Мұқаңдардың сарқыты...
Елдің жоғын, көптің мұңын естір құлаққа жеткізуші журналистің білімді болуы – парыз. Жүректілік қосымша күш берсе керек. Олар елдік мүдде үшін биліктің ресми құжаттарын халыққа ұғынықты, тігісін жатқызып, жыр жолдарымен, шешен сөзбен жеткізгені үшін мақтау дәметпесі анық. Алайда оқырман жұрттың жылы сөзіне тоқмейілситіні, марқаятыны рас. Қызығы сол, атақ қумайтын майталманды марапат өзі іздеп табатыны бар. Дәл осылай Қазалы журналистикасына ерен еңбек сіңіріп келе жатқан Жұмабек Табынбаевқа да жақында Мұқағали Мақатаев төсбелгісі бұйырды.
Облыстық «Сыр бойы», республикалық «Халық» газетінің Қазалы, Арал ауданындағы меншікті тілшісі, ауданның Құрметті азаматы Ж.Айдарбекұлының еңбек жолын жерлестері жақсы біледі. Десек те жергілікті күрмеуі қиын мәселелердің жұрт игілігіне шешілуіне біркісідей атсалысып жүрген азаматтың еңбек жолын тағы бір ойға оралтқан артық болмайды. Жанқожа батыр ауылының тумасы 1984 жылы Қызылорда политехникумын «Азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша, 2007 жылы Қызылорда гуманитарлық университетін «қазақ тілі және араб тілі» мамандығы бойынша бітірген. Шығармашылыққа жаны жақын азамат екі қолға бір күрек деп 1980-2000 жылдары бұрынғы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы кеңшарда қоймашы, аға шебер, шаруашылық ауласының меңгерушісі қызметін абыройлы атқарды. Сол тұстағы қызметі табысты болғанына қарамастан, ақынжанды Жүкең жаңа ғасырды журналист ретінде бастауды жөн көреді.
Сабақты ине сәтімен дегендей, аудандық «Қазыналы Қазалы», «Тұран-Қазалы» газеттерінде әдеби қызметкер болып екі жыл жұмыс істеді. Шығармашылық ізденісі, халықтың мұңын цензурасыз жеткізуі қызметте абыройын асырып, көп ұзамай облыстық «Сыр бойы» және республикалық «Халық» газетінің Арал, Қазалы аудандарындағы меншікті тілшісі қызметіне көтерілді. Бұдан бөлек, көпке танымал әндердің сөзін жазды. Мұнымен қатар ардақты азамат 1982 жылдан ауылдық мәдениет үйі жанындағы драма үйірмесінің белсенді мүшесі атанды. Режиссер Жәнділдә Баймұратов дайындаған «Барымташы» спектаклінде басты рөл Ф.Достоевскийдің, М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» спектаклінде Еспенбет бидің, «Қарақұм» трагедиясында комиссар Омардың, «Ақын жүрегінде» Еркіннің, Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арналған әдеби музыкалық композицияда Совет Одағының батыры Үрмәш Түктібаевтың образын сомдады. Осыдан кейін қазақтың тұңғыш режиссері Асқар Тоқпанов, атақты биші Шара Жиенқұлова, танымал өнер майталманы Бикен Римова қазылық еткен сарапшылар алқасы ауыл өнерпаздарының әртістік шеберлігін жоғары бағалап, «Халық театры» атағына ұсынды.
Көптің алғысына бөленген журналист марапат-атақтан кенде емес. Қос мәрте Қазалы ауданының «Жыл журналисі», үш рет Қызылорда облысының «Жыл журналисі» номинациясына лайық деп танылғанының өзі бұқара мен билік арасына берекелі байланыс орната білгенін аңғартса керек. Мұнымен қоса Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі.
Жақында ғана «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігі ақын Жұмабек Табынбаевтың қазақ әдебиетіне және рухани өркендеуіне сіңірген еңбегін жоғары бағалап, “М.Мақатаев” медалімен марапаттады. «Қазалы» газеті ұжымы аға-әріптесті өскелең ұрпаққа үлгілі өмір жолында абырой биігі аласармауын, шығармашылығына зор табыс тілейді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ