Жалаңтөс батыр ауылының командасы жеңімпаз атанды
Кеше Жанқожа батыр ауылдық спорт кешенінде "Қазалы" газетінің 10 жылдығына орай волейболдан ашық турнир өтті. "Қазалы Жомарт" қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен жарысқа Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Ақтан батыр, Бекарыстан би, Қожабақы, Жанқожа батыр ауылдары мен Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің командалары қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында "Қазалы" газетінің бас редакторы Есет Табынбаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев, "Сыр бойы" және "Халық" газеттерінің Арал, Қазалы аудандарындағы меншікті тілшісі Жұмабек Табынбаев, №94 мектеп директоры Алик Тілеумбетов, волейболдан аудан құрамасының аға жаттықтырушысы Марат Мамай құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарысқа қатысуға келген командалар жеребе бойынша екі топқа бөлініп, өзара кім мықтыны анықтады. Қарсыластарына қарағанда ұпайды көп жинаған Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Ақтан батыр және Қожабақы ауылының командалары жартылай финалға жолдама алды. Өзгелерге қарағанда сауатты ойын өрнегін көрсеткен Жалаңтөс батыр ауылының командасы турнир жеңімпазы атанды. Қ.Пірімов ауылы екінші орынға жайғасты. Ал, үшінші орынға Қожабақы ауылының командасы ие болды.
Турнирде үздік ойын өрнегін көрсеткен Әділет Өмірбеков "Үздік ойыншы", Әлішер Ахмет "Үздік шабуылшы", Ғазиз Тұлғабаев "Үздік байланыстырушы", Рахат Кемали "Ең жас ойыншы" номинациясына ие болып, бағалы сыйлықтар табысталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегер командалар Кубок, медаль, дипломдармен қатар, "Қазалы Жомарт" қоғамдық бірлестігінің атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ж.СОВЕТҰЛЫ