Қызылорда да қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды
Сыр өңірінде Қауышу күніне орай Халыққа қызмет көрсету орталығында облыстың танымал қолөнер шеберлері қатысқан "Қобыз үні" атты көрме ұйымдастырылды.
Шараға "Қолөнер" ұлттық нақыш орталығы, Халыққа қызмет көрсету орталығы мен "Тағылым" балаларды шығармашылық дамыту орталығы ұйытқы болды.
Көрменің "Қобыз үні" аталуы тегін емес. "Екі дүниең абат болсын, екі тойың қабат болсын" дегендейін, қадірі асқан Қауышу күнінде қазақтың киелі аспабы насиxатталып, жаңаша бір серпіліс алды. Қобыз, оның ішінде қылқобыз - тағдырлы аспап. Ресми деректерге жүгінсек, қобыз атасы 9-10-шы ғасырда өмір сүрген Қорқыт бабамыз десе, енді бір деректер бойынша ислам діні енген 7-8 -ші ғасырлармен байланыстырады. Алайда "елім,ұлтым" деген өскелең ұрпақ үшін оның шыққан тегінен мен уақытынан гөрі, біздің заманымызға аман жеткені бақыт. Қаншама ғасырдан бері жасап келе жатқан адуынды аспабымыздың уақыт өтсе де, пішіні мен сарыны аса қатты өзгеріске ұшырамағандығы таңғаларлық.
Ұлттық құндылықтарымыз дәріптелген дүбірлі шараға қатысқан шеберлер түгелдей жүлделі орындармен марапатталып, марқайып қалды. Солардың қатарында қазалылық жас қолөнер шебері Мархаббат Асанова да бар. Мархаббат "Қобыз үні" атты облыстық көрме-байқауында 2 дəрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар "Ою-өрнек-тарихи мұра" номинациясы бойынша 3 орын, "Құрақ көрпе" номинациясы бойынша 2 орын алды.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат.