, Евразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, Қызылорда қаласындағы Салахаддин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының өнертанушысы Тұрсынбек Омаров «Сырлы бояуда сақталған аққан жұлдыз» атты жұмысы арқылы Ғани Мұратбаевтың қылқаламмен, графикалық бейнелеумен және майлы бояумен белгілі суретшілер бейнелеген Ғани Мұратбаевтың портреті мен көпшілік ортадағы отырған кезі бейнеленген суреттері жөнінде тебірене жеткізді.
– Конференцияның мақсаты – музей қызметін жандандыру және халық­тың, әсіресе жастардың музейге деген қызығушылығын арттыру. Елбасы мақаласында баяндалған ұлттық сананы жаңғырту, ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизм, білім мен бәсеке, руханиятты қайта түлету, біртіндеп латын әліпбиіне көшу, «Туған жер» бағдарламасы сынды алға қойылған мақсатты жұмыстарды ілгерілету. Елбасы сөзімен айтқанда, «Біздің ең басты мәселеміз – Ұлттық код. Бұл мәселе негізінен жастарға арналған. Жастардың бойларына өзіміздің ұлттық болмысымызды сіңіре отырып, әлем өркениетімен сусындату. Қазақ ұғымындағы «туған жер», «кіндік қаны тамған жер» деген түсінікті жүйелеп, белгілі тарихшылар мен өлкетанушылар, этнографтар, жергілікті жердегі белсенді азаматтар бірігіп осынау бағдарлама аясында жұмыс жасау, – деген музей директоры Р.Асанова қатысушыларға алғысын білдіріп, конференцияны қорытындылады. Шара «Ғанидың қара шаңырағы» атты мерекелік бағдарламадаға ұласты. Мерейтойға келген қонақтарға аудан әкімінің Алғыс хаты тапсырылып, музей саласында қажырлы еңбек етіп, ұрпақтың ұлттық тәрбиемен сусындауына үлес қосқан бірқатар музей қызметкерлері марапатталды. Сондай-ақ, бұл күні «Мархаббат» қолөнер орталығының жас шеберлері де алғыс арқалады. Жарты ғасырлық тарихы бар музей тойына жиналғандардың қай-қайсысы да құр алақан келмей, жәдігерлер ордасына арнайы әкелген сый-сияпатын табыстады.
Бұдан соң келушілер Ғ.Мұратбаевтың ескерткішіне тағзым етіп, музей экспозициясымен танысты. Музейдің мәжіліс залында өткен «Музей – рухани тәрбие орталығы» атты дөңгелек үстелде ұтымды ой, пайымды пікірлер ортаға салынды.
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданынан келген делегация Ақтан батыр ауылындағы батыр кесенесіне тағзым етіп, №190 мектеп жанындағы «Тарихи-өлкетану» музейінің қазына-жабдықтарымен танысты.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА,
фото: Ғалымжан АЛДАМЖАРОВ

10 қараша 2018 ж. 2 381 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930